21 Қазан 2026, 23:48
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті. Тараптар бірлескен жұмыс қорытындылары мен 2026-2030 жылдарға арналған елдік бағдарламаның басты бағыттарын талқылады.
Катаржина Вавьерниа Қазақстанмен көпжылдық әріптестіктің маңыздылығын және жасыл қаржыландыруды дамытуға, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге және өңірлердің әлеуетін нығайтуға бірлескен бастамалардың қосқан үлесін атап өтті. Одан арғы жұмыстың бастыларының ішінде ол өңірлік экономикалық дамуды, жоспарлауды цифрландыруды, бизнес өнімділігін арттыруды және ауыл экономикасын әртараптандыруды атап өтті.
Жаңа елдік бағдарлама аясында БҰҰДБ экономикалық даму мен фискалдық тұрақтылыққа өңірлік тәсілді күшейтуді ұсынады. Атап айтқанда, өңірлердің кірістері мен шығыстарын талдау және жергілікті бюджеттердің кіріс базасын нығайту әдісін пысықтау жоспарлануда.
Тағы бір бағыт – өңірлік жоспарлауды цифрландыру. БҰҰДБ өңірлердің перспективалық өсу нүктелерін, инфрақұрылымдық қажеттіліктерін және инвестициялық басымдықтарын айқындау үшін геоэкономикалық модель әзірлеуді ұсынады. Сондай-ақ басқару шешімдерін қабылдау кезінде аумақтардың әлеуеті туралы деректерді пайдалануға мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды дамыту жоспарлануда.
Бағдарлама шағын және орта бизнесті қолдауды, кәсіпорындардың өнімділігі мен жұмыспен қамту сапасын арттыруды көздейді. Өңірлерде ШОБ өндірістік кластерлерін дамыту модельдерін сынақтан өткізу ұсынылады. Ауылдық жерлерде экономиканы әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді кеңейтуге және халықтың табысын арттыруға баса назар аударылады. Сонымен қатар тараптар экономиканың болашақ сұраныстарын ескере отырып, еңбек ресурстарына қажеттілікті болжауды жетілдіруді талқылады.
БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге, оның ішінде ОДМ-ны мемлекеттік жоспарлау мен бюджеттеу жүйесін интеграциялауға, өңірлік көрсеткіштерді жетілдіруге, сондай-ақ климаттық және су мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Серік Жұманғарин БҰҰДБ-мен одан арғы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның өңірлік бастамаларға және жасыл қаржыландыруды дамытуға мүдделілігін атап өтті. Тараптар сондай-ақ өңірлердің қаржы құралдарына, оның ішінде халықаралық кредиттік рейтингтер есебінен қол жеткізуін кеңейту мүмкіндігін талқылады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу