Қазақстан мен Иран көлік дәлізін, порт инфрақұрылымын және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге келісті

ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Иран Ислам Республикасы Жол және қаланы дамыту министрі Фарзане Садек бастаған делегациямен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар Иран президентінің 2025 жылғы желтоқсандағы Қазақстанға ресми сапары барысында мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықты іске асыруды, «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуды, порт инфрақұрылымын кеңейтуді, өзара сауда көлемін ұлғайтып, екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланысты жетілдіруді талқылады.

Кездесуді аша отырып, Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин Иран Қазақстанның аймақтағы маңызды сауда-экономикалық әріптесінің бірі екенін атап өтті.

«Ынтымақтастықты нығайту – мемлекет басшылары алға қойған стратегиялық міндет. 2025 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 26,4%-ға артып, $430,2 млн-ға жеткен. Бұл одан арғы дамуды, оның ішінде Өзара сауданы $3 млрд-қа жеткізу жөніндегі жол картасы шеңберіндегі және Иран мен ЕАЭО арасында қол қойылған Еркін сауда туралы келісімнің арқасындағы жоғары әлеуетті көрсетеді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Фарзане Садек өз кезегінде бұл сапардың бұрын қол жеткізілген уағдаластықты іс жүзінде орындауға, қазіргі геосаяси процесс кезінде екі ел үшін де ерекше маңызға ие болып отырған көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға арналғанын атап өтті.

Тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударды. Қазақстан мен Иран «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағытының қиылысында орналасуымен бірегей географиялық жағдайға ие болып отыр. Бұл транзиттік тасымалдың өсуі үшін едәуір әлеует.

2025 жылы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша тасымалдау көлемі 12%-ға артып, 3,5 млн тоннаға жетті. Екі ел арасындағы теміржол тасымалы 69%-ға өскен.

Серік Жұманғарин маршрут әлеуетін одан әрі арттыру үшін Көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың бірлескен жол картасын әзірлеуді ұсынды. Кешенді шараны іске асыру дәліздің өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.

Тараптар сондай-ақ Қытай, Қазақстан, Түркіменстан, Иран мен Түркия арасында қол қойылған бесжақты теміржол келісімінің, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркіменстан мен Иран арасында алдағы уақытта сауда мен транзиттің өсуіне қосымша жағдай туғызатын төртжақты тарифтік келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздердің негізгі тақырыбының бірі порт инфрақұрылымын дамыту болды. Иран тарапы Шахид Раджаи (Бендер-Аббас) портында Қазақстанға жер телімін бөлу мәселесін келісу аяқталғанын хабарлады. Қажетті рәсімнен кейін аумақ Қазақстан тарапына беріледі.

Сонымен қатар Иран Қазақстанға Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына тікелей шығуды қамтамасыз ететін Чабахар портында жұмыс істеу үшін мүмкіндік беруге дайын екенін хабарлады. Фарзане Садектің айтуынша, Захедан-Чабахар теміржол желісі құрылысының 90%-дан астамы аяқталған. Нысанды іске қосу алдағы айларға жоспарланып отыр. Желі іске қосылғаннан кейін Чабахар порты Үнді мұхитын, Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын халықаралық теміржол желісіне біріктіріледі.

Бұған жауап ретінде Қазақстан Иран тарапына Каспийдегі ирандық компаниялардың логистикалық қызметін дамыту үшін Ақтау мен Құрық порттарындағы алаңдарды, айлақтар мен терминалдарды ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықты іске асыруды тездетіп, инвестор тарту жұмысын жедел үйлестіруді қамтамасыз ету мен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды жандандыру ниетін растады.

#Логистика #Сауда-экономикалық ынтымақтастық #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық #Экономика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу