Қазақстан – Словакия форумы: екі ел бизнес өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктер ашты

Астанада Қазақстан – Словакия бизнес форумы өтті. Екі тараптан 160-тан аса бизнес өкілі қатысқан форумның берері мен маңызы туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Тимур Жайықов айтып берді.

— Қазақстан мен Словакия арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа қандай баға бересіз?

— Қазақстан үшін Словакия Орталық Еуропадағы маңызды серіктестердің бірі. Бұған – Словакия Премьер-Министрінің өзі бастап келіп отырған, екі тарап арасындағы ынтымақтастық талқыға салынған бүгінгі бизнес форум дәлел. Бүгінгі жиында 160-тан аса бизнес өкілі бас қосып, болашақ серіктестіктің мүмкіндігін талқылады.

Қазірде екі ел арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасы жақсы қарқынмен дамып келеді. Айта кетсек, 2017 жылы екі елдің сыртқы саудасы $53 млн құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда, анағұрлым жақсы көрсеткіш, 40%-ға өсімді байқауға болады. Жекелей алсақ, биылғы қаңтар-тамыз айларында еліміздің экспорт көлемі $6,2 млн болған, ал импорт $27,3 млн көрсеткен.

— Қазақстан Словакия үшін несімен тартымды?

— Ең алдымен, менің ойымша, оларды еліміздегі инвесторларға жасалған қолайлы жағдай қызықтырады. Қазақстан инвестициялық тартымдылығы бойынша қазір Орта Азия елдері арасында көш бастап тұр. Екіншісі, географиялық орналасуы жағынан ұтымды Қазақстан бір шетінен тұтыну нарығы көлемді алып елдер Қытайға, екінші жағынан Ресей нарығына шығуға мүмкіндік береді. Әрі Қазақстан кедендік шекарасы жоқ Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше ел ретінде 180 млн тұтынушысы бар нарыққа жол ашады.

— Қазіргі таңда екі елдің бірлескен кәсіпорындары қандай салаларда жұмыс істеуде?

— Бүгінгі күні Қазақстанда словакиялық 60-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл тек словакиялық немесе бірлескен кәсіпорын болуы да мүмкін. Олар экономикалық жағынан бізге де тартымды, яғни ауыл шаруашылығы, медициналық құрылғылар, машина жасау, қаржылық салада түрлі қызмет атқарады. Словакиямен негізінен еліміздің шағын және орта бизнесі жұмыс істейді. Бүгінгі бизнес біз үшін қажетті машина жасау, АӨК, медицина, фармация, ақпараттық-технологиялық телекоммуникация саласын дамытуға оң әсерін береді деп ойлаймын.

— Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа бүгінгі форумның әсері қандай болмақ?

— Әрине, бүгінгі жоғарғы деңгейде өткен кездесуде сөз болған барлық келісімдер әрі қарай іске асады. Бүгінгі тәжірибе, идеялар, қойылған міндеттер одан әрі тиісті салалық министрліктер, ұлттық компаниялармен жүзеге асатын болады. Екі елдің бизнес өкілдерінің басын қосып, қызығушылық танытқан тараптар әрі қарайғы қадамын талқылап, жоспарлаған бүгінгі шара екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты дамытуға серпін береді деп сенемін.  

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу