31 Шілде 2026, 08:16
Мемлекет басшысының электр энергетикасы саласын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі гидроэнергетика саласын дамыту жоспарын бекітті.
Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Құжат еліміздің гидроэнергетикалық әлеуетін игеруге бірыңғай ұзақмерзімді тәсілді қалыптастырады. Болашақ нысандарды дайындау кезінде су ресурстарының болуы, энергия жүйесінің қажеттіліктері, техникалық мүмкіндіктер, экологиялық шектеулер және инвестициялар тарту шарттары ескеріледі.
Жоспар алты негізгі бағыт бойынша 30 іс-шараны қамтиды. Олардың қатарында өзендердің су теңгерімі мен энергетикалық әлеуетін бағалау, жоспарланған нысандар бойынша бірыңғай деректер базасын қалыптастыру, жер учаскелерін дайындау, ГЭС пен гидроаккумуляциялау стансаларының пулын құру, сондай-ақ кадрлық және ғылыми-техникалық қамтамасыз ету мәселелері бар.
Зерттеулер қолайлы алаңдарды таңдауға, болашақ нысандардың параметрлерін айқындауға және сумен қамтамасыз ету мен қоршаған ортаға әсер етуге байланысты тәуекелдерді алдын ала ескеруге көмектеседі. Барлық ақпарат мемлекеттік органдар мен болашақ инвесторлар үшін бірыңғай дереккөзі болатын цифрлық платформада біріктіріледі.
Өндіруші қуаттарды кеңейту шеңберінде 2030 жылдың соңына дейін гидроэнергетиканың кемінде 500 МВт жаңа қуатын іске қосу көзделген. Сондай-ақ, гидроаккумуляциялық электр стансасын салу мәселелеріне назар аударылды.
Жаңа нысандарды іске қосу өңірлерді энергиямен жабдықтау сенімділігін және Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттырады. Алаңдарды таңдау кезінде су теңгерімі мен табиғатты қорғау талаптары ескеріледі, бұл қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде Қазақстан су ресурстарын зерттеуден және алаңдарды таңдаудан бастап, мамандарды даярлау мен нақты нысандарды іске қосуға дейін гидроэнергетикалық әлеуетті игерудің жүйелі негізін қалыптастырады.


Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу