Қазақстан Үкіметі Қатар халқына көңіл айтты

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің қайтыс болуына байланысты Астанадағы Қатар мемлекетінің елшілігінде ашылған көңіл айту кітабына жазба қалдырды.  

Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан және өз атынан шейхтің отбасы мен Катар халқына қайғыра көңіл айтты. Онымен бірге елшілікке Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров та келді.

Көңіл айту кітабындағы жазбада Қатар мемлекетін әлемдегі аса қарқынды дамудағы мемлекеттің біріне айналдыруда шешуші рөл атқарған дана әрі көреген мемлекет қайраткері ретіндегі шейх Хамад бен Халифа әл Танидің қажырлы еңбегі Қазақстан халқының жадында да мәңгі сақталатыны атап өтілді. Сондай-ақ оның Қазақстан-Қатар қатынасының негізін қалап, екі ел арасындағы достық байланысты жан-жақты нығайтуға ықпал еткен қолдауы екіжақты ынтымақтастық тарихында елеулі із қалдырғаны ерекше атап өтілді.

Қазақстан мен Қатар арасында 2000 жылдан бастап, ҚР Үкіметі мен Қатар мемлекеті үкіметі арасындағы келісімге сәйкес, Қазақстан – Қатар бірлескен комитеті жоғары деңгейде жұмыс істейді.  

Ұлттық экономика министрлігі 2015 жылдан бері жұмыс органы ретінде Комитет қызметін оның 4-ші отырысынан бастап, қамтамасыз етеді. Қазақстан – Қатар комитетінің тең төрағасы — Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

#Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу