01 Қараша 2023, 20:18
Қазақстанда лудоманиямен күрес бойынша бірқатар жаңа шара қабылдау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта тиісті заңнамалық түзетулер – Парламент қарауында. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжілісте өткен брифингте мәлімдеді.
Үкімет басшысы соңғы жылдары лудомания (ойынға тәуелділік) үлкен мәселеге айнала бастағанын атап өтті.
«Ажырасулардың 40%-ы осы себептен болатынын көріп отырмыз. Лудомания қазір ажырасу себептері арасында маскүнемдік пен нашақорлықтан кейін 2-ші орынға шығып отыр. Бұл үлкен проблемаға айналды», — деді Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет лудоманияға қарсы күреске бағытталған тиісті нормаларды әзірледі.
«Бірінші кезекте, бұл – букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салу. Екінші, құмар ойындарына қатысуға рұқсат беретін жас деңейін 25 жасқа дейін көтеру. Сондай-ақ борышкерлердің, алимент төлемегендердің және банктік несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалардың бірыңғай реестрінде тұрғандардың ойындарға қатысуына тыйым салу қарастырылған», — деді Премьер-Министр.
Оның сөзінше, осы және басқа да шаралар Қазақстандағы лудомания мәселесінің шешімін табуға бағытталған.
#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Брифинг«Расымен лудомания жаппай белең алып кетті. Тиісті нормаларды заңнамаға енгізу мерзіміне келетін болсақ, бұл Парламенттің қаншалықты жылдам қабылдауына байланысты. Жақын арада деп ойлаймын», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу