Қазақстанда 1,8 млн бала мен жасөспірім спортпен тұрақты айналысады

Қазақстанда 305 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамтитын 922 дене шынықтыру клубы жұмыс істейді. Бұл туралы Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру және спортпен қамтуды кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті.

Қазір Қазақстанда 1,8 млн бала мен жасөспірім спортпен тұрақты айналысады. Бұл – жалпы санының 34,6%-ы. Дене шынықтыру және спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 45%-ға жеткізу міндеті қойылған. Елімізде 922 дене шынықтыру клубы жұмыс істейді. Оларда 305 мыңнан астам бала қамтылған. 526 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 400 мыңға жуық бала спортпен шұғылданады. 16 облыстық мектеп-интернатта 6 441 тәрбиеленуші білім алуда. Сонымен қатар республикалық деңгейде 3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі және Республикалық спорт колледжі жұмыс істейді. Спорт мектептеріндегі оқу-жаттығу сабақтары жазда да жалғасады.

Балалардың каникул кезіндегі белсенді демалысын қамтамасыз ету үшін Ақмола облысындағы «Парус», Шығыс Қазақстан облысындағы «Сарыбел» және Абай облысындағы Алакөл демалыс аймақтарында сауықтыру-спорттық лагерьлер ұйымдастырылады.

«Мемлекет басшысы Жолдауында отбасылық спорттық дәстүрлерді нығайтудың маңызын атап өтті. Осы тапсырма аясында елімізде ата-аналар мен балаларға арналған спорттық және белсенді демалыс шаралары өткізіледі. Соның бірі – жазғы республикалық «Бурабай-2026» жартасқа өрмелеу фестивалі. Бұл шара еліміздің барлық өңірінен келетін отбасыларды біріктіретін маңызды алаң болады», — деді Ербол Мырзабосынов. 

Министрдің мәліметінше жазғы маусымда 6 спорт түрі бойынша ұлдар мен қыздар арасында кемінде 10 республикалық чемпионат пен турнир өткізу жоспарланған. Жарыстарға 9 бен 15 жас аралығындағы балалар қатысады. Ұлттық спорт түрлері бойынша каникул кезінде «Жас Үміт» тоғызқұмалақ халықаралық турнирі, жамбы ату, аударыспақ, асық ату, қазақ күресі және дәстүрлі садақ атудан Қазақстан чемпионаттары өтеді. Еліміздің барлық өңірінде Балаларды қорғау күні мен Спорт күніне арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Атап айтқанда, турнирлер, чемпионаттар, жүгіру жарыстары, спартакиадалар, марафондар және басқа да белсенді шаралар өткізіледі. Маңызды халықаралық жобалардың бірі – 2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында өтетін «Болашақ ойындары». Іс-шараға шамамен мың студент-ерікті қатысады. Негізгі аудитория – балалар мен жасөспірімдер. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 7 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Оларға 220 мыңнан астам бала тегін қатысады. Бағдарлама жазғы демалыс кезінде де жалғасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыстық, аудандық орталықтарда және ауылдық елді мекендерде балаларға арналған футбол алаңдарын салу жалғасуда. Бекітілген жоспарға сәйкес жергілікті бюджеттер мен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Қазірдің өзінде 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Жақын уақытта Атырау, Түркістан және Ұлытау облыстарында тағы 6 футбол алаңы ашылады. Бұл балалардың жазғы демалыста спортпен тұрақты айналысу мүмкіндігін кеңейтеді.

«Басым бағыттардың бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау. Жазғы маусымда жыл сайын 8 спорт түрі бойынша «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары өткізіледі. Атап айтқанда: асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, сурдо футбол, киберспорт, жеңіл атлетика, шоудаун және блайнд футбол. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерде инклюзивті спорт орталықтары салынып жатыр. Қазір Астана қаласында, Қызылорда, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 4 орталық ашылды. Алдағы үш жылда барлық өңірде жаңа инклюзивті орталықтар ашу жоспарланған. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балалардың спортпен айналысуына қолжетімділікті арттырады және жазғы демалысты белсенді өткізуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Оның айтуынша тағы бір маңызды бағыт – балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту және балалардың саяхаттау бастамаларын қолдау. Ішкі туризмді дамыту және отбасылардың демалыс шығындарын азайту үшін «Kids Go Free» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама аясында балалардың әуе билеттері субсидияланады. Бағдарлама басталғалы бері 7 мыңнан астам бала тегін әуе сапарын пайдаланды. Биыл шамамен 2 мың бала ел ішінде саяхат жасау мүмкіндігіне ие болады. 2026 жылға арналған оқиғалар күнтізбесі аясында жазда балалар мен жастарға арналған 20-дан астам ірі іс-шара өткізу жоспарланған.

Маусым айында Алматы облысында «NomadFest», Қарағанды облысында «Balkhash Tour Fest» және Ұлытау облысында «Көкмайса» фестивальдері өтеді. Шілде айында Астанада «Асыл Мұра» мәдени-отбасылық іс-шарасы, Жетісу облысында «Алакөл толқыны» жастар жобасы және Атырау облысында экологиялық «Лотос фестивалі» ұйымдастырылады. Тамыз айында халықаралық «Comic Con Astana» фестивалі өтеді. Сонымен қатар Алматы облысында «Байсерке аспаны» отбасылық авиациялық фестивалі және басқа да мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бұл бастамалар балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысты қызықты әрі пайдалы өткізуіне, белсенді өмір салтын ұстануына және еліміздің мәдени-туристік әлеуетін тануына мүмкіндік береді.

#Спорт #Туризм #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу