10 Қараша 2026, 12:28
Қазақстанда материалдық-техникалық базаны нығайту және азаматтық қорғау бөлімшелерінің инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Биыл еліміз бойынша 19 өрт сөндіру депосы салынды, оның 7-еуі өрт сөндіру және медициналық қызметтердің қатар жұмыс істеуін көздейтін әмбебап деполар. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов баяндады.
Министрдің сөзінше өткен жылғы талдау көрсеткендей, жылы беру кезеңінде өрттердің 55%-дан астамы тұрғын үй секторында, атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерде орын алады.
«Өрттердің негізгі себептері – электр құралдарын, пешпен жылыту жүйелерін орнату және пайдалану ережелерінің бұзылуы, сондай-ақ отты абайсыз қолдану болып саналады. Сонымен қатар өрт және газдан улану салдарынан қаза тапқандардың басым бөлігі зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыз азаматтар. Осыларды ескере келе, Министрлік мынадай іс-шараларды жүзеге асыруда. Бірінші кезекте, тұрғын үй секторында қауіп-қатердің алдын алуға бағдарланған профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Мұнда қамтылған үйлердің санына емес, өрт шығу қаупінің деңгейіне қарай жұмыстар ұйымдастырылады. Жаппай аралап қараудан ерекшелігі, өрт шығу ықтималдығы мен оның ауыр салдары айрықша назар аударуды талап ететін әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың отбасыларына арнайы бару жүзеге асырылады. Бүгінде осы санаттағы 93 мыңнан астам тұрғын үй есепке алынды. Осы жылғы тамыз айынан бастап жылу беру кезеңіне дайындық аясында пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтарын тексеру арқылы үйлерді аралап қарау жұмыстары жүргізілуде», — деді Мұрат Мұханов.
Министр анықталған жекелеген кемшіліктер сол бойда жойылатынын мәлімдеді. Сондвй-ақ түтін мұржаларын тазарту, пештер мен электрмен жабдықтау жүйелерін жөндеу жүргізіліп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі қағидалары түсіндірілуде. Әлеуметтік көмек көрсету аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, үйлерге өрт датчиктері орнатылуда. Тек тамыз айынан бері 13 мыңнан астам датчик орнатылды. Былтырдан бері жеке тұрғын үйлерді автономды түтін өрт хабарлағыштарымен жабдықтау міндетті талап ретінде енгізілген. Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлерде өрт туралы сигналды өрт бекетіне немесе мобильді телефонға жеткізетін адрестік өрт дабылы жүйесін орнату көзделген. «Азаматтық қорғау туралы» заңда қабат саны жоғары тұрғын үйлер мен адамдар жаппай жиналатын нысандарды пайдалануға қабылдау жөніндегі құзырет бекітілген. Жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы құрылыс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар ықтимал қауіп-қатерді азайтуға және тұрғын үй қорының өрт қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жылу беру кезеңінде қаза тапқандардың басым бөлігін зейнет жасындағы азаматтар құрайды. Осыған байланысты зейнеткерлердің тұрғылықты жеріндегі өрт қауіпсіздігін анықтауға және жоюға бағытталған «Ата-анаңның үйін тексер» арнайы акциясы басталды. Әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, олардың тұрғын үйлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атаулы көмек көрсетілуде. Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында жедел желі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар профилактикалық жұмысты кезең-кезеңмен цифрландыру жүргізілуде. Тұрғын үй секторындағы профилактиканың тиімділігін арттыруға бағытталған «Тұмар 112» мобильді қосымшасы әзірленді.
«Қосымша тұрғын үй секторын аралау жұмыстарын электрондық есепке алуға, фотофиксация және геолокация арқылы өрт қауіпін тіркеуге, сондай-ақ бірыңғай деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жинақталған ақпарат ең осал тұрғын үйлерді анықтауға, тіркелген бұзушылықтардың жойылуын бақылауға және өрт туралы хабарламалар түскен кезде жедел шешім қабылдау үшін кезекші қызметтерді өзекті мәліметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша профилактикалық жұмысты және жедел ден қою шараларын біріктіретін бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастырылуда. Қазіргі уақытта жоба Абай облысында пилоттық режимде іске қосылды. Сынақ нәтижелері бойынша оны өңірлерде одан әрі енгізу жоспарлануда», — деді министр.
Тұрғын үй секторындағы өрт кезінде, әсіресе бір отбасының бірнеше мүшесі қаза табатын топтық өлім жағдайлары ерекше назар аударуды талап етеді. Өткен жылы осындай қайғылы оқиғалар Түркістан облысында орын алды. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында Министрлік отбасылардың тұрмыс жағдайына, жылыту жабдықтарының жай-күйіне атаулы бағалау жүргізіп, ерекше назар аударуды қажет ететін үйлерді анықтады. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, бір ғана Министрлік бөлімшелерінің күші оған жеткіліксіз, ал мұндай қайғылы оқиғалардың қайталану қаупі сол күйінде қалып отыр. Профилактикалық жұмыс жүргізу мен бұзушылықтарды анықтаудың өзі азаматтардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайтыны анық. Тұрғын үй секторының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың неғұрлым белсенді әрі жүйелі қатысуын, сондай-ақ азаматтардың өз жауапкершілігін арттыруды талап етеді. Осыған байланысты әкімдіктерге ведомствоаралық жұмыс топтарын құру, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту шараларын қамтамасыз ету қажет.
Жеке тұрғын үй секторында және қоғамдық тамақтану орындарында тұрмыстық газ баллондарын пайдалану да тәуекел факторларының бірі болып қала береді. Оларды пайдалану, сақтау және толтыру талаптарын бұзу ауыр зардаптарға әкелетін өрттер мен жарылыстардың туындау қаупін арттырады. Осы қауіпті азайту мақсатында әкімдіктер жанындағы газ-техникалық инспекциялардың газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауын күшейту қажет. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында болат газ баллондарын өндіретін зауыт жұмыс істейді. Қосымша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Атырау және Алматы қалаларында композиттік баллондар өндірісін іске қосу мәселесін пысықтауда. Энергетика министрлігі газ баллондарын таңбалау және есепке алу жүйесін енгізу мәселесін қарастыруда. Бұл олардың айналымы мен техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ескірген газ баллондарын кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару және оларды жаңасына ауыстыру тетігін әзірлеу мәселесі шешімін табуды талап етеді. Осылайша, отандық өндірісті дамытумен қатар тұрмыстық газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде оларды есепке алу, техникалық бақылау және уақтылы ауыстыру мәселелерін қамтитын кешенді тәсіл қажет.
Балаларды төтенше жағдайлар кезіндегі өзін қауіпсіз ұстау дағдыларына және алғашқы медициналық көмек көрсете білуді үйретуге ерекше назар аударылуда. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, тұрақты негізде ашық сабақтар, нұсқаулықтар және практикалық оқу-жаттығулар өткізіледі. «Жас құтқарушылар мен өрт сөндірушілер» балалар үйірмелері белсенді дамып келеді. Бүгінде республика бойынша олардың саны 2,5 мыңға жетті.
«Қазіргі уақытта өрт санының 12,2%-ға, қаза болғандардың 8,7%-ға, жарақат алғандардың 19%-ға азайғаны байқалады. Төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейін арттыру аясында Министрліктің бөлімшелерінің инфрақұрылымды дамыту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда. Биыл республика бойынша 19 өрт сөндіру депосы ашылды. Оның 7-еуі өрт сөндіру және медициналық қызметтердің қатар жұмыс істеуін көздейтін әмбебап деполар. 160-тан астам өрт сөндіру техникасын, шамамен 1,5 мың бірлік жабдық және 2 мыңнан астам жауынгерлік киім-кешек сатып алу жұмыстары жүргізілуде», — деді министр.
Сондай-ақ Шалғай ауылдық елді мекендерді қорғауға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Бүгінде республика бойынша 312 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді, олардың қызмет көрсету радиусымен 978 елді мекен қамтылған. Мемлекет басшысының қолдауымен, қосымша 592 штаттық бірлік бөлу мәселесі оң шешімін тапты. Бұл өрт сөндіру бөлімшелерінің кадрлық әлеуетін нығайтуға және олардың төтенше жағдайларға жедел ден қоюға әзірлігін арттыруға мүмкіндік береді. Жылу беру кезеңіндегі негізгі күш-жігеріміз тұрғын үй секторына және оның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу