Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

Қазақстанда 2021 жылдың 8 айында нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады

Сейсенбі, 14 Қыркүйек 2021, 12:06:26

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына қатысты жағдай туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өнеркәсіп пен энергетика секторының дамуы туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, агроөнеркәсіптік кешендегі ахуал туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады.

«Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты және қызмет көрсету секторлырындағы өсудің оң динамикасы, өндіруші емес секторлардағы инвестицияның жоғары өсуі, сауда балансының оң сальдосының сақталуы байқалуда. Осы жылдың қаңтар-тамызында нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады», — деді Ә. Ерғалиев.

Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға дейін өсті.

Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да оң өсім байқалып отыр.

Экономикалық өсудің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Оның ішінде өндіруші емес салаларда инвестиция тарту белсенділігі байқалуда. Осыған байланысты есепті кезеңде тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18%-ды құрады. 

Инвестиция құрылыс саласында 2,5 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 81,7%-ға, ауыл шаруашылығында 43,2%-ға, саудада 39,9%-ға, ақпарат және байланыста 37%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 16,2%-ға және көлік саласында 9%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарында байқалуда.

Биылғы қаңтар-шілдеде сыртқы сауда тауар айналымы $53,7 млрд құрады, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш $32 млрд құрады. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 23,4%-ға өсіп, $10,4 млрд дейін жетті.

Тауарлар импорты $21,7 млрд құрады. Жалпы, сауда балансы $10,4 млрд құрап, оң деңгейінде сақталды.

Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Өндіріс көлемі 5,8%-ға өсті. 14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Қызылорда облыстарында байқалуда.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 40,8%, машина жасау 23,9%, оның ішінде автомобиль жасау 34,2%, вагондар мен локомотивтер өндірісі 48,9%, құрылыс материалдары 11,6%, пластмасса бұйымдары 26,5%, дайын металл бұйымдары 18,6%, киім 16,3% және жиһаз 16% деңгейінде серпінді өсім көрсетіп отыр.

Осы жылдың сегіз айында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,4%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетуде.

Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Ақмола және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалады.

«Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша да оң динамика байқалуда. Биылғы қаңтар-тамызда 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 10,5%-ды құрады. Есепті кезеңде барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Атырау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында байқалады», — деді ұлттық экономика министрі.

Ауыл шаруашылығында өсім 2%-ды құрады. 14 өңірде оң динамика тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстары көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай:

  • Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 6 өңірде – Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарында байқалады;
  • Ал, 6 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсім байқалады. Олар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары;
  • 3 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсім тіркелді;
  • Батыс Қазақстан облысында тек 3 көрсеткіш бойынша өсім байқалуда.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр:

1. Инвестицияларды тарту мен сүйемелдеу бойынша тиімді жұмыс атқару, инвестициялық жобаларды іске асырудың тұрақты мониторингін жүргізу.

2. Егін жинау және мал азығын дайындау көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша уақытылы шешімдер қабылдау, құрылыс жұмыстары маусымының аяқталуына дайындалу.

3. Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін жедел орындау.

4. Халықты вакциналау мен шағын және орта бизнес қызметін қалпына келтіруге белсенді түрде қолдау көрсету.

5. «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары аясында жұмысқа орналастыру шараларын тиімді іске асыруды жалғастыру.

ҚР ҰЭМ басшысының айтуынша, жоғарыда аталған шараларды іске асыру еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

 

Мемлекеттік бюджет жоспары 105% орындалды — Е. Жамаубаев

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасқанын айтты.

Мемлекеттік бюджетке 7, 139 трлн теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 105,3%-ке атқарылды. Республикалық бюджетке 4,6 трлн теңге түсті немесе жоспар 100,7%-ке атқарылды.

«Кірістер бойынша жоспар 30 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар – 17 млрд тг. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа, корпоративтік табыс салығына тиесілі болды», — деді Е. Жамаубаев.

Алайда шикі мұнайға салынатың экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмады. Бұл Теңіз кен орнында күрделі жөндеу жүргізілуіне және шикі мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты болды.

Импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда үшінші елдермен тауар айналымының 6,7%-ке немесе $875 млн, оның ішінде шілде айында импорт көлемінің 26%-ке немесе $645 млн төмендеуіне байланысты болды.

Салықтық емес түсімдер бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен мемлекеттік органдар салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар және өндіріп алулар есебінен қамтамасыз етілді.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 115%-ке атқарылды және 2,547 трлн теңгені құрады. Жоспар 332 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 280 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,2%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 99,7%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8%-ке атқарылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары.

Республикалық бюджет бойынша 9,9 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 31 млрд теңгені, оның ішінде үнемдеу 7 млрд теңгені құрады. Игерілмегені – 24 млрд теңге.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары денсаулық сақтау, ішкі істер, мәдениет және спорт, әділет, төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: төлемнің негізділігін растайтын құжаттарды ұсынбау, төлем нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін жүргізілген, орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау және т. б.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,2 трлн теңгені құрады. 64 млрд теңге атқарылмаған. Осы жылы өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 қыркүйекке оларға 1,358 трлн теңге бөлінген. Оның 98%-і игерілді. Атқарылмағаны – 26,5 млрд теңге, оның ішінде үнемдеу – 3 млрд теңге, игерілмегені – 23,5 млрд теңге. Ең көп игерілмеу: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан облысы, Қызылорда, Түркістан облыстарында қалыптасты.

Биылғы 8 айдың ішінде камералдық бақылаумен сомасы шамамен 5,3 трлн теңгеге 634 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 30 мың рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы 29 мыңға жуық хабарламаны орындады.

2 198 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1,429 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 146 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 94 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін шамамен 2 мың ұсыным берілді.

«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 733 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 36 млрд теңгеге 106 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 110 объект сатылымға қойылды. 6 объект таратылуға жіберілді. Алдағы уақытта 451 объектіні өткізу керек», — деді қаржы министрі.

 

Мыс пен катод шикізаттық емес тауарлар экспортының өсуінің драйверіне айналды — Б. Сұлтанов

Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 23,4%-ке өсіп, $10,4 млрд құрады. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Өсу драйверлері мыс пен катодтардың экспорты 40%-ке өсті, сондай-ақ ферроқорытпалар жеткізу 26,7%-ке, болат прокатын жеткізу 95,4%-ке өсті.

Сонымен бірге COVID-19 негізінен қызмет көрсету нарығына әсер етті. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қызметтер экспорты 21,2%-ке немесе $1,5 млрд-тан $1,2 млрд дейін қысқарды.

«Шикізаттық емес экспорттың көлемін ұлғайту мақсатында экспортқа бағдарланған тікелей шетелдік инвестицияларды тарту қажет. Осыған байланысты инвестицияларды тарту мәселелеріне жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органдар бірінші басшыларының орынбасарларына экспортты дамыту және ілгерілету мәселелерін бекітуді сұраймын. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды келісу кезінде шарттардың бірі шикізаттық емес тауарлардың экспортқа бағдарлануы болуы тиіс», — деді ҚР СИМ басшысы.

Ішкі сауда саласында да оң динамика байқалады. Мысалы, саудадағы жалпы қосылған құнның нақты көлем индексі осы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша 109,1%-ті құрады, бұл іс жүзінде 2020 жылы саланың даму шығындарын өтейді.

Электрондық коммерцияның белсенді дамуы жалғасуда. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы бөлшек саудадағы электрондық сауданың үлесі 12,2%-ті құрады, бұл 2020 жылдан 2,5 проценттік тармаққа жоғары.

Ішкі сауданың даму көрсеткіштері бизнестің қазіргі жағдайларға бейімделгенін және одан әрі дамып келе жатқанын көрсетеді.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,7%-ке өсті. Жалпы өсудегі үлесі 5,9 проценттік тармақты құрап отырған көкөністер едәуір қымбаттады. Сонымен қатар ішкі нарықты жаңа піскен отандық көкөністерімен қанықтыру нәтижесінде тамыз айының ортасынан бастап бағалар тұрақтанып, төмендей бастады. Соңғы 3 аптада бағалар 0,7 проценттік тармаққа төмендеді. Ең жоғары өсу сәтінен бастап картоп 64%-ке, сәбіз 54%-ке, пияз 4%-ке, қырыққабат 2%-ке арзандады.

Бағаның ең жоғары өсуі 11,4% Түркістан облысында және 11,0% Қызылорда облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Бағаның ең төмен өсуі 8,6% Қарағанды облысында, 8,9% Алматы қаласында және 9,2% Алматы облысында белгіленді.

«Бүгінгі таңда сауда саласы дамып, оң динамиканы көрсетуде. Пандемияға қарсы шараларды қабылдау, әсіресе вакциналандыру науханын белсенді жүргізу, сыртқы сауданың, оның ішінде қызметтердің экспортын арттыруға және ішкі нарықтағы сауданың тұрақты дамуына тікелей әсерін тигізетіні сөзсіз», — деді Б. Сұлтанов. 

Ішкі сауданың әлеуметтік мәндерін айтатын болсақ, жыл басынан бері қабылданған шаралардың арқасында азық-түлік бағасының өсуі тұрақтанды және өткен аптадағы Үкіметтің отырырысында бекітілген Жол картасына сәйкес жылдың соңына дейін инфляцияны белгіленген коридорда ұстап тұруға мүмкіндік береді.

 

2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің барлық секторларында оң үрдіс байқалады — ҚР ИИДМ

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, биыл 8 айдың қорытындысында еліміздің өңдеуші өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. Жиынтық көрсеткіш 105,8% құрады. 

«Машина жасау саласында өсім 23,9% кұрады. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, машиналар мен жабдықтар өндірісі, өзге де көлік құралдары, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар, электр жабдықтарын жасау, жөндеу және орнату артты», — деді индустрия министрі.

Түсті металлургияда нақты көлем индексі 97,3% құрады. Маусымдық төмендеу бірінші кезекте тапсырыстар санының азаюына, «Қазақмыс корпорациясының» Құсмұрын кенішіндегі өндірістің технологиялық желісінің жоспарлы реконструкциясына, сондай-ақ «Қазмырыш» кәсіпорнындағы жоспарлы күрделі жөндеуге байланысты болды. Соның нәтижесінде қорғасын шығару, мырыш, тазартылған мыс өндірісі төмендеді. 

Ал тазартылған алтын мен түйіршіктегі күміс өндірісі өсті. Қара металлургияда оң динамика сақталып, өсім 1,5% болды. Оған болат, шойын, арматуралық прокат, көміртекті болат және ферросиликомарганец және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді. 

«Фармацевтика өнеркәсібінде халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұранысының артуы есебінен өндіріс көлемі 40,8% өсті. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 4,7% артты. Оған киім және былғары өнімдер өндірісінің ұлғаюы оң әсер етті. Дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға сұраныстың артуы химия өнеркәсібінде өндіріс көлемін арттырды. Өсім 2,2% құрады», — деді Б. Атамқұлов.

Құрылыс материалдары өндірісі 111,6% болды. Оған жылу оқшаулағыш материалдар, портланд-цемент, гипс, кірпіштер және құрылыс ерітінділері өндірісінің артуы есебінен қол жеткізілді.

Көлік саласы коронавирус инфекциясы пандемиясынан кейін біртіндеп қалпына келіп жатыр. Есепті кезеңде нақты көлем индексі 98,6% құрады. Транзиттік контейнерлік тасымалда оң динамика сақталды. Көрсеткіш 712,1 мың жиырма фунттық баламаны құрады. Өсім 32% болды.

«Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 2,41 млрд тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,3% құрады. Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2021 жылдың 8 айының қорытындысында 111,4% болды», — деді Б. Атамқұлов.

Барлық өңірде өсім бар. Тұрғын үй құрылысында биылғы қаңтар-тамыз айларында 8,9 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,5%. Республика бойынша барлығы 77 262 тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда тиісті көрсеткіш барлық өңірде артты. 

 

Биылғы қаңтар-тамыз айларында 44 млн тонна мұнай экспортталды — Энергетика министрлігі

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, көрсетілген кезеңде 56,1 млн тонна мұнай және конденсат өндірілді. Бұл осы жылға жоспарланған көрсеткіштің 99,3% құрайды. 

Есепті кезеңде Қарашығанақ жобасында жоспардың толық орындалмауы байқалады. Олар қалып барады. Себебі Орынбор газ өңдеу зауытында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне орай газды қабылдау шектелді. Мұнай-газ саласындағы iрі компаниялар бойынша көрсеткіштер келесідей болып отыр:

  • Теңіз жобасында аталған кезеңде 17,1 млн тонна мұнай өндірілді. Яғни осы жылғы жоспар 100% орындалды.
  • Қашағанда, яғни Солтүстік Каспий жобасы бойынша, мұнай өндіру көлемі 10,2 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш бойынша жоспар асыра орындалды, 102% тең болды.
  • Қарашығанақ жобасы бойынша бұл көрсеткіш 7,8 млн тонна болды. Бұл биылғы жоспармен салыстырғанда 7% төмен.

Осы есепті кезеңде 44 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл дегеніміз 8 айдың жоспары 100% орындалды.

«Газ туралы айтатын болсақ, есепті кезеңде 35,5 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл осы жылға жоспарланған көрсеткіштің 98% тең. Газ өндірісінің төмендеуі мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне тікелей байланысты. Өйткені ол мұнай өндіру кезінде алынатын ілеспе газ болып табылады. Тауарлық газдың ішкі тұтыну көлемі жоспармен салыстырғанда 12% өсіп, 11,6 млрд куб метрге жетті», — деді М. Мырзағалиев.

Сонымен қатар өсім сұйытылған мұнай газын өндіруде де байқалады. Нақты айтсақ, бұл көрсеткіш 107,1% асып, 2,1 млн тоннаны құрады.

Экспортқа 5 млрд куб метр газ шығарылды. Бұл сегіз айға жоспарланған көрсеткіштің 99% тең. Газ бойынша экспорттың төмендеуіне екі басты себеп бар, ол – ішкі қажеттіліктердің өсуі және ірі жер қойнауын пайдаланушылары тарапынан өндірген тауарлық газ көлемінің азаюы.

Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 8,3 млн тоннадан астам мұнай өнімдері өндірілді. Бұл көрсеткіш жоспардан асып тұр, яғни 102% құрайды.

Ішкі нарықты дизель отынымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында Павлодар мұнай химия зауытындағы жөндеу жұмыстарының мерзімін ауыстыру немесе қысқарту мәселесі қазір пысықталуда.

Бұған қоса, бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салуды көздейтін бұйрықты тағы алты айға созу мәселесі пысықталуда. Бүгінде энергетика, қаржы министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығы бар.

  • әуе отыны бойынша көрсеткіш 100% орындалды;
  • мазут өндірісі 13% құрады.

Сонымен қатар есепті кезеңде 682 мың тонна битум өндірілді. Бұл сегіз айға жоспарланған көрсеткіштің 96% тең.

Битум көлемінің төмендеуінің бірден бір себебі – биылғы қыста елдің оңтүстігінде халық тарапынан газ тұтынудың ұлғаюы.

«Осыған байланысты “Газпромнефть-Битум” компаниясына газ беру шектелген болатын. Мұнай-газ химиясы өнімдерінің көлемі 96 мың тоннаны құрады. Жоспарланған көрсеткіш 100% орындалды. Есепті кезеңде 75,1 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл көрсеткіш жоспардың 100% орындалғанын көрсетеді», — деді М. Мырзағалиев.


Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2%-ға артты — ҚР АШМ

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабарлағандай, осы жылдың қаңтар-тамыз айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2%-ға ұлғайып, 2 887,9 млрд теңгені құрады.

Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,6%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

«Бұл ретте өсімдік шаруашылығы өнімдері 919,7 млрд теңгеге өндірілді, бұл нақты мәнде өткен жылдың тиісті кезеңі деңгейінен 1,3%-ға аз. Төмендеу вегетациялық кезеңде қалыптасқан топырақ пен атмосфера құрғақшылығына байланысты орын алып, дақылдардың өсуіне, дамуына теріс әсер етті», — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Мәселен, облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша осы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың орташа түсімділігі гектарына 7,9 центнерді құрады, бұл өткен жылдың осындай күні қалыптасқан түсімділіктен 33,6%-ға аз.

Облыстар бөлінісінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикалық деңгейден жоғары өсімі 5 облыста: Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды.

«Мал шаруашылығында барлық түрдегі мал мен құс санының өсуі байқалады. Мәселен, ірі қара мал басы 4,8%-ға артып, 8,8 млн басты құраса, қой мен ешкі 2,6%-ға, жылқы 9,6%-ға, құс 4,4%-ға ұлғайды. Сондай-ақ ет өндіру көлемі тірідей салмақта 6%-ға, сүт өндіру көлемі 3,3%-ға өсті. Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 4,8%-ға өсіп, 1 421,2 млрд теңгені құрады», — деді Е. Қарашөкеев.

Бұл ретте қант өндіру көлемінің 3 есеге, өңделген күріштің 29,9%-ға, сары майдың 12,8%-ға, жарманың 12,6%-ға, қышқыл сүт өнімдерінің 4,5%-ға, ірімшік пен сүзбенің 3%-ға, ұнның 1,5%-ға, өңделген сүттің 0,9%-ға және өсімдік майының 0,5%-ға артқаны байқалды.

Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 43,2%-ға ұлғайып, 427 млрд теңгені құрады.


Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз


Жаңалықтар тізбегі
17 Қыркүйек 2021, 19:22
Алматы облысы – еліміздің маңызды көлік-логистикалық хабы
17 Қыркүйек 2021, 17:04
А. Маминнің Алматы облысына жұмыс сапары: АӨК, логистика, фармацевтика, туризм
17 Қыркүйек 2021, 13:15
Ілияс Оспанов ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы болып тағайындалды
17 Қыркүйек 2021, 11:54
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы брифинг өтеді
17 Қыркүйек 2021, 11:16
Туристер ағыны, таудағы қауіпсіздік және жаңа нысандар құрылысы — Алматы қаласының туристік саласын дамыту
16 Қыркүйек 2021, 17:01
 А. Мамин Алматы қаласының инфрақұрылымдық дамуын тексерді
15 Қыркүйек 2021, 17:39
Руслан Манатаев ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметінен босатылды
15 Қыркүйек 2021, 16:16
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Инвестициялық штаб отырысын өткізді
15 Қыркүйек 2021, 12:23
Шолпан Каринова ҚР білім және ғылым бірінші вице-министрі болып тағайындалды
15 Қыркүйек 2021, 11:18
Ә. Смайылов «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штаб отырысын өткізді
14 Қыркүйек 2021, 16:39
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі №619 Қаулысы
14 Қыркүйек 2021, 15:59
ҚР Үкіметінің отырысы, 14.09.2021
14 Қыркүйек 2021, 15:54
Энергия көздері қоймаларындағы көмір және мазут қоры бекітілген нормаларға сәйкес келеді — М. Мырзағалиев
14 Қыркүйек 2021, 12:19
Қазақстанда халықты вакциналаумен қамту 71,5% құрады — А. Цой
14 Қыркүйек 2021, 12:06
Қазақстанда 2021 жылдың 8 айында нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады
14 Қыркүйек 2021, 11:14
БЖЗҚ зейнетақы активтері 2021 жылғы тамыз айының соңында 12,9 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 52 млрд теңгеге артты — Е. Досаев
14 Қыркүйек 2021, 10:19
Үкіметте өңірлердің жылыту маусымына дайындығы қаралды
14 Қыркүйек 2021, 09:53
Қазақстан экономикасы пандемияға дейінгі деңгейге жетті — А. Мамин 
14 Қыркүйек 2021, 09:30
Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді
13 Қыркүйек 2021, 19:33
Е. Тоғжанов әлеуметтік сала мәселелері жөнінде кеңес өткізді
13 Қыркүйек 2021, 15:01
А. Мамин ГФР бизнес өкілдерімен ҚР-да бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады
13 Қыркүйек 2021, 14:54
14 қыркүйек күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
13 Қыркүйек 2021, 13:45
Қазақстанда КВИ-ге қарсы вакцина өндіруге арналған екінші өндірістік алаң дайындалды
13 Қыркүйек 2021, 10:54
Ерлан Қожағапанов ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болып тағайындалды
13 Қыркүйек 2021, 10:37
Ерлан Қожағапанов ҚР мәдениет және спорт вице-министрі қызметінен босатылды
12 Қыркүйек 2021, 09:44
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №128
10 Қыркүйек 2021, 22:55
Республикалық штабта Алматыдағы КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал қаралды
10 Қыркүйек 2021, 17:08
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі №620 Қаулысы
10 Қыркүйек 2021, 16:56
Е. Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Қордай ауданына барды
10 Қыркүйек 2021, 15:40
А. Мамин жаңа экология, геология және табиғи ресурстар министрі С. Брекешевті таныстырды 
10 Қыркүйек 2021, 11:55
Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм — Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өсуі барлық салаларда байқалады
10 Қыркүйек 2021, 08:50
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды
09 Қыркүйек 2021, 18:29
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин жаңа энергетика министрі М. Мырзағалиевті таныстырды
09 Қыркүйек 2021, 17:51
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №612 Қаулысы
09 Қыркүйек 2021, 17:46
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №609 Қаулысы
09 Қыркүйек 2021, 17:14
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №604 Қаулысы
09 Қыркүйек 2021, 17:12
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №608 Қаулысы
09 Қыркүйек 2021, 17:11
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №607 Қаулысы
09 Қыркүйек 2021, 16:55
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №600 Қаулысы
09 Қыркүйек 2021, 16:55
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №595 Қаулысы
09 Қыркүйек 2021, 16:41
ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру: Үкіметтік делегация Шымкент қаласының денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады
09 Қыркүйек 2021, 15:40
А. Мамин Ақмола облысындағы астық жинау науқаны мен жем-шөп дайындау барысын тексерді
08 Қыркүйек 2021, 12:41
Қазақстандағы медициналық сақтандыру, эпидемияға қарсы іс-шаралар және «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында айтылды
07 Қыркүйек 2021, 19:32
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Маңғыстау облысының жаңа әкімі Н. Ноғаевты таныстырды
07 Қыркүйек 2021, 16:23
Қасым-Жомарт Тоқаев Петропавлдағы «Alageum Electric» электротехника зауытына барды
07 Қыркүйек 2021, 16:19
Мемлекет басшысы «CLAAS» зауытына барды
07 Қыркүйек 2021, 16:10
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысындағы егін жинау науқанының барысымен танысты
07 Қыркүйек 2021, 11:40
ҚР Үкіметінің отырысы, 07.09.2021
07 Қыркүйек 2021, 11:28
Үкімет шектеу қойылған кепілдіктегі активтерді экономикалық айналымға қайтару туралы заң жобасын әзірлеп жатыр — Ә. Ерғалиев
07 Қыркүйек 2021, 11:24
Инфляцияға қарсы реттеу: Үкімет азық-түлік, бензин және тұрғын үй бағаларын төмендету шараларын ұсынады
Депутаттық сауал
© 2019 - 2021 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.