Қазақстанда 2021 жылдың өніміне 2,5 млн-ға жуық тонна тұқым дайындалды — ҚР АШМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында еліміздегі көктемгі егіс жұмыстарының аяқталуы мәселесі қаралды. Жүргізілген егіс жұмыстарының қорытындысы және табиғи-климаттық болжамдар бойынша ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндады.

Ауыл шаруашылығы министрі өз баяндамасында егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру, ресурстармен, тыңайтқыштармен, ЖЖМ және ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету жөніндегі деректерді көрсетті. Сондай-ақ, қаржыландыру, агротехнологиялардың түсімділікке әсері және егістіктердегі фитосанитарлық жағдай туралы айтып берді.

Министрдің айтуынша, әкімдіктердің жедел деректері бойынша биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн гектар алаңға егілді, бұл 2020 жылғы деңгейден 78 мың гектарға көп. 

«Биылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша көктемгі егіс толығымен аяқталды, жаздық егіс алаңы 19 млн гектарды, оның ішінде дәнді дақылдар 15,2 млн гектарды құрады», — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Министрдің айтуынша, егіс алаңдарының құрылымын рентабельділігі жоғары дақылдардың, сондай-ақ импортты алмастыруға бағытталған дақылдардың пайдасына әртараптандыру жұмысы жүргізілді. Осылайша, биыл майлы дақылдар алаңы 11,9 мың гектарға, көкөніс-бақша дақылдары алаңы 10,6 мың гектарға, картоп алаңы 5,8 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңы 104,2 мың гектарға ұлғайды. 

Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсаттарының бірі — күріш пен мақта сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын біртіндеп қысқарту. Мәселен, күріш алаңы 8,1 мың гектарға, мақта алаңы 18 мың гектарға қысқартылды.

Министр тұқымдармен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жағдайы туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Оның айтуынша, 2021 жылдың өніміне республика бойынша 2,5 млн тонна тұқым дайындалған болатын, олар егіс кондицияларына толық сәйкес келді.

«Егілген сорттық тұқымдардың жартысынан көбі қазақстандық селекцияға жататынын атап өту қажет. Отандық тұқым өсіру шаруашылықтарын заманауи селекциялық және тұқым тазалау техникасымен жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді С. Омаров. 

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде төмен сапалы тұқымдарды пайдалану пайызы 2016-2020 жылдары 7,2%-ға дейін төмендеді, элиталық тұқымдардың үлесі 6,8%-ға дейін жетті.

Министрдің айтуынша, үшінші репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалану бойынша жақсы көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында байқалады.

Жоғарғы репродукциялы тұқымдарды қолданудың ең төмен көрсеткіші — Түркістан және Жамбыл облыстарында.

Бұл ретте, Жамбыл, Түркістан және Павлодар облыстары бойынша жоғары репродукциялы тұқымдарды пайдалану үлесі жыл сайын төмендеп келеді.

Ақмола, Қостанай және Қызылорда облыстары бойынша оң динамика байқалады.

«Бұл көрсеткішті арттыру үшін облыстар шаруашылықтарды тұқым шаруашылығын субсидиялаумен неғұрлым толық қамтуы қажет. Биыл облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,7 млрд теңге көзделген, республикалық бюджеттен қосымша 4,3 млрд теңге бөлінді», — деді С. Омаров.

Өнімділікті арттырудың маңызды факторы — тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде қолдану.

Министрдің айтуынша, тыңайтқыштарды қолдану көлемін ұлғайту үшін биыл 30,9 млрд теңге бөлінді, бұл тыңайтқыштарды енгізу көлемін ғылыми қажеттіліктің 25%-ына дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 

«4 маусымдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне 405,3 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді (жоспардың 63%-ы), бұдан басқа сақтау қоймаларында тағы 29,4 мың тонна бар. Бұл ретте тиеп-жөнелту жұмыстарының жалғасып жатқанын және белгілі көлемдердің күзгі өңдеу кезінде енгізілетінін атап өткен жөн», — деді С. Омаров.

Министрдің айтуынша, тыңайтқыштарды сатып алуда жоғары көрсеткіштер Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Шығыс Қазақстан облысында тиеп-жөнелту толығымен аяқталды.

Қалған өңірлер тыңайтқыштарды қолдану көлемін жоспарланған көрсеткіштерге дейін ұлғайтуы қажет. 2023 жылға дейін әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің өтініштері бойынша тыңайтқыштарды қолдану көлемінің төмендеуіне жол бермеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия алу үшін агрохимиялық картограммалар беру талабын уақытша тоқтатты.

Егін егу барысында шаруаларды техникамен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жалпы республика бойынша көктемгі дала жұмыстары кешенін жүргізу үшін 142 мың трактор, 4,3 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 73 мың тұқымсепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары жұмылдырылды.

«Сонымен қатар қолда бар 142 мың трактордың 75%-ның амортизациялық пайдалану мерзімі 15 жылдан асқан, бұл өндірістік циклге шамамен 35 мың трактор (25%) толыққанды қатысты деп айтуға болады, бұл трактор паркінің тозуы жоғары деңгейде екенін көрсетеді», — деді С. Омаров.

Ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңартылуына жүргізілген талдау өңірлердің жаңартудың ең төменгі технологиялық деңгейі – 6%-ға қол жеткізе алмай отырғанын көрсетеді. Жоғары жаңарту деңгейі Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды облыстарында, төмен жаңарту деңгейі Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында байқалады. 2020 жылы жаңартудың орташа деңгейі 4,1%-ды құрады.

«Жаңарту қарқынын жеделдету үшін облыстар әкімдіктері республикалық бюджеттен басқа, жергілікті бюджеттен де қаражат тартып, ауыл шаруашылығы техникасының басым түрлерін, оның ішінде кооперативтік бірлестіктер үшін сатып алуды субсидиялау нормативтерін қосымша ұлғайтуы қажет. Мұндай нормативтік құқық инвестициялық субсидиялау қағидаларында қарастырылған», — деді С. Омаров.

Биыл фермерлердің отандық техникаға деген сұранысы артқаны байқалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес мамыр айындағы жағдай бойынша отандық кәсіпорындар 1,6 мыңнан астам трактор жасап шығарды, бұл 2020 жылдың деңгейінен 3,2 есе көп. 

Инвестициялық субсидияларды бастапқы жарна ретінде пайдалану, сондай-ақ отандық техникаға кредит берудің жеңілдікті бағдарламалары сатып алу қабілетіне оң ықпал етуде. Бұл ретте, тракторлардың кейбір моделдері бойынша сұраныс өндірістен де жоғары.

Отанымызда құрастырылатын Кировец, Версатайл, Беларус, Ловол тракторлары фермерлер арасында үлкен сұранысқа ие, олар алыс шет елдердің осындай санаттағы техникасымен салыстырғанда едәуір арзан.

«Сонымен қатар астық жинау науқанына Акрос және Ессил секілді комбайндардың танымал моделдері өндірісінің ұлғаюын, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында КЛААС комбайндары өндірісінің басталуын күтіп жүрміз», — деді С. Омаров. 

Сатып алу серпінін жеделдетуге осы жылдың мамыр айының басында Министрлік бекіткен инвестициялық субсидия нормативін арттыру ықпал етеді.

2021 жылдың 5 айында республика бойынша 140,8 млрд теңгеге 8,7 мың ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, бұл осындай кезеңде сатып алу деңгейінен 2,2 есе көп. Отандық техника үлесі 70%-ды құрайды.

«Жыл соңына қарай машина-трактор паркін жаңарту 4,4% деңгейіне жетеді деп есептеп отырмыз, бұл Мемлекет басшысының еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға жәрдемдеседі», — деді министр. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау сапалы тұқымдар мен техникалық жарақтандыруды салыстырмалы түрде тең шарттармен қолданған жағдайда, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімділігіне минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейі айтарлықтай әсер ететіндігін көрсетті. 

«Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында тыңайтқыш қолдану көлемі жыл сайын артып келеді, бұл ретте көрсетілген тыңайтқыш көлемі басқа облыстардың тыңайтқыш қолдану көлемінен бірнеше есе асып түседі, бұл қолайсыз ауа райы жағдайында да астық түсімінің тұрақты болуын көрсетеді», — деді С. Омаров. 

Министр көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру аяқталғанын атап өтті. Қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 128 млрд теңгені құрады, оның ішінде: Аграрлық несие корпорациясы желісі бойынша: бюджеттік кредит есебінен «Кең дала» бағдарламасы бойынша 70 млрд теңге, Ұлттық банк қаражаты есебінен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 6 млрд теңге, Агробизнес бағдарламасы бойынша 4,6 млрд теңге, Қаржылай қолдау қорынан 854 млн теңге берілді. 

Бұдан басқа, Азық-түлік корпорациясының сатып алу сомасы 47 млрд теңгені құрады. 

«Бидай, арпа, күнбағыс, рапс, зығыр, қарақұмық, сұлы және соя сияқты өнімдерге 743 мың тонна көлемінде форвардтық келісімшарттар жасалды. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндіру үшін қажетті шикізаттың, сондай-ақ мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы қожалықтары үшін жемшөп қорының болуына мүмкіндік береді», — деді С. Омаров.

Егіс науқаны кезінде ауыл тұрғындары үшін жанар-жағармай материалдарын үздіксіз жеткізу маңызды рөл атқарады. Егіс жұмыстары кезінде өңірлерге 380 мың тонна көлемінде арзандатылған дизель отынын кепілдендірілген түрде және үздіксіз жеткізу қамтамасыз етілді. 

«Бұл ретте дизель отынының 1 литріне белгіленген жеңілдікті баға жеткізу шығындарын қоса есептегенде 165 теңгені құрады, бұл нарықтық бағадан 14%-ға арзан. Биылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша 350 мың тоннаға (92%) шарттар жасалды, оның 331 мыңнан астам тоннасы (87%) тиеп-жөнелтілді», — деді С. Омаров.

Әлеуметтік маңызы бар дақылдар алаңдарына тоқталар болсақ, министрдің айтуынша, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі алға қойылған міндетке сәйкес қарақұмық, картоп, қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдардың алаңдарын кеңейту бойынша нақты жұмыстар жүргізілді. Мәселен, егіс науқанының қорытындысы бойынша қарақұмық алаңы 39 мың гектарға, картоп алаңы 5,8 мың гектарға ұлғайтылды, қант қызылшасының алаңы өткен жылдың деңгейінен 1 мың гектарға көп. 

«Аталған дақылдар өндірісін ұлғайту ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтыруға және отандық өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға ықпал ететін болады», — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Сапалы және жоғары түсім алу көбінесе қолайлы фитосанитариялық жағдайға байланысты болады.

Министрліктің берген ақпаратына сәйкес, 2021 жылы үйірлі шегіртке тектес зиянкестердің 641 мың гектар алаңға таралуы болжануда. Саяқ шегіртке тектес зиянкестердің таралу болжамы – 239 мың гектар.

«Шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарын анықтау үшін 38 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері зерттеп-қаралатын болады. Химиялық өңдеуге 183 арнайы техника жұмылдырылады», — деді С. Омаров.

Қазіргі уақытта Түркістан және Жамбыл облыстарында марокко шегірткелеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталды. Италиялық прус пен саяқ шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жалғасуда.

Химиялық өңдеу жоғары биологиялық тиімділікпен оңтайлы мерзімде жүргізілуде.

Жалпы 2021 жылы аса қауіпті зиянды организмдердің 3 млн гектар алаңда, оның ішінде дәнді дақылдар ауруларының (тат, септориоз) 1,9 млн гектар алаңда, сұр дән көбелегінің 328 мың гектар алаңда таралуы болжануда.

«Арамшөп өсімдіктеріне қарсы химиялық отауды 7 млн гектар алаңда жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта зерттеп-қарау іс-шаралары жүргізілуде», — деп түйіндеді С. Омаров.

Өз кезегінде экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев 2021 жылғы вегетациялық кезеңнің өтуі туралы қысқаша ақпарат берді.

Оның айтуынша, еліміздің оңтүстік өңірлерінде (Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары) вегетациялық кезең суы аз циклі жағдайында өтуде. Осы аймаққа жалпы суармалы судың 97% тиесілі. 

Алматы облысы бойынша айтсақ, Іле Алатауының оңтүстік беткейіндегі өзен бассейндерінде жауын-шашын нормадан 39% төмен. Таулардағы қар қоры нормадан 5-42% дейін төмен. Шағын және орта су қоймаларының толымдылығы вегетациялық кезеңнің басында шамамен 75-80% құрады.

Жамбыл облысында Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде судың деңгейі 20-25% төмен. Осы өзендердің барлық ағыны Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасады. Суы аз циклі кезіңде мемлекетаралық су объектілері бойынша келісілген көлемде су алу барысында қиындықтар туындауда.

Түркістан және Қызылорда облыстары бойынша Сырдария өзеніндегі судың деңгейі Тоқтоғұл су қоймасының толтырылуына байланысты. Биылғы вегетациялық кезеңнің басында аталған су қоймасының көлемі соңғы 5 жылдағы ең төмен көрсеткішке тең болды. Вегетациялық кезеңнің басындағы норма 15 млрд м³ болса, осы жылғы 1 сәуірде 8,7 млрд м³ болды.

Арыс өзені ағынының нормасымен салыстырсақ 8%-дан 73%-ға дейін төмен. Тау өзендерінің орташа ағысы нормадан 25%-ға төмен.

«Бұл жағдайда көршілес елдермен қабылданған келісім маңызды рөл атқарады. Осылайша, қырғыз елімен қосымша су тастауға келісімге келдік. Атап айтсақ, вегетация шыңында (маусым-тамыз) Тоқтоғұл су қоймасынан қосымша 330 млн м³ су қабылданатын болады», — деді М. Мырзағалиев.

Оның айтуынша, осы су көлемін Өзбекстан аумағы арқылы өткізу жөнінде де уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Сондай-ақ тәжік және өзбек тараптарымен бірлесіп «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша келісімдер жүргізілуде. Атап айтқанда, қазақстандық тарап үшін 315 млн м³ көлемінде «Бахри Точик» су қоймасынан қосымша су беру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның орнына тәжік тарапы 80 тонна дизель отыны, 30 тонна дизель майы және 1 экскаватор түрінде материалдық-техникалық қолдау көрсетуді сұрайды.

Осыны ескере отырып, ақпан-наурыз айларында ЭГТРМ Ауыл шаруашылығы министрлігімен өңірлерге барып кеңестер өткізді. Қалыптасып отырған су шаруашылығы жағдайы туралы жан-жақты хабар берілді. Суды көп қажет ететін дақылдардың егістігін азайту ұсынылып, вегетация кезеңіне тиісті дайындықтар өткізілді.

Алматы облысы бойынша биыл жоспарланған 449 мың гектар суармалы жердің 371 мың гектары бойынша егу жұмыстары өтті. Кейбір жерлерде егіс жұмыстары жалғасуда.

«Жалпы, вегетация кезеңі аса бір қиын өтіп жатыр деп айтуға болмайды. Бірақ, Іле өзеніндегі былтырғы вегетация кезеңінде өзен ағысының көпжылдық деректерімен салыстырғанда ағын көрсеткіші нормадан 70% төмен болды. Былтыр Қапшағай су қоймасы бойынша қиын жағдай қалыптасқанын ескеру қажет. Бұл жайт биыл да қайталануы мүмкін», — деді М. Мырзағалиев.

Осыған байланысты облыс әкімдігі қала тұрғындарын ауыз сумен тұрақты және үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Қапшағай және Ақдала, Шеңгелді суармалы алқаптарында тиісті іс-шаралар қабылдауы қажет. 

Жамбыл облысы бойынша биыл суармалы жерлер алаңында барлығы 110 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды (жоспар бойынша 191,8 мың га). Оның ішінде бүгінгі күні 48,4 мың гектары суарылды. 

Қазіргі уақытта Қордай ауданында Қырғызстаннан келетін суармалы судың тұрақты берілмеуі байқалуда. Сонымен қатар ыстық ауа-райының қалыптасуы әсер етуде. 

Осыған байланысты Қордай, Байзақ, Жамбыл және Талас аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шаруашылықтар арасындағы су кезектілікті сақтай отырып, су айналымы әдісімен беріледі. 

Қызылорда облысы бойынша Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты облыстың суармалы жерлерін, әсіресе күріш егістіктерін сумен қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай жалғасуда.

Әкімдіктің деректері бойынша 2021 жылға арналған егіс жоспары шамамен 188 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 84,4 мың гектарына күріш егу жоспарланған болса, бүгінгі таңда нақты 83 мың гектар егілді. Бұл былтырға қарағанда 7 мың гектарға аз. 

Су аздығы салдарын жеңілдету үшін «Қазсушар» мекемесі күшімен гидротехникалық және ұйымдастыру шаралары қабылданады. Атап айтсақ:

  • магистралдық каналдар бойынша суды кезекпен беруді қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде;
  • Әйтек каналының жоғарғы бьефінің деңгейін көтеру мақсатында Қызылорда гидроторабының төменгі ағысына қосымша су ағызылады;
  • Қызылорда гидроторабының төменгі ағысына ағызылатын су көлемінің есебінен Қараөзек арнасы арқылы Қазалы ауданын суаратын сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде, онда су деңгейі сағат сайын бақылануда.

Түркістан облысы бойынша 2021 жылға жоспарланған егіс көлемі 440 мың гектарды құрайды. Оның ішінде күріш алқаптары – 2 мың гектар. 

Осы аймаққа келетін ағынның шамамен 85% Өзбекстаннан келіп түседі. Осыған байланысты Сырдария өзеніне, Достық, Зах, Ханым мемлекетаралық арналарына түсетін ағын көлеміне тәуелді.

Шардара су қоймасының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 550 млн м³ аз болып тұр.

«Достық» каналында өтінімдердің ұлғаюына байланысты мамыр айының екінші онкүндігінен Шардара су қоймасынан машиналық су беру арнасы іске қосылды. Сонымен қатар 14 дренаж ұңғымасы және 3 сорғы жұмыс жасауда.

Өтінімдердің ұлғаюы себебі күріш алқаптарының 2,7 мың гектар артық егілуіне байланысты болып тұр. Яғни, 2 мың гектардың орнына 4,7 мың гектар күріш егілді. Бұл қосымша 100) млн м³ суды қажет етеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу