Қазақстанда 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда



ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, құрылыс саласы – экономиканың белсенді дамып келе жатқан салаларының бірі. Ол экономиканың аралас секторларын біріктіреді, әлеуметтік маңызы зор және экономикалық өсімнің локомотиві.

2020 жылдың қорытындысында елдің жалпы ішкі өніміндегі құрылыс саласының үлесі 6,1% құрады.

Биыл 11 айдың қорытындысында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,6 трлн теңге болды. Бұл – өткен жылғыдан 6,2% жоғары. 

Бүгінгі таңда құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді (оның ішінде құрылыс материалдары өндірісінде – 2 420 кәсіпорын. 641 мың қызметкер мен маман жұмыспен қамтылған. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. 977 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. 

Мемлекеттік инвестицияның 1 теңгесіне 7 теңге жеке инвестиция тартылады.

«Биыл біз 17 млн шаршы метр немесе 163 мың баспана салуымыз керек. 26 желтоқсандағы алдын ала деректер бойынша 16 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 12 өңірде артқан. Баспана халыққа қолжетімді болуы тиіс», — деді Б. Атамқұлов.

Осыған орай тұрғын үй және құрылыс материалдары құнының қымбаттауына жол бермеу үшін Министрлік үш бағытта жұмыс істеп жатыр:

  • Құрылыс саласын цифрландыру;
  • Баға белгілеу жүйесін жетілдіру және құрылыстағы бақылауды күшейту;
  • Құрылыс материалдары өндірісін дамыту.

Ведомство басшысының айтуынша, цифрландыру бизнес-процестердің ашықтығын, айқындығын білдіреді. 

Құрылыс объектілерін онлайн форматта, оның ішінде (BIM-технологиялар) ақпараттық модельдеу технологияларын қолдана отырып модельдеуге мүмкіндік беретін Ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі жүйесі енгізілуде.

«Е-Құрылыс» жүйесі онлайн-режимде шұңқырын қазудан бастап үйді пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс процесін бақылауға мүмкіндік береді.

Үлестік қатысу шарттарын есепке алу үшін «Қазреестр» енгізілді. Ол жосықсыз құрылыс салушылардан үлестік құрылыспен баспана сатып алу тәуекелін барынша азайтады.

Маркетплейс онлайн-платформасында компаниялар құрылыс материалдарын өндірушілерден делдалдарсыз тікелей сатып ала алады.

«Е-Шаңырақ» платформасы – тұрғындардың жеке көмекшісі. Ол өз үйін басқаруда барлық ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы, саланы цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар бюрократияны төмендетеді және құрылыстағы рәсімдерді оңайлатады. 

Б. Атамқұловтың айтуынша, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар инвестицияларының қатысуымен салынатын объектілер құнын арттыруға жол бермеу үшін мемлекеттік сараптама порталында онлайн-калькуляторды (epsd.kz) енгізе отырып, құрылысқа жұмсалатын шығындардың шекті лимиттері белгіленді.

Бірегей сметалық бағалар, олардың анықтамалары (прайс-парақтардың орнына) әзірленеді. Бұл өңірлер бойынша бір объектіні салу құнының ауытқуын, сондай-ақ жобалау және жобалық-сметалық құжаттамасын сараптау кезеңінде жобалардың сметалық құнының өсуін болдырмайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары шағым түспесе тексеруге бара алмайды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары объектілерді пайдалануға қабылдауға қатыспайды.

Бақылаудың әлсіздігінен құрылыс салушыларда немқұрайдылық байқалады және объектілер кемшіліктерімен қабылданады.

Мемлекеттік бақылауды күшейту үшін мынадай шұғыл шараларды қамтитын заң жобасы әзірленді:

1. Аумақта құрылыс салуды сапасыз жоспарлауды болдырмау мақсатында қала құрылысы сараптамасын енгізу;

2. Құрылыстың барлық кезеңінде объектілерге жоспарлы бақылау енгізу және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы;

3. Пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызмет құру.

Сонымен қатар ретсіз құрылыс салуды болдырмау және қала құрылысын жоспарлауды реттеу шеңберінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, халықтың жайлы тұруы үшін қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттары енгізіліп жатыр.

Стандарттар біріздендіріледі. Онда мыналар қамтылады:

- қала аумақтарын кешенді дамыту қағидаттары;

- қала аумақтарын дамыту стандарты;

- қалалардың келбетін қалыптастыру стандарты;

- бос аумақтарды игеру стандарты;

- жобаларды әзірлеу және іске асыру бойынша нұсқаулық.

«Биыл 11 айдың қорытындысында құрылыс материалдары өндірісі 9,2% өсіп, 820,2 млрд теңгені құрады. Өңдеуші өнеркәсіп құрылымында сала үлесі шамамен 5,5% құрайды. Салада 2 442 кәсіпорын бар. Оларда 26 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында саладан ел экономикасына 33,8 млрд теңге салық түсті. Бұл өткен жылғыдан 1,3 есе жоғары көрсеткіш. Жалпы құрылыс материалдарының ішкі нарығы $2,6 млрд құрайды. Оның ішінде отандық өндіріс үлесі – 60%, импорт – 40%», — деді Б. Атамқұлов.

Отандық өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент, қабырға материалдары сияқты базалық құрылыс материалдарына қажеттілігін толық өтейді. Барлығында дерлік құрылыста және жөндеу жұмыстарында қазақстандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары қолданылады.

Алайда, әрлеу сегментінің қосылған құны жоғары тауарлары импортқа тәуелді болып отыр. Әдетте, бұл әрлеу материалдары, тұсқағаздар, линолеум, жылу оқшаулағыш материалдар, санфаянс және шыны бұйымдары.

Министрдің айтуынша, пайдалануға беріліп жатқан жаңа тұрғын үйлердің көбейгенін ескерсек, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттырып, жаңа серпінді инвестициялық жобаларды іске асыру қажет. Бұл саланың импортқа тәуелділігін азайтады. 

2021-2025 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 1 066 млрд теңгеге 165 жобаны іске асырып, 16,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу болжанып отыр. 

Өңірлерге қатысты алсақ, ең көп жаңа инвестициялық жобаларды Ақмола, Түркістан, Алматы облыстары мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында іске қосу жоспарлануда.

Биыл құрылыс материалдары өндірісінде 2 ірі жоба іске қосылды:

Бірінші жоба. Ақтөбе облысында Зерде-Керамика кәсіпорнын кеңейту шеңберінде жобалық қуаты 5 млн шаршы метр болатын зауыт іске қосылды. Бұл елдегі керамикалық плиткалар өндірісі қуатын 3 есеге арттырды.

Екінші жоба. Биылғы 8 желтоқсанда «Orda Glass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табақ шыны құюға арналған кәсіпорны іске қосылды. Техникалық ерекшеліктерге сәйкес, зауыт алғашқы өнімін келесі жылдың сәуір айында нарыққа шығаруды жоспарланып отыр.

2022 жылы бірқатар жаңа өндіріс ашылады. Олардың ішінде мыналарды атап өтуге болады:

  • «Orient Ceramic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірі көлемді керамикалық плиткаларды өндіру зауыты. Қуаты 3 млн шаршы метр;
  • «Bolashak Electric» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жабық вакуумдық ажыратқыштар мен микро-процессорлық жүйелерді өндіру зауыты. Қуаты 10 мың бірлік өнім;
  • «Valtherm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің радиаторлар өндіру зауыты. Жылына 7,2 млн дана;
  • «SG Brick» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еліміздегі ең ірі кірпіш зауыты. Қуаты жылына 100 млн дана.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы А. Сәтқалиев «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жаңа өндірістерді құру, сондай-ақ импортты алмастыратын құрылыс материалдарын өндіру бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту бойынша әлеуетті инвесторлармен өзара тиімді әріптестік бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Samruk Kazyna Construction» АҚ жобалар қоржыны жаңа өндірістерді құру, сондай-ақ импортты алмастыратын құрылыс материалдарын өндіру бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту жөніндегі 23 жобадан тұрады.

Жобалардың жалпы құны 395 млрд теңгені құрайды, онда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ инвестицияларының үлесі шамамен 10%-ды құрайды. Жобаларды іске асыру мерзімі — 2022-2024 жылдар. Бұл ретте 5 300-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.

«Бүгінгі таңда құрылыс материалдарын өндіру бойынша 23 жобаның тізімі жасалды. Нұр-Сұлтан қаласында шетелдік Mabetex Group компаниясымен бірлесіп 5 зауыт салу жоспарлануда. Қуаты жылына 570 мың бұйымды құрайтын, шамамен құны 61 млрд теңге болатын "Керамикалық санфаянс өндірісі бойынша зауыт құрылысы" және қуаты жылына 3 млн м2, шамамен құны 25 млрд теңге болатын "Сәндік керамикалық плиткалар өндірісі бойынша зауыт құрылысы" маңызды болып табылады», — деп хабарлады А. Сәтқалиев.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында есік төсемдерін шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Бұл жобалар жалпы өндірістік қуаты 500 мың жиынтық және құны 12 млрд теңге болатын BelwoodDoors Беларусь компаниясымен бірлесіп іске асырылып жатыр.

Бұдан басқа жалпы қуаты жылына 660 мың м2 болатын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында құрама темірбетон бұйымдарын өндіру жөніндегі серіктес Базис корпорациясы болып табылады.

Алматы облысында, Талдықорған қаласында құны 3 млрд теңге болатын, қуаты 60 мың м3 газобетон блоктарын өндіру зауытын салу және Ащыбұлақ ауылында құны 4,5 млрд теңге болатын, қуаты 1,5 млн м2 қасбет плиталарын өндіру зауытын салу жоспарда бар. Аталған зауыттармен осы өңірде және Алматы қаласында жоғары сұранысты қамту жоспарланған.

Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған шикізат карьерінде силикат кірпіш пен әк өндіретін зауыт салынады. Болашақ зауыттың қуаты жылына жалпы құны шамамен 5 млрд теңге болатын 30-40 млн кірпіш пен 100 000 тонна әкті құрайды.

Атырау қаласындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» еркін экономикалық аймағының аумағында құны 7,9 млрд теңге және қуаты жылына 15 мың тонна бұйымды құрайтын полипропиленнен жасалған бұйымдар шығаратын зауыт салу жоспарда бар. 23 жобаның жиынтық құны шамамен 395 млрд теңгені құрайды және 5 300-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жобалардың әлеуетті инвесторларымен ынтымақтастық туралы 11 меморандум жасалды, сондай-ақ жобаларды іске асырудың жол карталары бекітілді.

Басқарма төрағасының айтуынша, жобалардың инвестициялық тартымдылығын бағалау аясында бизнес-жоспарлар мен қаржылық-экономикалық негіздемелер әзірленді, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп жобаларды қаржыландырудың оңтайлы құрылымдарын айқындау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Зауыттар салу үшін жер телімдерін алу, сондай-ақ зауыттарды шикізатпен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстандық шикізатты пайдалану жергілікті қамту үлесін 80%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Корпоративтік рәсімдерді сақтау мақсатында жобалар тұжырымдамалары «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық-стратегиялық комитетінің мақұлдауынан өтеді.

«Құрылыс материалдары зауыттарын салу бойынша көрсетілген 23 жобаны іске асыру қазақстандық құрылыс материалдары нарығы импортының үлесін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, зауыттар толық іске қосылған кезінде нарықта шыны мақта импортын 91%-ға, санитарлық фаянсты 81%-ға, қасбеттік бұйымдарды 36%-ға, есік блоктарын 18%-ға, керамикалық плиткалар мен плиталарды 11%-ға ауыстыру жоспарлануда», – деп хабарлады А. Сәтқалиев.

Өз кезегінде, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы А. Әріпханов 2021 жылдың қорытындысы бойынша холдинг тұрғын үй құрылысы аясында қол жеткізген негізгі нәтижелерге тоқталып өтті.

Облигацияларды сатып алу тетігі арқылы кредиттік тұрғын үй салу бағыты бойынша әкімдіктерге жалпы сомасы 163,7 млрд теңге қорландыру ұсынылды, бұл бекітілген жоспардың 100%-ы.

Қаражат әр 2 жыл сайын қайтатын негізде, жеңілдетілген жылдық 4,25%-бен беріледі.

2022-2025 жылдары 4 млн шаршы метр кредиттік тұрғын үй салу үшін жалпы сомасы 869 млрд теңгеге ЖАО облигациялары кумулятивті сатып алынатын болады.

Бүгінгі таңда, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша 2021 жылы халыққа жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 73 мың жеңілдетілген қарыз берілді, оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 150 млрд теңге сомасына 13,6 мың қарыз берілді.

Көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін жеңілдетілген жылдық 2%-бен кредит берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2021 жылы 70 млрд теңге бөлінді, 45 млрд теңгеге 3 837 қарыз берілді, 10,2 млрд теңгеге 873 қарыз қосымша мақұлданды. «Бақытты отбасы» бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жоспар 240 млрд теңгені құрайды. 

Үлестік тұрғын үй құрылысы бойынша жалпы сомасы 362 млрд теңге, ауданы 2 млн шаршы метр тұрғын үй бойынша 73 жобаға кепілдік берілді. Бұл коммерциялық нарықтан 21 мың пәтер сатып алуға салған халықтың салымдарын қорғауға мүмкіндік берді.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң қолданысқа енген кезден бастап жалпы ауданы 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй үшін 603,4 млрд теңгеге 143 кепілдік берілді.

2025 жылға дейін жалпы 500 млрд теңгеге жуық жобалар кепілдендіріледі.

Жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау бойынша жалпы сомасы 27,8 млрд теңгеге жобалар мақұлданды, ал жоспар 20 млрд теңге болған.

Құрылыс компаниялары үшін коммерциялық кредиттердің құны орта есеппен 50%-ға арзандады.

2025 жылға дейін жалпы сомасы 100 млрд теңге сомасына жобаларға қолдау көрсетіледі.

Сонымен қатар Қазақстан тұрғын үй компаниясы «Қазтізілім» үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.

«Компания жүйені мемлекеттік деректер базасымен ықпалдастыру арқылы дамытып, жаңғыртпақшы. Бұл үлестік қатысу шарттарын электрондық тіркеуді 3 күннен 2 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді және жосықсыз құрылыс салушылардың тұрғын үйді нарықта «екі рет» сатуына жол бермейді», — деді А. Әріпханов.

Сонымен қатар Қазақстан тұрғын үй компаниясы тұрғын үй құрылысының өзіндік құнын арзандату және қазақстандық өндірушілерді қолдау мақсатында Құрылыс материалдарының маркетплейсін әзірледі. Бұл платформада құрылысқа қатысушылар өз тауарлары, жұмыстары, қызметтері туралы ақпаратты орналастырып, сондай-ақ мәмілелер жасаса алады.

Бүгінде құрылыс материалдарының витринасы қалыптастырылды, онда отандық өндірушілерге коммерциялық ұсыныстар жіберу функциясы бар.

Екінші кезеңде, платформаның мәртебесі және ол арқылы материалдарды сатып алу тәртібі анықталғаннан кейін, өінм берушілер мен құрылыс салушылар арасында онлайн шарттар жасасу функциясы әзірленетін болады.

Маркетплейс өнеркәсіптік пайдалануға 2022 жылғы 1-тоқсанда енгізілетін болады.

«Тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң жобасы шеңберінде, Отбасы банкінің базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Бұл жерде тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу, кезекке қою, сондай-ақ тұрғын үй қолжетімділігі сатысына сәйкес, кезекке қойылған күні бойынша баспана бөлу бір орталықтан жүзеге асырылады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен біріктірілетін болады», — деді А. Әріпханов. 

Бұдан басқа, екінші деңгейдегі банк мәртебесін ұлттық даму институты мәртебесіне ие банк етіп өзгерту жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй ақысының бір бөлігін субсидиялау тетігін іске асыру бойынша Ұлттық жобадағы жоспарда 2022 жылға ЖАО-да кезекте тұрған 20 мың адам және 2025 жылдың соңына дейін кезекте тұрған 185 мың адам көзделген.

Сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ облыстардың әкімдерімен бірлесіп, банк құралдары шеңберінде, даму әлеуеті төмен моноқалалардың тұрғындарына арналған жеңілдетілген ипотека бағдарламасын әзірлейді, ол бойынша бастапқы жарна 10%, сыйақы мөлшерлемесі 2-5% шегінде. Өнім әзірленетін жоспарлы мерзім – 2022 жылдың 1 тоқсаны.

Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев өңірдің құрылыс саласының негізгі көрсеткіштері бойынша жоспарды орындағанын хабарлады.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 163,3 млрд теңге, нақты көлем индексі – 110,8% құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 10,7% артты. Соңғы төрт жылда Ақмола облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Келешекте 2025 жылға дейін барлық қаржыландыру көздері есебінен 4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамту шамамен 95% құрайды, бұл 2022 жылғы жоспарлық көрсеткіштен жоғары. Құрылыс индустриясы саласында 100 аса кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы кең таралған пайдалы қазбаларды (қиыршық тас, әктас, құрылыс және кварц құмы, каолин, доломит және т.б.) барлау мен өндіруге 166 келісімшарт жасалды және лицензиялар берілді», — деді Е. Маржықпаев.


Биыл құрылыс индустриясы өнімдерінің көлемі өсуі басқа да металл емес минералды өнімдер өндісінде 28% құрады.

Минералмақта тақта өндірісі 2,5 есе, құрылысқа арналған бетон бұйымдар 13%, керамикалық кірпіш 8% өсті.

2010 жылдан бастап құрылыс индустриясы саласында жалпы инвестициялар көлемі 102 млрд теңге 55 ірі және орташа жоба жүзеге асырылды. 3 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылды. Соның ішінде Индустрияландыру бағдарламасы бойынша құны 90 млрд теңгеден асатын 25 жоба іске қосылды.

Тәуелсіздік күнінің қарсаңында қуаты жылына 30 млн дана жаңа «ЕНКИ Плюс» кірпіш зауыты пайдалануға берілді.

«Келесі жылғы сәуірде “СДжи Брик” өндіріс көлемі жылына 120 млн дана тағы бір ірі кірпіш зауыты іске қосылады. Жалпы, өндірілетін кірпіштің жиынтық көлемі осы 2 жобаны ескергенде 2 есеге дейін, елдегі үлесі 27%-дан 40%-ға дейін өседі, ал өнеркәсіп өнімі көлемінің жылдық өсімі 5 млрд теңгеге жуық құрайды. Сонымен қатар алдағы екі жылда астана маңында “СДжи Бетон” темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты, “Асыл Тас” жасанды мәрмәртас өндіру зауыты іске қосылады. Сондай-ақ екі ірі жобаны қарастырып жатырмыз, олар – Шыны мақта және Санитарлық фаянс өндіру зауыттарының құрылысы. Инвестициялар көлемі шамамен 90 млрд теңге құрайды», — деді Ақмола облысының әкімі.

Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов қала бойынша 2021 жылға арналған тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 1 млн м2 құрайтынын хабарлады. Өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға артты.

«Қаңтар-қараша айларында 694,9 мың м2 пайдалануға берілсе, қазіргі таңда нақты 922 мың м2 пайдалануға берілді. Ал, жыл қорытындысы бойынша 1 млн м2 жоспар толығымен орындалады. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 136,5 млрд теңге жоспарланған. Қаңтар-қараша айларында құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 116 млрд теңгені құрап, желтоқсан айында іске асыру 20,5 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін ол 136,5 млрд теңгеге жетеді», — деді Шымкент қаласының әкімі.

Шымкент қаласында 2022 жылы құрылыс материалдарын шығару саласында 25,2 млрд теңгеге 619 жұмыс орнын құрумен 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде ірі жобалар ретінде «Orient Ceramic» компаниясының санфаянс және керамикалық тақталар өндірісін, «Global Glass» компаниясының құйма шыныдан шыны конструкцияларын өңдеу және өндіру зауытын және «Dala Construction» компаниясының үй құрылысы комбинатын атауға болады. 

Сонымен қатар 2025 жылға дейін 66 млрд теңгеге 900-ге жуық жұмыс орнын құрумен 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу