Қазақстанда 2025 жылға дейін колледж студенттерінің стипендиясы екі есе артады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері талқыланды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде 772 колледжде 531 мың студент оқиды. Бұл ретте колледждердің 85%-ы экономика салаларының техникалық, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету бағыттары бойынша кадрлар даярлайды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2025 жылға дейін жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 100% қамту көзделген. Биылғы жоспар көрсеткіші 80% деңгейінде орындалды.

2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемін 155 мың орынға дейін арттыру жоспарланып отыр, оның 70%-ын техникалық мамандықтарға бағыттау көзделген. Сондай-ақ 2027 жылға дейін 10 мың студентке арналған жатақхана пайдалануға беріледі.

Министр қазіргі уақытта жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды мақсатты даярлау жүзеге асырылып жатқанын айтты. Қазір осы бағыт бойынша 20 мың студент білім алуда, 2029 жылыкөрсеткішті 80 мыңға жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар бүгінгі таңда 558 колледжде 72 мыңнан астам студент дуалды оқытумен қамтылған. 2029 жылы бұл көрсеткішті 160 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы өткен екі жылда 40 мыңнан астам колледж түлегі 1,5 жылға дейінгі жұмыс өтілімен еңбек нарығына шығуға мүмкіндік алды.

Осы тақырып бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндама жасады.

Үкімет басшысының айтуынша, дамыған елдерде кадр даярлау жүйесіне, оның ішінде кәсіптік техникалық білім беру сапасын арттыруға басымдық беріледі. Атап айтқанда, бұл мәселе БҰҰ Декларациясында Мыңжылдық даму мақсаттары ретінде айқындалған. 

Премьер-Министр жалпы әлемдік тәжірибе бойынша жастардың еңбек нарығына араласып, алғашқы мамандық алып шығуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетінін айтып өтті. Бұл ретте экономикалық жетістігі дуалды оқыту жүйесіне негізделген Германия мемлекетін мысалға келтіруге болады.

«Бізде 9-сынып түлектеріне колледждерде тегін оқуға мүмкіндік берілген. 3 жыл ішінде кадр даярлауға тиісті мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылды. Егер бұған дейін колледждерде бюджет есебінен 95 мың студент оқыса, биыл олардың саны 133 мыңға дейін ұлғайтылды. Біз мемлекеттік тапсырысты бұдан әрі де арттыра беретін боламыз», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр биыл колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға көбейгенін, келесі жылы тағы да 50%-ға ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Осылайша, 2025 жылға қарай стипендия 2 есе артады.

Айталғандарды негізге ала отырып, Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

«Онда кадрларға деген сұраныстың болжамы және өндіріс пен инфрақұрылымның дамуы ескеріліп, салалар бөлінісінде іс-шаралар көрініс табуы тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы қысқа мерзімді оқытуға мемлекеттік тапсырысты бөлу, оны бір терезе қағидаты бойынша орналастырудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеу мәселелерін пысықтау қажеттігін айтты.

Оған қоса Үкімет басшысы Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын және колледждердің білім беру бағдарламаларының тізілімін енгізуді жеделдетуді тапсырды.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр жетекші колледждерді анықтауды, кадрларды даярлау, біліктілікті арттыру, және сертификаттау бойынша салалық кластерлер қалыптастыруды тапсырды.

«Оларда жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтарының, базалық кәсіпорындардың, тиісті колледждердің ресурстары біріктірілуі керек. Осы мақсатта мемлекеттік колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшін “Жас маман” бағдарламасын іске асыруды жалғастыру қажет», — деп түйіндеді Үкімет басшысы

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Білім беру #ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі #ҚР Оқу-ағарту министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу