Қазақстанда 5,3 мың оқушы жұмыспен қамтылды – ЕХӘҚМ

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылын аяқтау мәселесі қаралды. Онда оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ Ақмола және Атырау облыстарының әкімдері баяндама жасады.

«Елімізде еңбек етуге рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалар саны 1,7 млн-ды құрайды. Министрліктің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер бойынша бүгінгі күні ресми түрде 5,3 мың оқушы жұмыспен қамтылған. Жасөспірімдердің басым бөлігі – сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді. Бұл – олардың алғашқы еңбек тәжірибесін меңгеретін бағыттар. Мамандықтар бойынша көгалдандыру жұмысшысы, курьер, даяшы, сатушы-консультант, аспаз көмекшісі, аниматор болып еңбек етеді.

Жалпы, 14 жастан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың ең көп саны оңтүстік өңірде – Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматы, Астана, Шымкент қалаларында тіркелген. Оқушылар арасындағы ең жоғары жұмыспен қамтылу мегаполистерде байқалады. Ол республика бойынша жұмыс жасайтын балалардың 59%-ын құрайды. Бұның себебі ірі сауда, ойын-сауық орталықтары мегополистерде көбірек шоғырланған», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Оның айтуынша, оқушыларды жұмыспен қамту және кәсіптік бағдарлау үшін бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Біріншіден, Электрондық еңбек биржасы (еnbek.kz) платформасында өткен жылдан бастап «Менің жазғы демалысым» арнайы бөлімі іске қосылды. Бұл оқушылар үшін 14 жастан бастап платформада тіркеліп, жеке кабинет ашуға, резюмесін орналастыруға және өз бетінше лайықты бос орындар іздеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, 16 жасқа толмаған оқушылар үшін тіркелуді және жеке кабинет ашуды заңды өкілдері жүзеге асырады. Платформа ресми қауіпсіз жұмыс іздеуді және міндетті еңбек шарттарын қалыптастыруды қамтамасыз етеді. «Менің жазғы демалысым» платформасы арқылы 2026 жылдың басынан бері 1 024 оқушы, ал 2025 жылы 4 552 оқушы жұмысқа орналастырылды.

«Екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту. Жалпы, өткен жылдан бастап 8,5 мыңнан астам жас азамат белсенді шаралармен қамтылды. Оқушылардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға орналастырылған. Өйткені оған қатысу кезінде білім талап етілмейді. Осы жылы оқу процесі аяқталғаннан кейін жұмысқа орналастыру қамтамасыз етіледі.

Үшіншіден, оқушылар үшін Skills.Enbek.kz порталында тегін және ақылы түрде онлайн курстар қолжетімді. Курстар әртүрлі салада ұсынылған. Жаңа кәсіптік дағдыны меңгеруге мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде өткен жылдан бастап Skills.Enbek.kz порталында 500 мыңнан астам оқушы жұмыс іздеу дағдыларын үйренді, оның ішінде Enbek.kz порталында резюмені сауатты толтыруды меңгерді», — деді Асқарбек Ертаев.

Төртіншіден, мансап жолын дұрыс таңдауға көмектесу үшін «Мансап компасы» платформасы іске қосылды. Платформа арқылы пайдаланушылар кәсіптік бағдар беру тестілері бойынша өздерінің мансаптық қызығушылығын тексеруге және сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алуға, оқу орнын таңдауға, таңдаған мамандықтың шарттарымен танысуға мүмкіндік алады. 136 мыңнан астам бала кәсіптік бағдар беру тестілерін тапсырды.

Бесіншіден, негізгі бағыт – балалардың еңбек құқықтарын қорғау. Бүгінгі күні кәмелетке толмаған жұмыскерлердің құқықтарын қорғау заңнамалық деңгейде қамтамасыз етілген. Осы орайда, балаларды жұмыспен қамту уақытының шектелуі, түнгі уақытта және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеуге тыйым салу, және, ең бастысы, ата-аналардың баласының жұмыс істеуіне келісім беруі ескерілген. Өткен жылғы қазан айынан бастап ағымдағы жылғы сәуірге дейін еңбек нарығында 18 жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа қабылдау мәселелері бойынша зерттеу жүргізілді. Сауалнамаға балалар мен олардың ата-аналары арасынан 100 мыңға жуық респондент қатысты. Оқушылардың еңбекке араласуына негізгі мотивация – өз қажетіне ақша табу және ата-анасына көмектесу. Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 16,2%-ының базалық еңбек тәжірибесі бар.

«Сонымен бірге, өткен жазғы кезеңде анықталғаны:

  • Жасөспірімдердің 70%-дан астамы ресми еңбек шартын жасамай жұмыс істейді,
  • жасөспірімдердің 51%-ы кешкі уақытта немесе түнде жұмыс істейді,
  • Жасөспірімнің 10%-ы жалақының тұрақсыз төленуі немесе мүлде төленбеуі жағдайларына жолығады.

Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында ағымдағы жылдан бастап ведомствоаралық іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Жоспардың шеңберінде Еңбек кодексіне және «Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңға заңнамалық өзгерістер енгізу пысықталуда. Өзгерістер келесі жағдайларды көздейді:

1) жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қоса алғанда, кәмелетке толмағандардың қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру;

2) сақтандыру арқылы қорғауды алатын кәмелетке толмағандардың құқықтарын бекіту;  

3) жас мөлшерін, атқаратын жұмысының сипатын және қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, кәмелетке толмағандарды жұмыспен қамтудың рұқсат етілген және тыйым салынған нысанын нормативтік айқындау», — деді ол.

Ұсынылып отырған өзгерістер Халықаралық еңбек ұйымының «Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне тыйым салу және оларды жою туралы» №182 Конвенциясында бекітілген кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Заңнамалық өзгерістермен қатар бақылау шаралары күшейтілетін болады.

Бірінші. Кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуына мониторинг республиканың барлық кәсіпорындарында Еңбек тәуекелдері картасы базасында цифрлық форматта жүргізілетін болады.

Екінші. Тәуекелдері жоғары секторларда бейресми жұмыспен қамтуды бақылау күшейтілетін болады.

Үшінші. Ата-аналар арасында кәмелетке толмағандар үшін жас шектеулері, еңбек құқықтары мен кепілдіктері туралы жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылатын болады.

Негізгі міндет – кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуын бейресми сектордан шығарып, оны реттеу, мониторинг жүргізу және бұзушылықтардың алдын алу бойынша бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету.

«Жас-өспірімдерді жазғы жұмыспен қамту – бұл алғашқы ақшаларын табу мүмкіндігі ғана емес. Бұл баланың ерте жастан кәсіптік бағдар алуына, еңбек қабілетін нығайтуға және еңбек нарығына бірінші қадам басуына үлкен мүмкіндік. Ең бастысы, бұл тәжірибе ресми, қауіпсіз және қорғалған болуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу және бақылауды күшейту жұмыстары жалғасатын болады», — деді министр.

#Жұмыспен қамту #Үкімет отырысы #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу