Қазақстанда AI-First тәсілі енгізілуде: салаларды цифрлық трансформациялаудың 20 картасы бекітілді

Технологияларды ел экономикасына жүйелі енгізу үшін Қазақстанда Цифрлық трансформация карталары енгізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілген. Олардың әрқайсысында 2027 жылға дейін AI-шешімдерді және KPI енгізу жоспары бар, ал процестерді жобалау AI-First қағидатына негізделген. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында экономика салаларына жасанды интеллектті енгізу бойынша жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда.

Экономика       салаларына       жасанды интеллектіні енгізудің екі негізгі мақсатын атап өту қажет: 

  • Біріншісі. Экономикалық өсім. Жасанды интеллект өнімділікті арттырудың негізгі драйверіне айналуы тиіс. Бұл жеке процестерді автоматтандыру туралы ғана емес. Жасанды интеллект жаңа өнімдерді, жаңа нарықтарды жəне экспорт үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы қажет.
  • Екіншісі. Бизнесті қолдау. Жасанды интеллект есебінен: бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдету, өтініш  беру  форматынан проактивті қызметтерге көшу жəне бизнес шығындарын қысқарту қамтамасыз етіледі.

Бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірлесіп Цифрлық трансформация карталары енгізілуде. Бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілді. Атап айтқанда, өнеркəсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік жəне логистика, білім беру, денсаулық сақтау жəне басқа да бағыттар. Əр карта:

  •  негізгі цифрлық сын-қатерлерді;
  • AI-шешімдерді енгізу жоспарын;
  • 2027 жылға дейінгі KPI жəне күтілетін əлеуметтік-экономикалық əсерлерді қамтиды.

Процестерді жобалауда жасанды интеллектіні  басым  қолдануды  көздейтін AI-First қағидатына сəйкес бірыңғай архитектуралық тəсіл қолданылды. Бұл тәсіл «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында баршаға қолжетімді. Барлық орталық мемлекеттік органдардың бекітілген карталарды орындауы міндетті. 

«Жалпы, мемлекеттік органдар əртүрлі салалар бойынша азаматтар үшін 50-ден астам AI-агентті қалыптастыруда. Олар халықтың өмір сүру сапасын жəне бизнеспен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыратын болады. Қазірдің өзінде осы шешімдерге практикалық сұраныс бар. Мысалы: eGov AI ассистенті 2,3 млн-нан астам рет пайдаланылды, құқықтық AI-кеңесші 230 мыңнан астам кеңес берді, AI-терапев  35-тен  астам  клиникада енгізілуде, сондай-ақ білім беру саласында AI-агенттер енгізілуде», — деді Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев. 

Сондай-ақ министр жасанды интеллект негізінде жүргізіліп жатқан реинжиниринг кейстеріне тоқталып өтті. Мысалы,  бизнесті  ашуға  арналған AI-көмекші. Бұл жоба Қаржы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұрын бір үйде немесе ауданда бір уақытта бірнеше ұқсас нысанның ашылу қаупі болатын.

Мысалы, кофеханалар немесе дəріханалар. Енді кəсіпкер картадан қажетті аумақты таңдайды, ал жүйе осы локацияда кімнің тіркелгенін немесе жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект бизнес ашуға неғұрлым қолайлы нұсқаларды ұсынады. Клиенттік ағын, бəсекелестік орта жəне таңдалған аумақтағы тіркелген бизнес ескеріледі. Шешім бизнес ашу кезіндегі тəуекелдерді төмендетуге жəне артық бəсекелестікті барынша азайтуға бағытталған. Бұл бизнесті іске қосу кезеңіндегі операциялық шығындарды 2 есеге дейін қысқартуға жəне бизнестің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді. 

Сондай-ақ Қаржы министрлігімен бірлесіп 24/7 онлайн режимде салық есептілігін тапсыру жəне салық нормаларын қолдану бойынша кеңес беретін AI-көмекші іске қосылды. Бұл жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты ерекше өзекті. Азаматтар мен бизнес салық мəселелері бойынша түсінікті əрі жедел түсіндірме ала алады. Қызметтің басты құндылығы — салық нормаларын қабылдау үшін жеңілдету. Пайдаланушы күрделі заң мəтінін емес, не істеу керектігін жəне қателерді болдырмау шаралары жөнінде анық кеңес алады. Бүгінгі күні 5 мыңнан астам сұраныстың өңделуі сервистің қажеттілігін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін салық есептілігінің барлық түрлері мен декларацияларды автоматты түрде толтыруды енгізу жоспарлануда.

Келесі кейс – кəсіпкерлерге қаржыландыру алуға көмек көрсету. Бұрын қаржылық-экономикалық модельдерді дайындау үшін кəсіпкерлерге жеке мамандарды тартуға тура келетін. Бұл – қосымша шығын жəне уақыт. «Бəйтерек» холдингімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан AI-көмекші: қаржыландыруға өтінім беру процесін 24/7 сүйемелдейді, қатысу шарттарын түсіндіреді, сондай-ақ кəсіпкерлерді бизнес-жоспар мен құжаттарды дайындау кезінде қолдайды. Бұл əсіресе ісін жаңа бастаған кəсіпкерлер үшін бизнесті ашу жəне дамыту процесін барынша қолжетімді етеді. 

Денсаулық сақтау саласындағы нəтижелі кейстердің бірі – Cerebra AI. Бұл – инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нəтижесін 30 минуттың орнына 5–10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едəуір жылдамдатады жəне дəлдігін арттырады. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл жəне Алматы облыстарында енгізілді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап инсультке күдігі бар жеті мың алты жүзден астам пациенттің деректері талданды. Өлім-жітім деңгейінің 40%-ға төмендеуі, сондай-ақ уақытылы ем алатын пациенттер үлесінің 150%-ға артқаны байқалады.

Ұялы байланыс сапасын арттыру үшін операторлар телеком-желілерін талдауға арналған жасанды интеллект енгізеді. Жүйе желі жүктемесін, пайдаланушылар тығыздығын жəне станциялар орналасуын талдап, болжайды. Осылайша, ресурстарды автоматты түрде, инженерлердің қатысуынсыз қайта бөлуге мүмкіндік береді. Алаяқтықпен күрес аясында AI-антифрод жүйесін енгізу жоспарлануда. Жаппай қоңырау шалу, нөмірді алмастыру немесе алаяқтық белгілері анықталған жағдайда жүйе қоңырауды абонент жауап бермей тұрып, миллисекундтар ішінде шектейді.

Осы шешімдердің тиімді жұмыс істеуі үшін жасанды интеллектіні дамытудың инфрақұрылымдық жəне құқықтық негізі маңызды. Орталық Азиядағы алғашқы жоғары өнімді суперкомпьютерлік кластер іске қосылды. Мемлекеттік  органдар  үшін  Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылды. Бұл – мемлекеттік қызметшілерге арналған, қорғалған ортада жұмыс істейтін GPT аналогы. Платформада 15 мыңнан астам пайдаланушының 500 мыңнан аса сұранысы өңделді. Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Заңға қол қойды. Заң: жасанды интеллект саласындағы əзірлеу, қолдану жəне жауапкершілік мəселелерін реттейді; инновациялар мен азаматтардың құқықтық кепілдіктері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді.

Astana Hub экожүйесінде 379 AI-жоба жүзеге асырылуда. Бұл AI-шешімдерді əзірлеу жəне оларды экономиканың түрлі салаларына енгізу үшін белсенді орта қалыптасқанын көрсетеді.  Стартаптардың 2025 жылдың қорытындысы бойынша жиынтық табысы 103 млрд теңгені құрады. Барлық кезеңдегі жиынтық табыс 230 млрд теңгеге жетті. 2025 жылғы экспорт көлемі 3,5 млрд теңгеден асты. Сондай-ақ 5 700 жұмыс орны ашылды.

Жасанды  интеллектіні  енгізудің  негізі  – даярланған кадрлар. Мемлекеттік қызметшілер мен бизнестің жасанды интеллект саласында құзыреттерін дамыту бойынша жұмыстары жүргізілуде. AI Governance 500 бағдарламасы бойынша мемлекеттік жəне квазимемлекеттік сектордың 100-ге жуық топ-менеджері оқудан өтті. Келесі лектің басталуы осы жылғы маусым айына жоспарланған. Сонымен қатар AI Gov Cup конкурсы өткізілді. 6 номинация бойынша 184 жоба қаралды. Конкурс жеңімпаздарын Мемлекет басшысы марапаттады. Бұл конкурс мемлекеттік секторға арналған практикалық AI-шешімдерді қолдауға бағытталған. Экономика салаларына жасанды интеллектіні енгізуде AI Leaders бағдарламасы ерекше рөл атқаруда. Бағдарлама аясында 600-ден астам мемлекеттік қызметші мен түрлі саладағы кəсіпкерлер қамтылды. Бағдарлама Stanford University, OpenAI Academy жəне Silkroad Innovation Hub-пен бірлесіп жүзеге асырылуда. Оқу нəтижесінде қатысушылар Stanford сертификатын алады, сондай-ақ компаниялар үшін AI-стратегиялар əзірленеді. Бұдан бөлек, 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші Ұлттық жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеу бойынша офлайн оқудан өтті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп іске қосылған AI Qyzmet бағдарламасы бойынша тағы 57 мың мемлекеттік қызметші оқудан өтті. Сонымен қатар əкімдіктердің 24 мыңнан астам мемлекеттік қызметшісі онлайн-оқумен қамтылды.

Биылғы 24 сəуірінде Мемлекет басшысы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосты. Жалпы  ауданы  22  мың  шаршы  метрді құрайтын Орталықта: жасанды интеллектпен танысудан бастап, халықаралық нарықтарға шығуға дейінгі барлық мүмкіндік шоғырланған. 1-қабатта қоғамдық кеңістік, AI-кинотеатр жəне AI-музей орналасқан. Бұл – Орталық Азиядағы жасанды интеллект тарихына арналған алғашқы интерактивті музей. 2–3-қабаттарда 12-ден 18 жасқа дейінгі оқушыларға арналған TUMO Astana жұмыс істейді. Жылына 5 мыңға дейін оқушыны қамту жоспарланған. 4-қабатта өңірдегі алғашқы   peer-to-peer мектебі – Tomorrow School орналасқан. Бүгінгі күні 21 мыңнан астам өтінім түсті. 5-қабатта: Apple Training Center, Playrix-пен бірлескен GameDev Center, сондай-ақ болашақ AI Research University орналасады. 6-қабатта ai’preneurs стартап-кампусы орналасқан. Қазірдің өзінде 3 лек өтіп, 1 400-ден астам өтінім қабылданып, 35 жаңа стартап іске қосылды. 7-қабатта  Big-Tech  компанияларының AI-зертханалары, ал 8-қабатта AI Governance Office орналасады. Онда   экономика  салаларында  енгізу  үшін үздік AI-шешімдер іріктеледі. Бүгінгі күні   орталықта   9 елден келген 11 делегация қабылданды. Ал жыл сайынғы келушілер ағыны шамамен 100 мың адам болады деп күтілуде. 

#Президенттің тапсырмасы #Цифрландыру #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу