Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі жол картасы әзірленді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Баға мониторингі және әрекет ету шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.

Сауда және интеграция министрі баяндағандай, жыл басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары 2,6%-ға өсті. Жылдық мәнде олар 13,2%-ға қымбаттады.

Ең жоғарғы өсім, яғни 3,3%, Батыс Қазақстан облысы және Шымкент қаласында тіркелді. Олардан кейін тағы 8 өңірде еліміздегі тіркелген орташа деңгейінен жоғары, яғни 2,7%-дан 2,9%-ға дейін бағаның өсіміне жол берілді.

«Бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністердің бағалары өсім көрсетті. Мәселен, жұмыртқа өндірісінің 8,4%-ке қысқаруы, жем мен пестицидтердің 25%-ке қымбаттауы, сондай-ақ құс тұмауының таралуы салдарынан қымбаттады. Ал, күнбағыс майы мен қант бағаларының өсіміне әлемдегі бағалардың өсуі, көрші елдердегі егіс алқаптарының қысқаруы және экспорттық өнімнің қымбаттауы себеп болды», — деді Б. Сұлтанов.

Бағаларды тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп бағаларды тұрақтандыру бойынша жол картасын әзірледі. Құжат 44 нақты шарадан тұрады. Әр шара бойынша нақты орындау мерзімі мен жауапты тұлғалар бекітіледі. Олар наурыз айынан бастап іске асырылады. Шараларды 4 бағытқа бөлуге болады.

1-бағыт. Тексерулер мен комплаенс.

Шаралар бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы атқарылған жұмысты жариялай отырып, мемлекеттік органдар тарапынан бағаны негізсіз көтерген нарық субъектілеріне бақылауды күшейтуге бағытталған.

Атап айтқанда, монополияға қарсы шаралардың өткізілуі және сауда желілерінде сауда үстемесінің көтерілмеуі көзделеді.

Бұл барлық тексерулер мораторийге кірмейді. Себебі халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Осыған орай, шекті бағаларды белгілеумен қатар жергілікті атқарушы, монополияға қарсы және фискалды органдар бірлесіп тексеру жүргізеді.

2-бағыт. Сауда шаралары.

Қолданыстағы тетіктерді жетілдіруді көздейді. Осы шараларды орындау үшін әкімдіктер сауда саясатын іске асыру жұмысын және бақылау функцияларын күшейтуі қажет. Оның ішінде шекті бағаларды белгілеу, нарық субъектілерімен шарттар жасасу, «айналым схемасын» ұлғайту ұсынылады. Бұған қоса, экспорттық тауарлар мен шикізатқа квоталарды орнату қарастырылған.

3-бағыт. Өндірісті ұлғайту және кәсіпорындарды қолдау. 

Іс-шаралар кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын ұлғайтуға, шығындарды өтеу және қолданыстағы субсидияларды қайта қарау арқылы ынталандыруға бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілері үшін электр энергиясы тарифтерін бір қалыпта ұстау көзделген.

Бұдан басқа, импортқа жоғары тәуелді тауарларға бағдарлана отырып, тұрақтандыру қорлары қайта қаралатын болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен бірлесіп, көктемгі егіс жұмыстары кезінде форвардтық келісімшарттарды ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтеді.

4-бағыт. Заңнамалық өзгерістер. 

Бұл бағытта мемлекеттік сатып алудың конкурстық рәсімдерін оңайлату, шекті бағаларды белгілеу туралы қаулыларды келісу мерзімдерін қысқарту, бағаларды болжау тетігін енгізу сияқты түбегейлі өзгерістер қарастырылған.

Мемлекет басшысының халыққа арналған Жолдауында тапсырылған, ұлттық тауар өткізу жүйесі мен әлеуметтік әмиянды іске қосу бір жағынан бағаны тұрақтандырады, екінші жағынан, отандық тауар өндірушілер үшін өнімді өткізу нарығын және олар үшін экономика айналымындағы қаржы ресурстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазіргі уақытта «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ ресурстарында 847 мың тонна астық және майлы дақылдар бар екенін, оның 446 мың тоннасын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының кейбір түрлеріне бағаны тұрақтандыру мақсатында ішкі нарықта өткізу жоспарланғанын атап өтті. 

«Ұн тарту, құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарына 3 және 4-санатты 425 мың тонна бидай, сондай-ақ 15 мың тонна арпа сатылатын болады. Қолда бар күнбағыс және қарақұмық қорларын одан әрі ішкі нарықта дайын өнім ретінде өткізу үшін өңдеуге жіберу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қорларын қалыптастыру үшін Азық-түлік корпорациясы осы жылдың 5 ақпанынан бастап форвардтық сатып алуға кірісті», — деді С. Омаров.

Осы мақсаттарға Азық-түлік корпорациясы қаржы нарығында шамамен 44 млрд теңге сомасында қаражат тартуда, бұл 2020 жылғы қаржыландыру сомасынан 2 есеге жуық артық. Биыл Азық-түлік келісімшарт корпорациясы сатып алынатын өнімдер тізбесін 4 дақыл түрінен жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, күнбағыс, рапс, зығыр, қарақұмық, сұлы, соя сияқты 9 дақыл түріне кеңейтті. 

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алудың жоспарланған көлемі шамамен 800 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 310 мың тоннаға артық. Жалпы форвардтық сатып алу арқылы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары түрінің ішінде 12 тауардың (ұн, нан, түтіккеспе, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, тауық жұмыртқасы, сүзбе) өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету жоспарлануда», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

2021 жылғы 10 наурыздағы жай-күй бойынша 36,5 млрд теңге сомасына 197 өтінім келіп түсті. Алайда өтінімдер негізінен жұмсақ бидай мен арпа сияқты дақылдар бойынша келіп түсуде.

Сонымен қатар ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енгізілген азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін күнбағыс, қарақұмық, соя бойынша форвардтық сатып алу шарттарын жасасу қажет.

Облыстар әкімдіктерімен бірлесіп ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен және импортқа тәуелді тауарлармен толықтыру үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы жалғасуда. 

Өз кезегінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин жыл басынан бері республика бойынша ӘМАТ бағасының өсуі – 2,6%-ды құрағанын хабарлады. Бағаның ең көп өсуі келесі тауарларда байқалады: жұмыртқа – 11,5%, күнбағыс майы – 6,7%, қант – 3,3%, қарақұмық – 2,5%.

«Жыл басынан бері монополияға қарсы орган екі нан өндірушіге, 2 күнбағыс майын өндірушіге және 2 сауда желісіне қатысты 6 тергеу жүргізуде. Бағаны төмендету туралы 13 жұмыртқа өндірушіге, 7 күнбағыс майын өндірушіге, 2 қанттың көтерме жеткізушісіне, 3 қарақұмық жармасын көтерме жеткізушіге 25 хабарлама жіберілді», — деді С. Жұманғарин.

Осы тауар позициялары бойынша 2 айда бағаның ең жоғары өсуі байқалды – 3-тен 11%-ға дейін. Бұдан басқа, азық-түлік тауарларын өндірушілермен және ірі супермаркеттермен нан, ұн, макарон, сүт өнімдері, тұз, сиыр және құс еті бойынша 73 монополияға қарсы комплаенс актісі жасалды.

С. Жұманғарин атап өткендей, жыл басынан бері екі айда тауық жұмыртқасы құнының өсуі +11,5%-ды құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңінде -1,4%-ға төмендеді). 34 ірі құс фабрикасының 13-інде жұмыртқа сату кезінде бағалық сөз байласу белгілері анықталды.

Соның нәтижесінде, 13 өндірушіге бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді. Мысалы, монополияға қарсы орган Қостанай облысының тауық жұмыртқасының бағасын бір мезгілде 33%-ға дейін көтерген 2 ірі құс фабрикасының іс-әрекеттерінде бағалық сөз байласу белгілерін анықтады.

«Бұл ретте, бір құс фабрикасы өнімнің өзіндік құнының 6,2%-ға өсуі кезінде бағаны 10%-ға көтерсе, екіншісі жұмыртқаның құнын оларды өндіруге жұмсалатын шығындардың қандай да бір ұлғаюынсыз арттырған», — деді С. Жұманғарин. 

Сонымен қатар бағаның өсуінің негізгі факторларына бірқатар факторлар әсер еткенін атап өткен жөн. Бұл құс тұмауының өршуі және құс басының 15%-ға қысқаруы, тауық жемі құнының 150%-ға артуы. Осыған байланысты 8 құс фабрикасы өз өндірісін тоқтатты.

Жыл басынан бері екі айда күнбағыс майы құнының өсуі +6,7%-ды құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңінде төмендеу -0,3% болды).

Бағалық сөз байласу белгілерінің болуына байланысты нарықтың 7 субъектісіне бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді.

«Мысалы, бір мезгілде Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс майының екі ірі өндірушісі бұрынғы бағалар бойынша сатып алынған шикізаттың ескі қорларын пайдаланбай, өз бағаларын 150%-ға күрт көтерген. Сонымен қатар өнім құнына әкімшілік шығыстардың, оның ішінде жалақының 40%-дан астамға ұлғаюы енгізілген. Өз кезегінде бағаның күрт өсуіне бірқатар факторлар әсер етті. Бұл – майға әлемдік бағаның 53,8%-ға өсуі, шикізатқа сатып алу бағасының өсуі, өндірушілердің өткен жылғы егіннің шикізат қорының қысқаруы, егіннің аздығы», — деп түсіндірді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы.

Осыған байланысты, Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс майын өндірушілердің бірі шикізаттың болмауына байланысты өз өндірісін тоқтатты.

Айта кеткен жөн, жыл басынан бері екі айда қант құнының өсуі +3,5%-ды құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңінде -3,5%-ға төмендеді). Бағалық сөз байласу белгілерінің болуына байланысты 2 көтерме жеткізушіге бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді.

Бағаның өсуіне бірқатар факторлар әсер етті. Бұл ішкі нарықты 60% қамтамасыз ететін Ресей және Беларусь өндірушілерінің жеткізушілерінің бағасының өсуі. Қазіргі уақытта 3 қант зауыты маусымның аяқталуына байланысты өндірісін уақытша тоқтатты.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі тіркелгенін атап өтті. Осыған байланысты бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар кешенін қабылдау қажет, ол үшін 45 жедел шарадан тұратын жол картасы әзірленді.

«Олар бірінші кезекте азық-түлік өндірісін ынталандыруға және ішкі нарықты толықтыруға, азық-түлік кәсіпорындары үшін шикізатты арзандатуға, тауар интервенцияларын жүргізуге, нарықтың жосықсыз қатысушыларына қатысты тексерулер жүргізуге бағытталған. Сондай-ақ, қосымша шара ретінде ішкі нарыққа жеткізу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде ӘМАТ өндірушілері үшін қарсы міндеттемелер белгілеу көзделеді», — деді Ә. Смайылов. 

Осылайша, Жол картасы бойынша нақты орындаушылар мен мерзімдер белгіленді. Жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері аталған шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу