Қазақстанда әрбір төртінші дәрілік препараттың бағасы төмендеді – ДСМ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қаралды. Жиында ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен «СҚ-Фармация» компаниясының басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков баяндама жасады. Сондай-ақ фармацевтикалық компаниялардың басшылары – «Абди Ибрахим Глобал Фарм» бас директоры Фарух Рзаев және «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» компаниясының бас атқарушы директоры Светлана Киль сөз сөйледі.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мемлекет басшысының Жолдауларында айқындалған қазақстандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту, дәрілік заттардың түрлері мен көлемін ұлғайту жөніндегі стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру аясында министрлік атқарып жатқан жүйелі жұмыстар туралы айтып берді. Негізгі басым бағыттар – дәрілік заттардың халық үшін қолжетімділігін арттыру, олардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту, отандық фармацевтикалық өндірісті кеңейту, сондай-ақ фармацевтикалық жеткізу тізбегінің барлық кезеңдеріне цифрлық технологияларды енгізу.

«Біріншіден, дәріханалар мен дәріхана пункттерінің саны 6%-ға көбейіп, 10 000-нан асты. Оның 3 000-нан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Дәріханаларда қызмет көрсету сапасын арттыру үшін "Дәріханалық тәжірибенің (GPP) стандарттары" енгізілді. Бұл стандарттар дәрі-дәрмектерді сақтау, оларды босату және пациенттерге кеңес беруге қатысты талаптарды белгілейді. Соңғы 2 жылды осы стандарттарға сәйкестігін растайтын дәріханалардың саны 34%-ға артты. Еліміздегі әрбір үшінші дәріхана осы стандарттарға сәйкес келеді», — деді ол.

Екіншіден, фармацевтикалық нарықта дәрілік заттардың түрлерін кеңейту мақсатында тіркеу рәсімдері оңтайландырылып, цифрлық форматқа көшірілді. Нәтижесінде, тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1 423 атауға артып, олардың саны 22 000-нан асты.

2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша дәрі-дәрмек сатылымы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға өсті.

Мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде өндірілген қазақстандық дәрілік заттардың көлемі 13%-ға көбейіп, ішкі нарықтағы  үлесі 42%-ға жетті.

Дәрілік заттарды тіркеуді жеңілдетуге және олардың нарыққа шығуын тездетуге бағытталған шараларды орындау мақсатында 2026 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне өзгерістер енгізілді. Дәрілік заттарға сараптама жүргізу, тіркеу және бағаны реттеу рәсімдері «бір терезе» қағидаты бойынша композиттік қызметке біріктірілді. Дамыған елдерден шығарылатын дәрілік заттарды 15 жұмыс күні ішінде тіркеу рәсімі енгізілді. Бүгінгі таңда осы рәсім бойынша АҚШ, Германия, Франция, Дания, Ұлыбритания, Корея мемлекеттерінен өндірілген алғашқы 16 дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелді. 2026 жылдың 9 айында тіркеуден өткен дәрілік заттың әрбір төртіншісі қазақстандық өндірушіге тиесілі. Тіркелген дәрілік заттардың саны бойынша Қазақстан  Евразиялық Одаққа мүше мемлекеттерінің арасында алдыңғы қатарда орналасқан.

«Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап науқастардың қажетті дәрілерге қолжетімділігін кеңейту үшін мемлекеттің бастамасы бойынша дәрілік заттарды тіркеу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Осы тетік аясында бұрын тіркелмеген 112 астам дәрілік затты тіркеу процесі басталды. Сапасыз дәрілердің айналымға түсуін анықтау және алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан бақылау мен қадағалау күшейтілді. Дәрілік заттар мен вакциналардан кейінгі жағымсыз реакциялар туралы хабарламаларды жедел өңдеу мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерекқорымен интеграцияланған фармакологиялық қадағалау жүйесі енгізілді», — деді ол.

Сондай-ақ тіркеу құжаттарына сараптама жүргізу процестерін оңтайландыру үшін жасанды интеллект енгізілді. Осының нәтижесінде штаттық құрамды 10 бірлікке азайтуға және сараптама жүргізудің бірінші сатысын 10 күнге қысқартуға мүмкіндік берді. Осы жылдың сәуір айында Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реттеуші жүйелерінің 3-ші деңгейіне қол жеткізді. Бұл бағалау ұлттық реттеу жүйесінің тұрақты жұмыс істейтінін және халықаралық талаптарға толық сәйкес келетіндігін растайды. Қазақстан — ТМД елдері арасында мұндай дәрежеге ие болған алғашқы мемлекет. Еліміз үшін бұл отандық дәрілердің экспорт көлемінің артуы мен фармацевтика саласына инвестиция тартуына септігін тигізеді. Халық үшін бұл дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары екендігіне кепілдік береді.

Келесі мақсат - төртінші, ең жоғары деңгейге жету. Бұл Қазақстандағы фармацевтиканың халықаралық өндірістік хабына айналуына, дәрілердің экспорттық мүмкіншілігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Астана қаласында биологиялық қауіпсіздігі жоғары деңгейге сәйкес келетін заманауи зертханалық кешен салу жоспарлануда.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтика нарығының көлемі 1 трлн 285 млрд теңгеге жетіп, екі жыл ішінде 31%-ға өсті. Оның ішінде қазақстандық өндіріс көлемі 37%-ға артты. Оң үрдіс осы жылы да сақталуда, 2026 жылдың 8 айында 157 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға жоғарылады.

Соңғы 2 жылда салаға салынған инвестициялар көлемі 3,3 есеге, ал экспорт 1,9 есеге өсті. Экспортқа жолданатын негізгі мемлекеттер қатарына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдава кірді. 2025 жылы "Химфарм" компаниясы Еуропалық Одақтың GMP сертификатын алып, Еуропа нарығына шықты. Атап айтсақ, 2026 жылдың қыркүйегінде қант диабетін емдеуге арналған дәрілік затының алғашқы партиясы Болгарияға жөнелтілді», — деді министр.

Оның айтуынша, қазақстандық өндірісті одан әрі дамыту және инвестия тарту мақсатында министірлікпен жалпы сомасы 862 млн АҚШ доллары құрайтын 8 инвестиялық жобалардың келісім шарттары жасалды. Жобалар аясында 494 дәрілік затты терең өндіру көзделген.

Қазақстанның фармацевтика саласын дамыту 3 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда.

Біріншісі – ұзақ мерзімді келісім шарттар жасасу.

Екіншісі – мемлекетаралық сатып алулар тетігі. Бұл тетік арқылы қазақстандық кәсіпорындардың сату  нарықтарын кеңейтуге және экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Үшіншісі – сатып алу процестері кезінде қазақстандық өнімдерге жеңілдік беру тәсілі. Бұл шаралар қазақстандық дәрі-дәрмектерге деген сұранысты арттыруға, өндірісті дамытуға және еліміздің фармацевтикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

«Мәселен, Алматы қаласында 3 инвестициялық жоба келісім шарттары аясында жалпы құны 134 млрд теңгені құрайтын фармацевтикалық зауыттар салу жоспарлануда. "Нобел" компаниясы 53 дәрілік заттар мен биопрепараттарды, "РОМФАРМ" компаниясы қабынуға және микробқа қарсы дәрілердің 101 түрін, "АлтИНФАРМ" компаниясы онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған 54 дәрілік затты өндіруді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта аталған 3 инвестициялық жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде», — деді Ақмарал Әлназарова.

Алматы облысында 3 инвестициялық жоба келісім шарттары аясында жалпы құны 175 млрд теңгені құрайтын фармацевтикалық кешендер салу жоспарлануда. «Хан Тенгри» компаниясы онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған 27 дәрілік затты, «Абди Ибрагим» компаниясы вирус пен өзге инфекцияларды емдеуге арналған 76 дәрілік затты, «Степ Фармасьютикалс» компаниясы 20 түрлі дәрілік заттың толық циклді өндірісін шығаратын кешендер салуды көздеп отыр.

«Қарағанды фармацевтикалық кешені» өндірістік қуаттарын қайта жаңғырту арқылы дәрілік заттың 76 түрін, ал Шымкент қаласындағы «Химфарм» компаниясы дәрілік заттың 81 түрін өндіруді жоспарлауда.

2024 жылы енгізілген таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын бақылауға, қорларды басқаруға және бағаларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2026 жылы цифрлық мониторинг барысында 788 субъектінің дәрілік заттарды айналымнан екі рет шығару фактілері, тегін берілетін дәрілердің бөлшек саудада сату фактілері, олардың шекті бағалардан жоғары сату фактілері бойынша цифрлық қадағалау жолымен анықталды. Анықталған фактілер бойынша заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Соңғы екі жылда қабылданған шаралар нәтижесінде тегін дәрілердің дәріханаларда сату фактілері 20 есеге азайды. Таңбалау жүйесінде ұйымдардағы дәрілердің көлемі мен бағасын цифрлық бақылау енгізілген. Соның нәтижесінде жедел респираторлық инфекциялардың маусымдық өршуіне дайындық аясында вирусқа қарсы дәрілік заттардың 123 млн қаптамасы анықталды. Бұл қажетті дәрілер көлемінің жеткіліктігін көрсетеді.

Дәрілердің бағасын цифрлық мониторинг нәтижесіне айналымдағы дәрілердің 50%-ынан астамында бағалары тұрақты, ал 799 дәрілердің бағасының төмендегені анықталды. Нарықтағы дәрілердің түрлерін толықтыру мақсатында рецептсіз босатылатын барлық дәрілерге, сондай-ақ бағасы 1 айлық есептік көрсеткіштен төмен болатын рецептпен босатылатын дәрілерге мемлекеттік бағаны реттеу шаралары алынып тасталды. Бұның алғашқы  нәтижесінде босатылған дәрілік заттар бағаларының 90% төмендеуіне әкеліп, оң нәтиже көрсетті.

Таңбалау жүйесінің ауқымы кеңейіп келеді: 2026 жылдың қыркүйегінен бастап биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау енгізілсе, 2027 жылдың 1 наурыздан бастап медициналық барлық бұйымдарды таңбалау көзделген.

«Азаматтар "eGov Mobile" және "Нақты өнім" қосымшаларын пайдалана отырып, дәрілік заттың жүйеде тіркелгенін, оның өндірушісін, сондай-ақ дәрінің қолжетімділігі мен оның бөлшек сауда да шекті бағасы туралы ақпараттар алып отыр. Сатып алу процесінің ашықтығын және бәсекелестігін арттыру мақсатында 2025 жылдың 1 қаңтардан бастап медициналық ұйымдардың дербес сатып алулары бірыңғай электрондық порталға көшірілді. Осының нәтижесінде электронды порталда дәрілік заттарды жеткізушілердің саны 21%-ға көбейіп, бәсекелестіктің дамуына мүмкіндік берілді. Осылайша, электрондық сатып алу нәтижесінде бөлінген 420  млрд теңге қаражаттың 11%-ы үнемделді», — деді министр.

Стационарлық жағдайларда емдеу сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында госпитальдық фармация бөлімшелері ашылуда. Қазіргі уақытта стационарлық деңгейде 155 госпитальдық фармация бөлімшелері жұмыс істейді. 2027 жылдың соңына дейін олардың санын 411 жеткізу жоспарланған. 2024–2025 жылдары госпитальдық фармация бөлімшелері қызметінің нәтижесінде шамамен 4,6 млрд теңге үнемделді. Бұл әрбір стационарлық мекемеде дәрілік заттарды тағайындау мен қолдануды жүйелі бақылауға мүмкіндік береді. 

Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде  2,1 млн пациент 76 ауру бойынша жалпы сомасы шамамен 245 млрд теңгені құрайтын дәрілік препараттармен қамтамасыз етіледі. 2025 жылдан бері дәрілік заттармен «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы электрондық рецептілер бойынша қамтамасыз ету үлесі 80%-дан асты. Бұл дәрілердің нақты пациенттерге берілуінің ашықтығын арттырады.

Дәрілік заттар тізбесі 14 ауруды емдеуге арналған 22 заманауи дәрілік затпен толықтырылды. 21 жасқа дейінгі қант диабетімен ауыратын науқастар мен жүкті әйелдерді инсулиндік помпалар мен оларға қажетті материалдарымен қамтамасыз ету көзделуде.

«Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесін өзектендірумен қатар, сатып алу рәсімдерінің тиімділігі де арттырылуда. Пациенттерді қажетті дәрілік заттармен уақытылы қамтамасыз ету мақсатында 2027 жылға арналған сатып алу науқаны өткен жылмен салыстырғанда 3 ай бұрын, ерте басталды. Қыркүйек айында 2027 жылға қажетті препараттар көлемінің 84%-ы қамтылды. Сонымен қатар, дәрілік заттар тапшылығының қаупін азайту мақсатында төмендетілмейтін қордың мөлшері 35%-ға ұлғайтылды.

2025 жылдың сәуірінен бастап амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жоспарлаудың дербестендірілген жүйесі енгізіліп, әрбір жеке пациенттің диагнозы бойынша дәрілердің қажетті көлемі шығарылды. Бүгінгі таңда, жүйеде 692 медициналық ұйымнан алынған деректер біріктіріліп, 2027 жылға арналған жоспар аясында диспансерлік есеп тізімі өзектендіріліп, барлық пациенттің дәрілік заттарға қажеттілігі қамтылды. Жоспарлаудың бұл жүйесі сатып алуға берілетін өтінімдердің нақты санын анықтауға, дәрілік заттардың тапшылығы мен артық сатып алу тәуекелдерін төмендетуге және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді», — деді денсаулық сақтау министрі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайларын бақылауға арналған «суық тізбекті» қадағалаудың бірыңғай цифрлық жүйесі құрылуда. Жүйенің операторы болып «Қазақтелеком» айқындалды. Жүйе — температуралық ауытқуларды нақты уақыт режимінде анықтауға, вакцина сапасын сақтауға және иммундық профилактикалық жұмыстарын бақылауды арттыруға мүмкіндік береді. Жүйеге 3 500 астам нысан мен 800 астам автокөлікті қосу жоспарланған. Жүйеге уақытылы қосылуды қамтамасыз ету үшін Абай, Қостанай, Атырау және Алматы облыстарында қаржыландыру мәселелерін жедел шешу қажет.

Медициналық жабдықтарды орталықтандырылған сатып алу тәртібі өзгертіліп, бәсекелестікті күшейту, талаптарды стандарттау және келісім шарттардың орындалуын арттыру шаралары қабылданды. Аудандық деңгейден республикалық деңгейге дейінгі медициналық ұйымдардың көмек көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, медициналық жабдықтардың техникалық сипаттамалары стандартталды.

2025 жылдан бастап отандық өндірушілерді қолдау мақсатында 20% мөлшерінде шартты баға преференциясы енгізілді. Медициналық жабдықтарға арналған қаржылық лизинг беру қайта қалпына келтірілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы қорытындылары бойынша медициналық техникаға бөлінген қаражаттың 30%-ы  үнемделді. Ендігі кезекті жабдықтарды пайдалану тиімділігін бақылау мақсатында  жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы медициналық техникаға мониторинг жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл жүйе арқылы жабдықтардың нақты жүктемесін қашықтан бақылауға, оны сатып алуды жоспарлау кезінде ұсынылған көрсеткіштерді салыстыруға және пайдаланылмай тұрған техниканы уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.

«Ендігі кезекте медициналық бұйымдарды сатып алудың жаңа моделі енгізу жоспарланып отыр. Бұл модельді осы жылдың желтоқсан айында іске қосамыз. Алдын ала есептеулер бойынша кейбір медициналық бұйымдардың құнын 25%-дан 90%-ға төмендету жоспарлануда. Министрлік халықты сапалы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уақытылы, әрі үздіксіз қамтамасыз ету үшін және фармацевтикалық тәуелсіздікті қалыптастыру бағытында барлық қажетті шараларды қабылдайды», — деді Ақмарал Әлназарова.

#Ауыл медицинасы #Денсаулық сақтау #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу