Қазақстанда астық тасымалы 13%-ға өсті

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз логистика мен тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Вице-министрдің мәліметінше биыл 8 айда теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданды. 

«Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға көп. Оның ішінде экспортқа 7,2 млн тонна, ел ішінде 2,1 млн тонна тасымалданды. Негізгі бағыттар бойынша өсім бар. Орталық Азия елдеріне тасымал 37%-ға, Қытайға 34 %-ға өсті. Ресей порттары арқылы тасымал 9 пайызға артты. Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар өңделген өнім көлемі де өсіп келеді. Қоспа жем тасымалы 38%-ға өсіп, 2,6 млн тоннаға жетті. Жалпы, астық тасымалы бойынша жақсы өсім бар», — деді вице-министр.

Жәнібек Тайжанов сонымен қатар жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер дайын екенін атап өтті. Бүгінде 16 мың тоғыз жүз астық вагоны, 17 мың сегіз жүз жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Қазіргі парк астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті. Қажет болған жағдайда қосымша мүмкіндік те барын айтты.

«Енді негізгі шекаралық бағыттарға тоқталайын. Соңғы жылдары темір жолдарды дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Қытай бағытында Достық – Мойынты екінші жолы салынды. Алтынкөл станциясы және Алтынкөл – Жетіген учаскесі жаңартылды. Осының арқасында Қытай бағытында тәулігіне 75 пойызға дейін өткізуге мүмкіндік бар. Өзбекстан бағытында Сарыағаш және Оазис стансаларының өткізу қабілеті арттырылды. Дарбаза – Мақтаарал теміржолы аяқталып, Сырдария бекеті ашылған соң тәулігіне 60 пойыз өткізуге болады. Ресейлік әріптестермен тиісті келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде тәулігіне 100 пойыз өткізуге мүмкіндік бар. Осылайша, негізгі экспорттық бағыттарда астық тасымалын одан әрі арттыруға жағдайлар жасалған», — деді Жәнібек Тайжанов.

Сонымен қатар вице-министр тасымалды тұрақты бақылау үшін Министрлікте жедел штаб жұмыс істейтінін атап өтті. Теміржол көлігі жаңа астықты ел ішінде және экспортқа толық көлемде тасымалдауға дайын.

#АӨК #Көлік #Логистика #Экспорт #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу