Қазақстанда астық жинау 83%-ға аяқталды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ауыл шаруашылығындағы қазіргі жағдай туралы, экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров алдағы кезеңге арналған ауа райы болжамы туралы, диқандарды қолжетімді отынмен қамтамасыз ету бойынша энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, ал көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов көлік инфрақұрылымының дайындығы туралы баяндады. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде егін жинау науқаны жалғасуда. Ағымдағы маусымда вегетациялық кезеңдегі ауа райы жағдайлары әркелкі қалыптасты. Республиканың жекелеген солтүстік және орталық өңірлерінде жауын-шашын мөлшері жеткіліксіз болып, бұл дәнді дақылдардың пісіп-жетілуіне қосымша тәуекелдер туындатты.

«Айта кететін бір жайт, алдыңғы жылдары осындай ауа райы жағдайында өнімділік 8-9 центнерден аспайтын еді. Алайда, Үкімет тарапынан қабылданған шаралардың, оның ішінде жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында шаруалар қажетті агротехникалық іс-шараларды уақтылы әрі сапалы жүргізе алды. Сонымен бірге, салада егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Мысалы, бидай алқаптарын қысқарту, майлы және басқа да жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайтумен қатар жүргізілуде. Нәтижесінде 2024 жылдан бастап майлы дақылдардың егіс алқабы 2,2 млн гектарға ұлғайып, 5,2 млн гектарды құрады. Сонымен қатар, қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгері алқабы екі жыл ішінде 120 мың гектарға ұлғайды.

Жүргізілген әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде егіс алқаптарының құрылымы өзгерді. Атап айтқанда, дәнді дақылдардың егіс құрылымындағы үлесі 72%-дан 66%-ға дейін төмендеді, ал майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға дейін өсті. Осылайша, егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды, оның 15,6 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша, егін жинау жұмыстары уақытылы басталды және қарқыны өткен жылдан жоғары. Бүгінгі таңда 13,5 млн гектар дәнді дақыл немесе 83%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды.

Жалпы айтқанда, дәнді дақылдардың жиынтық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжануда. Күтілетін астық көлемі азық-түлік, мал азығы және тұқымға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт әлеуетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Майлы дақылдарды жинау қарқыны артып келеді. 2,4 млн гектар алқап жиналып, 2,4 млн тонна майлы дақылдар бастырылды. Егін жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдардың рекордтық көлемі, яғни 5 млн тоннадан астам жиналады деп болжануда. Сондай-ақ 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша дақылдары және 2,5 млн тонна картоп жиналды.

Биыл егіс алаңы 173,5 мың гектарды құраған мақтаны жинау жұмыстары да жалғасуда. Бүгінгі таңда орташа өнімділік гектарына 32 центнерді құрап, 70,5 мың тонна шитті мақта жиналды. Мақта шаруашылығында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Соңғы екі жылда тамшылатып суару қолданылатын мақта алаңы 3 мың гектардан 80 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға және дақылдың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бірқатар өңірлерде астық жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында астық жинау толық аяқталды, ал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында 95%-дан астамы жиналды. Қазіргі уақытта егін жинау жұмыстарының басым бөлігі негізгі астық егетін өңірлерде жүргізілуде. Осылайша, егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде өтіп жатыр, қазіргі уақытта аяқталу кезеңіне таяды.

Егін жинау науқанына 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және 130 мың бірлік өзге де техника жұмылдырылды. Оның ішінде егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында сатып алынған 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн қатысуда. Бұл қолда бар тракторлар мен комбайндар паркінің шамамен 10%-ын құрайды.

Техника паркін жаңартуға, ең алдымен, отандық техника өндірушілерін қолдауға бағытталған инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары айтарлықтай ықпал етті. Нәтижесінде техника паркінің тозу деңгейі 70%-ға дейін төмендеп, оны жаңарту деңгейі 6,5%-ға жеткізілді», — деді вице-министр.

Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күнге 268 мың тоннасы немесе бөлінген көлемнің 67%-ы жөнелтілді. Сонымен қатар, егін жинау кезеңіндегі жауын-шашынды ескере отырып, астықты кептіруге қосымша 41,3 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Егін жинаумен қатар келесі жылғы өнімінің негізін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте бұл тыңайтқыштар енгізуге, күзгі агротехникалық іс-шараларды жүргізуге және сапалы тұқымның қажетті қорын қалыптастыруға қатысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,8 млн тонна тыңайтқыш енгізілді, бұл ғылыми норманың 58%-ы. Ағымдағы жылы тыңайтқыш енгізу көлемі 2,3 млн тонна деңгейде жоспарланған. Бүгінде оның 2,1 млн тоннасы немесе ғылыми норманың 66%-ы енгізілді.

Күзгі жұмыстар аясында топырақты негізгі қажетті элементтермен толықтыру және келесі маусымға қолайлы жағдай жасау мақсатында тыңайтқыш енгізіліп, жер жырту жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты әкімдіктерге күзгі агротехникалық жұмыстар аясында тыңайтқыш енгізу бойынша жоспарланған индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. 2027 жылғы өнімге арналған тұқым қорын қалыптастыруға ерекше назар аудару керек. Оған қажеттілік 2,3 млн тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда әкімдіктердің мәліметтері бойынша 2 млн тонна немесе қажеттіліктің 90%-ы дайындалды.

«Айта кету керек, тыңайтқыштарды тиімді қолдану үшін топырақтың жағдайын және қажетті элементтермен қамтамасыз етілу деңгейін нақты білу керек. Осы мақсатта Министрлік Жер ресурстарын басқарудың ақпараттық жүйесін әзірлеуде. Жүйе – кадастрлық деректерді, инфрақұрылым туралы ақпаратты, жер учаскелері мен жер пайдаланушылар жөніндегі мәліметтерді біріктіретін цифрлық карта.

Қазіргі таңда еліміздің барлық ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру жұмыстары аяқталды. Онда егістік, жайылым, шабындық, көпжылдық екпелер және тыңайған жерлер, оның ішінде олардың түрлері де нақты көрсетілген. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы топырақтың сапалық құрамы, оның ішінде агрохимиялық және геоботаникалық сипаттамалары туралы деректер көрсетілетін жаңа ақпараттық жүйенің негізіне алынады. Тарихи деректердің болуы топырақ жағдайының өзгеру динамикасын бақылауға мүмкіндік береді», — деді Азат Сұлтанов. 

Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы шеңберінде бүгінгі таңда 5,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 665 млрд теңгеге қаржыландырылды. Қаражаттың уақтылы берілуі техниканы алдын-ала дайындауға, қажетті материалдық-техникалық ресурстарды сатып алуға және маусымдық жұмыстарды оңтайлы мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік берді.

Қазан айынан бастап 2027 жылғы егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру тетігі жалғасады. Бұл шаруаларға келесі егіс науқанына дайындықты алдын ала бастауға мүмкіндік береді. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша жалпы құны 288 млрд теңгеге 8,6 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы берілді. Кредиттік ресурстарға қолжетімділікті кеңейту мақсатында «Даму» қоры арқылы кепілдік базасы жеткіліксіз фермерлер үшін қарыз сомасының 85%-ы мөлшерінде кепілдік беру тетігі қолданыста. Шаруаларды қаржыландырудың және болашақ өнімнің сатылымын қамтамасыз етудің қосымша құралы – форвардық сатып алу. Биыл сомасы 32 млрд теңгеге 480 мың тонна ауыл шаруашылығы өніміне келісімшарт жасалды.

«Жаңа өнім астығын уақытылы қабылдау және тиісті деңгейде сақтау үшін әкімдіктермен бірлесіп элеваторлардың үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілуде. Республика бойынша астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 30,5 млн тоннаны құрайды, оның ішінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында – 13,1 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 17,4 млн тонна. Лицензияланған астық қабылдау мекемелеріне жаңа өнімнің 4,9 млн тонна астығы келіп түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп. Сақтауға түскен жұмсақ бидай көлемінің 74%-ы жоғары сапалы бидайға жатады, 20%-ы төртінші сыныпқа жатқызылды», — деді ол.

Астықтың сақталуын қамтамасыз етумен қатар, көкөніс өнімдерін сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Көкөніс қоймаларын салу және жаңарту жөніндегі кешенді жоспар аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде жалпы қуаттылығы 746 мың тонна болатын 95 сақтау нысаны пайдалануға берілді. Жалпы республика бойынша сыйымдылығы 2,5 млн тоннадан асатын 941 көкөніс және картоп сақтау қоймасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін қуаттылығы 129 мың тонна болатын тағы 15 сақтау қоймасы іске қосылатын болады. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар өнім шығынын азайтуға, сақтау мерзімін ұзартуға және маусымаралық кезеңде көкөніспен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Келесі маңызды бағыт – ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесін арттыру және қосылған құны жоғары өнім өндіру. Мемлекет басшысы астықты терең өңдеу өнімдерін өндіретін және экспорттайтын әлемнің жетекші 10 елінің қатарына кіру міндетін қойды. Осыған байланысты, 2029 жылға дейін жалпы құны $4 млрд болатын, қуаттылығы 5,8 млн тоннаны құрайтын 6 ірі инвестициялық жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде жүгеріні терең өңдеу бойынша 2 жоба 2026 жылы іске қосылды. Олар – Түркістан облысында «Қазкрахмал» кәсіпорнының және Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жобалары.

Әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары қант қызылшасын қайта өңдеу саласында да жекелеген жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, екі қант зауытын жаңарту жұмыстары да аяқталды. Бұл отандық шикізаттан қант өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Көксу қант зауыты қант қызылшасын өңдеу қуаттылығын тәулігіне 3 мың тоннаға дейін арттыруда. Жамбыл облысындағы Тараз қант зауытында тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өндейтін  желі іске қосылуда. Екі жоба бойынша инвестицияның жалпы көлемі 22,4 млрд теңгені құрайды. Зауыттарды іске қосу және қант қызылшасын қабылдау жұмыстары қазан айына жоспарлануда.

«Егін жинау жұмыстарын уақытылы аяқтау және жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктер мына жайттарды ескеруі тиіс:

– егін жинау жұмыстарының барысына күнделікті бақылауды қамтамасыз етіп, егін жинау қарқыны мен жиналған алқаптарды жедел қадағалау;

– келесі аграрлық маусымда несие алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында фермерлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың Аграрлық кредиттік корпорация алдындағы міндеттемелерін тиісінше орындауын қамтамасыз ету;

– жаппай егін жинау кезеңінде элеваторлардың үздіксіз жұмысын, сондай-ақ астық кептіру агрегаттарының толық дайындығын қамтамасыз ету; автокөліктердің кезекке тұруына және кідірістерге, астық кептіру тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу;

– 2027 жылғы өнімге ауыл шаруашылығы дақылдарының сапалы тұқым қорын қалыптастыруды қамтамасыз етуді; тұқымды уақтылы дайындауды, тазалауды, сұрыптауды және белгіленген кондицияға дейін жеткізуді ұйымдастыруды, тұқымдық материалдың сапасын міндетті тексеруден өткізуді қамтамасыз ету

Жалпы алғанда егін жинау жұмыстары тұрақты бақылапуда. Барлық мәселелер Жедел штаб отырыстарында қаралып шешілуде», — деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

 

#АӨК #Егіннен жиналған өнім #Егіс науқаны #Жанар-жағармай материалдары #Экспорт #Үкімет отырысы #Өңдеу өнеркәсібі

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу