18 Наурыз 2026, 12:00
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.
Онда Премьер-министрдің орынбасарлары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сонымен қатар оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов және әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндама жасады. Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев дербес деректерді қорғау жөнінде айтып берді.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында азаматтардың дербес деректерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған норма бекітілді. Атап айтқанда, Конституцияның 21-бабында «Жеке өмірге қол сұғылмау, жеке және отбасылық құпия, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі» деп көрсетілген. Бұл норма дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі дамытуға негіз болды. Оның Конституция деңгейінде бекітілуі азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтеді, цифрлық сервистер мен технологияларға деген сенімді арттырады, сондай-ақ ұйымдардың дербес деректерді өңдеу кезіндегі жауапкершілігін жоғарылатады. Осы норманы жүзеге асыру мақсатында бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Қылмыстық кодекс, сондай-ақ дербес деректер және киберқауіпсіздік туралы заңдар бар», — деді ол.
Оның айтуынша, жұмысты екі негізгі бағыт бойынша жүргізу жоспарлануда. Бірінші бағыт – ұйымдастырушылық және техникалық шаралар. Ол бойынша дербес деректерді қорғаудың заманауи құралдарын, оның ішінде деректерді бүркемелеу және хэштеу тәсілдерін енгізу көзделген. Бұл деректерді техникалық тұрғыда қорғауға және рұқсатсыз қол жеткізілген жағдайда олардың жария болу қаупін азайтуға мүмкіндік береді, яғни, мемлекеттік деректер базаларынан деректерді жүктеп алуды шектеу қарастырылып отыр. Басымдық ақпараттық жүйелерді интеграциялауға беріледі. Ал деректерді жүктеуге тыйым салынып, тек ерекше және нақты заңда көрсетілген жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
Осы ретте министр мемлекеттік органдар да, жеке сектор да өңдейтін дербес деректерді ретке келтіру және есепке алу үшін келесідей тетік құрылатынын айтты. Олар – сыныптарға бөлінген Дербес деректер операторларының тізілімі және Сенімді шетелдік ақпарат алушылар тізілімі. Баршамыз білетіндей, киберқауіпсіздік жүйесіндегі ең әлсіз буын – адами фактор. Сондықтан кибермәдениет деңгейін одан әрі арттыруға ерекше назар аударылады.
«Екінші бағыт – жауапкершілікті арттыру. Пайдаланушылар алдындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыру үшін операторлар дербес деректердің тарап кету фактілері туралы уәкілетті органға да, азаматтардың өзіне де хабарлауға, сондай-ақ дербес деректерді өңдеудің басталғаны туралы уәкілетті органға хабарлауға міндетті. Бұдан басқа, дербес деректердің жаппай тарап кеткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және әкімшілік айыппұл шегін 5000 АЕК-ке дейін арттыру қарастырылуда.
Сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюды жалғастырамыз және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтеміз. Осының бәрі дербес деректерді қорғаудың сенімді жүйесін қалыптастырып, оларды өңдеу кезіндегі жауапкершілікті күшейтеді, бұл азаматтардың цифрлық сервистерге және мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді», — деді Премьер-министрдің орынбасары.
#Президенттің тапсырмасы #ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі #Үкімет отырысы
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу