Қазақстанда барлық аймақтарда көлік саласының қозғалысы толығымен қалпына келтірілді — Қ. Өскенбаев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Қиратылған нысандарды қалпына келтіру, көлік саласының жұмыс істеуі және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жұмыс туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді.

Әкімдіктердің жедел деректері бойынша ел бойынша 8 өңірде 53 мемлекеттік нысан және 151 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны зардап шекті. Әкімдіктер бүлінген нысандардың нақты санын күн сайын жаңартып отырады. Министрдің айтуынша, мемлекеттік комиссия барлық адамдар үшін бірыңғай қадамдық іс-қимыл алгоритмін әзірледі және объектілерді қалпына келтіру бойынша нақты мерзімдер белгіледі. Барлық өңірлерде келтірілген залалды тексеру және бағалау жөніндегі тиісті комиссиялар құрылды.

«Бүгінгі таңда ақаулы актілер жасалып, техникалық тексеру жүргізілуде. Кейін жедел тәртіпте күрделі жөндеу мен қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді», — деді Қ. Өскенбаев.

Барлық аймақтарда қалалық автобус қызметі, барлық теміржол вокзалдары және барлық жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысы толығымен қалпына келтірілді.

«Республикалық маңызы бар автожолдар бойынша автокөлік құралдары үшін қозғалысқа шектеу жоқ», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, еліміздің 20 әуежайының 18-і штаттық режимде жұмыс істейді. Алматы және Талдықорған әуежайларының қызметі тоқтатылды. Бұл ретте, Алматы қаласының әуежайы қызметін қайта бастауға техникалық  дайын, құзыретті арнайы органдардың тиісті шешімі қажет.

«Өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша 2025 жылға дейін өңірлер 93 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 12,2 трлн теңгені құрайтын өңдеу өнеркәсібінің  429 жобасын іске қосуды жоспарлап отыр», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, жобалар өңірлік мамандандыруға сәйкес іске асырылатын болады. 2022-2025 жылдары жобалар бойынша өндірістің жиынтық көлемі шамамен 4,1 трлн теңгені, жиынтық экспорт $2,4 млрд құрайды.

2025 жылға дейін жалпы сомасы 2,7 трлн астам импорт алмастырудың 119-дан астам жобасын іске қосу жоспарлануда. Бұл 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өнімінің импортын 15%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, министрлік шығарылатын өнімнің локализациясын тереңдету бойынша жұмыс жүргізуде.

6%-бен кредиттеу арқылы негізгі жобаларды қаржыландыру тетігін қарау ұсынылады. Тау-кен металлургия кешені үшін қосымша жүктеме және жеңілдіктер бойынша жыл сайын мемлекет бюджетін толықтыратын өзге де аударымдар қалыптастырылатын болады

«Жеңілдіктер түріндегі ерікті аударымдардың орнына металдарды одан әрі игеру және шығару үшін кен орындары берілетін болады», — деді Қ. Өскенбаев.

Шетелден әкелінетін алюминий, мыс бұйымдарына тәуелділікті азайту мақсатында «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда өңдеу өнеркәсібінің отандық кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі министрліктің құзыреті көзделген, бұл кәсіпорындарды дайын бұйымдар шығаруға ынталандыруға ықпал етеді.

«Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары министрліктің ерекше бақылауында және сапалы әрі уақтылы орындалатын болады», — деді Қ. Өскенбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу