Қазақстанда биыл қарашада іскерлік белсенділік индексі өсті — ҚР Ұлттық Банкі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және ағымдағы жылғы қаңтар-қарашадағы республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысын қарау барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады.

Қараша айында АҚШ-тағы сайлау қорытындысы мен коронавирусқа қарсы вакцинаның сәтті сынақтары туралы хабарламалар әлемдік қаржы және тауар нарықтарына елеулі әсер етті. COVID-19-бен күресудің тиімді құралдарының пайда болуы туралы жаңалық инвесторларға экономикалық белсенділікті тез қалпына келтіруге үміт берді. Бұл қор нарықтарының, энергия тасымалдағыштар және өнеркәсіптік металл нарықтарының өсуіне негізгі фактор болды.

Қарашада негізгі нарықтық индикаторлардың көпшілігі рекордтық белгілерге жетті. S&P 500 наурыздағы құлдыраудан кейінгі ең төменгі көрсеткіштен қалпына келіп, ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Dow Jones өнеркәсіп индексі де 30 000 тармақ белгісінен асты. 

«Global Composite PMI индексі ағымдағы жылғы қарашада ағымдағы жылғы қазандағы 53,3 тармақтан 53,1 тармаққа дейін аздап төмендеді. Шектеу шаралары аясында Еуроодақ өндірістік секторындағы іскерлік белсенділік индексі қарашада 54,8-ден 53,8-ге дейін төмендеді, көрсетілетін қызметтер секторындағы ұқсас индикатор 41,7-ден 46,9-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, Қытай өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік индексі бір айда 53,6-дан 54,9-ға дейін, коронавируспен сырқаттанудың өсуіне қарамастан карантин шаралары қабылданбаған АҚШ-та 53,4-тен 56,7-ге дейін ұлғайды», —  деді Е. Досаев. 

Қазақстанда ағымдағы жылғы қарашада іскерлік белсенділік индексі 48,8-ден 49,4-ке дейін өсті, бұл құрылыстың оң көрсеткішке жетуімен түсіндіріледі, ондағы көрсеткіш 52,5 тармаққа дейін 4,9 тармаққа өсті. Өнеркәсіпте және қызмет көрсету саласында жағдай өзгерген жоқ, индекстер тиісінше 49,6 және 48,7 болды.

Ағымдағы жылғы қарашада жылдық инфляция бір ай бұрынғы 7,1%-бен салыстырғанда 7,3%-ға дейін жылдамдады. Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне ең көп үлес қосуда. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі нарықтарда жекелеген тамақ өнімдерінің теңгерімсіздігі күшейгеннен 10,7%-дан 10,8%-ға дейін ұлғайды. Азық-түлікке жатпайтын инфляция киім бағасы өсуінің 4,7%-ға дейін жеделдеуінен 5,6%-дан 5,7%-ға дейін үдеді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық реттелетін қызметі және мәдениет пен демалыс саласындағы қызмет бағасының өсуінен ақылы қызмет инфляциясы 3,7%-дан 4,1%-ға дейін үдеді. 

Экспорттаушылардың салық төлемдерін жүзеге асыру үшін шетел валютасын сатуы есебінен өскен ішкі ұсыныспен қатар қолайлы ішкі конъюнктура ағымдағы жылғы қарашада айырбастау бағамының бір АҚШ доллары үшін 432,66 теңгеден 425,07 теңгеге дейін 1,8%-ға нығаюына ықпал етті. Бірден бірнеше вакцинаны сәтті сынақтан өткізу туралы хабар және АҚШ-та президенттік билікті формалды өткізуді бастау тәуекелді активтерге сұранысты ұлғайтты.

Мұнай бағасы қарашада бір бареллі үшін $37,5-дан $47,6-ға дейін 27%-ға өсті. ОПЕК+ өндіруді мейлінше қалыпты қарқынмен ұлғайту шешімінен кейін желтоқсанда мұнайға баға белгілеу сенімді өсіп келеді. 

 АҚШ доллары индексінің төмендеуі дамушы елдер валюталарының динамикасына оң әсер етті. Мәселен, Бразилия реалы бір айда – 6,6%-ға, түрік лирасы – 6,2%-ға, Оңтүстік Африка ранды мен Мексика песосы – 4,7%-ға, Ресей рублі 3,7%-ға нығайды.

«Кепілді трансферт шеңберінде Ұлттық қордың активтерін конвертациялау және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сатуы ағымдағы жылғы қарашада валюта нарығының теңгерімді болуының қосымша факторы болды. Айдың басынан бері айырбастау бағамы тағы да 1,2%-ға нығайып, ағымдағы жылғы 9 желтоқсанда биржадағы сауда-саттықтың қорытындысы бойынша бір АҚШ доллары үшін 419,92 теңге болды», — деді Ұлттық банк басшысы. 

Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері, алдын ала деректер бойынша, ағымдағы жылғы қарашада көбінесе алтын бағасының төмендеуі есебінен $32,5 млрд дейін $1,1 млрд-қа төмендеді. Желтоқсанда алтынның бағасы АҚШ Сенатындағы $916 млрд құрайтын ынталандыру шараларының жаңа топтамасын келісудегі ілгерілеу және коронавирустың бүкіл әлемде одан әрі таралуы аясында троя унциясы үшін $1771,95-тен $1859,80-ға  дейін өсті. Бағаның өсуі алтын портфелінің қарашадағы құлдырауын ішінара қалпына келтірді, 10 желтоқсанда портфель $23,05 млрд жетті және бұл айдың басынан бастап 4,74%-ға өсті.

Коронавирусқа қарсы әзірленетін вакциналардың тиімділігі туралы хабарламалардың және әлемдік жетекші компаниялардың оң тоқсандық есептілігінің салдарынан акциялар нарығының біршама өсуі аясында Ұлттық қордың активтері бір айда $1,7 млрд ұлғайып, $58,0 млрд құрады. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі ағымдағы жылдың басынан бастап $3 млрд немесе 5,6% құрады.

Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, халықаралық резервтер жиынтығы алдын ала деректер бойынша ағымдағы жылғы қарашаның соңында бір айда $0,6 млрд ұлғайып, $90,5 млрд құрады.

«Банк жүйесіндегі депозиттер ағымдағы жылғы қазанның соңында негізінен теңгемен салымдардың өсуі есебінен жыл басынан бері 15,3%-ға ұлғайып, 21,9 трлн теңге болды. Ұлттық валютамен салымдар 13,0 трлн теңгеге дейін 20,0%-ға, валютамен салымдар – ағымдағы жылғы қазанның соңында 9,0 трлн теңгені құрап, 9,2%-ға өсті. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі ағымдағы жылғы қазанда 40,8%-ға дейін төмендеді. Экономикаға кредиттер жыл басынан бері ұзақ мерзімді кредиттердің 12,4 трлн теңгеге дейін 5,2%-ға немесе 613,4 млрд теңгеге өсуі нәтижесінде ағымдағы жылғы қазанның соңында 14,4 трлн теңгеге дейін 4,2%-ға ұлғайды. Қысқа мерзімді кредиттер 2 трлн теңгеге дейін 1,8%-ға немесе 37 млрд теңгеге азайды», —  деді Е. Досаев.  

Бизнестің кредиттік портфелі жыл басынан бері 7,3 трлн теңгеге дейін 1,1%-ға ұлғайды. Заңды тұлғалардың теңгемен кредиттері бойынша ставка ағымдағы жылғы қазанда 11,8%, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,6%, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша – 12,3%  болды.

Ағымдағы жылдың басынан бастап жеке кәсіпкерлік субъектілерін қоса  алғанда халықтың кредиттері 7,2 трлн теңгеге дейін 7,5%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,3 трлн теңгеге дейін 1,4%-ға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар – 2,2 трлн теңгеге дейін 22,6%-ға өсті. 

Экономиканы қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 желтоқсандағы жағдай бойынша кәсіпкерлерден 909 млрд теңге сомасына 1 328 өтінім келіп түсті,  оның ішінде банктер жалпы сомасы 645,5 млрд теңгеге 873 өтінімді мақұлдады, 472,6 млрд теңге сомасына 737 қарыз берілді. Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 желтоқсанға кәсіпкерлерге 469,5 млрд теңгеге 4 736 қарыз берілді, оның ішінде 116 млрд теңгеге 1 707 қарыз бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді. 

Ұлттық Банктің қаржыландыруы есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 3 желтоқсанға 309,3 млрд теңгеге 26 359 өтінім мақұлданды, оның ішінде 244,9 млрд теңге сомасына 20 975 қарыз берілді. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 3 желтоқсанға 431 млрд теңге сомасына 48 445 өтінім мақұлданды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылғы 30 қарашада Ұлттық Банк Басқармасы Қазақстан Республикасында Ұлттық төлем жүйесін дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. 

«Бірінші кезеңде 2021 жылы мезеттік төлемдер жүйесін әзірлеу және банкаралық төлем карточкалары жүйесін құру жүргізілетін болады. 2022-2023 жылдары жаңа сервистерді қосуға баса назар аударылатын болады. ISO 20022 қаржылық хабарламалардың халықаралық стандарты форматына көшуге, қашықтан сәйкестендіру сервисін дамытуға, Open API және Open Banking бойынша талаптарды тұжырымдауға, қаржы нарығындағы инновацияларды қолдау үшін реттеуші базаны жетілдіруге, Еуразиялық экономикалық одақта үйлестіру және цифрлық валюта мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады», —  деді Ұлттық Банк төрағасы.  

2024-2025 жылдары ұлттық төлем инфрақұрылымын және жаңа сервистерді дамыту бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Бағдарламаға енгізілген шараларды сәтті іске асыру қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша шығындарды 2 есе азайтуға, ел ішіндегі төлемдерді 2 күннен 1 минутқа дейін жеделдетуге әкеледі. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді пайдалану ауқымы кеңейеді. Сонымен қатар ұлттық төлем жүйесі шетелдік операторларға тәуелділікті жояды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу