Қазақстанда CRIRSCO стандарттарын енгізу мәселелері Үкіметте талқыланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жер қойнауын пайдалану саласында CRIRSCO халықаралық стандарттарын енгізу мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

CRIRSCO – Аустралия, АҚШ, Канада, Ресей, Үндістан, Түркия, Жаңа Зеландия сияқты елдердің, сондай-ақ Африка, Еуропа (23 ел), Оңтүстік Америка және Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір мемлекеттерінің қатты пайдалы қазбалар қоры бойынша жария түрде есеп беру кодекстерін біріктіретін халықаралық комитет.

Қазақстандық KAZRС кодексі CRIRSCO тобына 2016 жылы қабылданды, ал халықаралық стандарттар елімізде 2024 жылдан бастап күшіне енуі тиіс. Бұл геологиялық барлау саласына шетелдік инвестицияларды тартуға және жалпы осы салаға елеулі серпін береді деп күтілуде.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр жаңа кен орындары бойынша CRIRSCO (KazRC) стандарттарына көшуді белгіленген мерзімде қамтамасыз етуді, сондай-ақ барланып жатқан кен орындары үшін ҚР пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін сақтап қалуды тапсырды.

Сондай-ақ KazRC стандарттары бойынша есептерді жасайтын құзыретті тұлғалар үшін жауапкершілікті, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастыру және мұндай есептерге қойылатын талаптарды азайту тапсырылды. Бұл тәсіл қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеру кезінде мемлекет пен жеке бизнестің мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Геология #Инвестициялар

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу