Қазақстанда егін жинау науқанының қарқыны былтырғыдан жоғары — Е. Қарашөкеев

АҚШ АШМ мен Астық жөніндегі халықаралық кеңестің есебіне сәйкес барлық негізгі астық өндіруші елдерде бидай өндірісінің төмендеуі болжанған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

Мәселен, Канадада бидай жинау өткен жылмен салыстырғанда 34,5%-ға, Ресей Федерациясында 15%-ға, Америка Құрама Штаттарында 7%-ға төмендейді деп күтілуде. Астық жөніндегі халықаралық кеңестің бағалауы бойынша әлемде бидай өндіру көлемі 781,7 млн тоннаны құрайды. 

«Биыл дәнді және майлы дақылдардың жинау алаңы 18,9 млн гектарды құрады. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша өнімділік гектарынан 9,5 центнер болғанда дәнді және майлы дақылдардың болжамды жалпы түсімі шамамен 18 млн тоннаны құрайды», — деді Е. Қарашөкеев.

Бүгінгі күнге шамамен 14,3 млн тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Бұл ретте, облыстарда мақсары жинау жүріп жатқанын, ал барлық майлы дақылдарды жаппай жинауға осы айдың соңында кірісетінін атап өткен жөн.

Соның ішінде, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға жеке тоқталуға рұқсат етіңіз. Биыл дәнді дақылдар 15,9 млн га алқаптан жиналатын болады. Облыс әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес өнімділік гектарынан 10,1 центнер болғанда дәнді дақылдардың болжамды жалпы түсімі шамамен 16 млн тоннаны құрайды.

Өткен жылдардың ауыспалы қалдықтарын ескергенде, дәнді дақылдар өндірісінің болжамды көлемі елдің ішкі қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Жаңа маусымда дәстүрлі түрде қазақстандық бидай мен ұн Орта Азия, Иран мен Ауғанстан нарықтарына жіберілетін болады. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға жөнелтілетін бидай (HI-Pro) көлемі артуы мүмкін», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Биыл егін жинау жұмыстары уақытылы басталды, бұл ретте егін жинау науқанының қарқыны былтырғыдан жоғары. Мәселен, бүгінгі күні республика бойынша барлығы 15,1 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы алаңының 95%-ы жиналды, ал өткен жылы осындай уақытта 14,5 млн гектар немесе 91,5% жиналған болатын. Бүгінгі күні орташа түсімділік гектарына 9,4 центнерді құрады.

Ербол Қарашөкеев бұдан басқа, майлы дақылдар, көкөністер, картоп, бақша дақылдары мен мақта жинау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Келесі қадам – егіннің сандық-сапалық сақталуын қамтамасыз ету. Тұтастай алғанда, республикада қолда бар қоймалар, өткен жылдардың ауыспалы қалдықтарын ескере отырып, болжамды түсімді сақтауға жеткілікті.

Республикада жалпы астық сақтау сыйымдылығы 29,3 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12,4 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы өндірушілерінде 16,9 млн тоннаны құрайды.

Ведомство басшысының айтуынша, сонымен қатар әкімдіктер жаңа түсімді элеваторлардың уақытылы қабылдауына үнемі мониторинг жүргізіп, астықтың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы қажет.

Жаңа түсімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 1,9 млн тонна астық, оның ішінде:

  • 1,67 млн тонна бидай;
  • 163,9 мың тонна арпа; 
  • 56,4 мың тонна өзге де дақылдар (сұлы, тары, қарақұмық, күріш) келіп түсті.

Атап өтерлік жайт, жаңа түсім астығының сапалық көрсеткіштері жоғары. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына өткізілген жұмсақ бидайдың жалпы көлемінің 91%-ы 1-3 санаттарға жатқызылды, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 83,8%-ды құраған болатын. Тиісінше, 4-5 санатты және санатсыз бидай үлесі 2020 жылғы 16,2%-дан биыл 9%-ға дейін төмендеді.

Астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түсетін астықтың сапасы туралы деректерге сәйкес, құрамында дән маңызы жоғары бидай үлесінің айтарлықтай өскені байқалады. Мәселен, 3-сыныпты жұмсақ бидай көлемінде әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие дән маңызы 28% және одан жоғары болатын жоғары сапалы HI-Pro бидайы өткен жылғы 59,7%-ға қарағанда 71,3%-ға дейін өсті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде биыл Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 769,4 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен толықтай есеп айырысу үшін Азық-түлік корпорациясы бидай сатып алу бағасын 3-санатты бидай үшін сапасына қарай 103-107 мың теңге аралығында, 4-санатты бидай үшін 98 мың теңге, 2-санатты арпа үшін 87 мың теңге мөлшерінде белгіледі», — деді ол.

Азық-түлік корпорациясының сатып алу бағалары ішкі нарықтағы ағымдағы бағаларға сәйкес келетінін атап өту қажет. Бұл фермерлердің шығындарын саланың одан әрі дамуын қамтамасыз ететін рентабельділік деңгейімен өтеуге мүмкіндік береді. Әдеттегідей, Азық-түлік корпорациясының сатып алу бағасы келісімшарттар жасасу кезінде бағдар болып табылады, осылайша әділ баға белгілеу астық бағасының күрт ауытқуын болдырмауға мүмкіндік бермек.

21 қыркүйектегі жағдай бойынша Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 119 мың тонна астық жеткізілді. Бұдан бөлек Азық-түлік корпорациясының 426,3 мың тонна көлеміндегі резервтік астық қоры бар. Аталған астық көлемі, қажет болған жағдайда, ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, бүгінгі күні дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары аяқталу сатысында.

«Астық бастыру 4,4 млн гектарда немесе 97% алқапта жүргізілді. Гектарынан 8,6 центнер орташа түсімімен 3,7 млн тонна астық жиналды. Осы аптаның соңына дейін астық жинау аяқталатын болады», — деді ол.

Майлы дақылдар 85 мың гектар алқапта немесе егістік көлемінен 32% жиналды, жалпы түсім гектарынан 6,6 центнер орташа түсімімен 56 мың тоннаны құрады.

Картоп пен көкөніс жинау аяқталып келеді. Егін жинау жұмыстары үшін өңір арзандатылған дизель жанар майының қажетті көлемімен қамтамасыз етілді, жанар-жағармай жеткізуде проблема жоқ.

Шаруашылықтардың астық қоймаларын ескере отырып, 6,5 млн тонна астық сақтау үшін мүмкіндік жасалды. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары жаңа өнімді қабылдауды жүзеге асыруда. Элеваторларға жаңа түсімнің 1,5 млн тоннадан астам астығы жеткізілді.

Биылғы өнім сапасының көрсеткіші өткен жылғы көрсеткіштен айтарлықтай жоғары: астықтың 91% 3 санатқа сәйкес келеді.

Бұл ретте астық қабылдау кәсіпорындарына жеткізілген астықтың 83% дән маңыздылығы 30% жоғары, 2020 жылы бұл көрсеткіш 70% құраған болатын.

Облыс басшысы сөз сөйлеу барысында диқаншылардың атынан ауыл шаруашылығына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді, ол биыл 70,2 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, Е. Маржықпаевтың айтуынша, қайтарымсыз мемлекеттік көмек түрінде 39,2 млрд теңге бөлінді.

«Егістік жұмыстарын кредиттеу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 31 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды», — деп түйіндеді әкім.

Қостанай облысында да дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталып қалды. Бұл туралы аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов мәлімдеді.

«4,035 млн га немесе 99,4% бастырылды, 2,924 млн тонна астық жиналып бастырылды, өнімділік 7,2 ц/га құрайды. Майлы дақылдар 175 мың га алқапта жиналды немесе 29%, 54,3 мың тонна майлы тұқымдар жиналды, өнімділігі 3,1 ц/га. Астық сапасы жоғары, астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түскен 334 мың тонна жұмсақ бидайдың 96%-ы 3-санатқа сәйкес келеді», — деді Қостанай облысының әкімі.

Облыста өсірілген өнімді сақтауға арналған сыйымдылық жеткілікті, 8,3 млн тоннаға арналған сыйымдылық бар. 

Тұтыну нормаларына сәйкес, облыс халқының нан-тоқаш өнімдерін өндіру үшін ұнның жылдық қажеттілігі 22 мың тонна құрайды, осы мақсатта 31,5 мың тонна астық өңдеу қажет. Облыс өз өндірісінің ұнымен толық қамтамасыз етілген. 

Мал қыстауына 1, 073 млн тонна шөп немесе қажетті санның 99% дайындалды. Шырынды азықтан қажетті пішендеме көлемі – 218 мың тонна, сүрлем ағымдағы кезеңде 87% дайындалды. Жем-шөп жинау жұмыстары жалғасуда, барлық түрлері бойынша қыстауға қажеттілік қамтамасыз етіледі. 

Форвардтық сатып алу бойынша шаруашылықтар «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-дан 9,9 млрд теңге қаржы қаражатын алды. Бұл сомаға 194 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі тапсырылуы тиіс. 

Уәкілетті астық қабылдау кәсіпорындарына «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ 38 мың тонна немесе 20% әкелінді және қайта ресімделді.

Қазіргі уақытта тауар өндірушілер келесі жылдың дала жұмыстарына дайындық жүргізуде. Қажетті тұқым 530 мың тонна көлемінде дайындалды.

990 мың га пар дайындалды, 876 мың га алқапта сүдігер жырту жүргізілді. Күзгі өңдеу жұмыстары жалғасуда.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов хабарлағандай, бүгінгі күні 2 795 мың га немесе 93,4% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды.

«Алдын ала мәлімет бойынша, 3 млн тоннадан астам бидай басылды, орташа өнімділік – 10,6 ц/га. Барлығы 3,3 млн тонна астық жиналады деп күтілуде. Майлы дақылдар алқабының 39,9% немесе 382,4 мың гектар жиналды», — деді ол.

Жем-шөп дайындау жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. 848 мың тонна шөп және 338 мың тонна сабан дайындалды. Халықтың жем-шөппен қамтамасыз етілуі – 98,2% құрап отыр. 

Қазіргі уақытта картоптың жалпы өнімі 167,2 мың тоннаны құрайды, өнімділігі 124,4 ц/га, көкөніс 47,5 мың тонна, өнімділігі 134,8 ц/га.

Жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 417,6 мың тонна астық түсті.

Азық-түлік корпорациясы форвард әдісі бойынша 348,5 мың тонна бидай сатып алуға келісім жасады. Қазір астық элеваторларға жеткізіліп, Корпорацияға тапсырылуда.

Диқандар келесі жылғы егіс науқанына дайындықты бастап кетті. Қажетті агрохимиялық әдістер толық көлемде жүргізілді. 

140 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізілді. Жыл соңына дейін тағы 20 мың тонна себілмек. 

Көктемгі егіске 482,6 мың тонна тұқым қажет. Бұл бағытта дайындық жүргізілуде. Облыс бойынша 3 млн гектар алқап жыртылады. 

«Жалпы, барлық қажетті іс-шаралар уақытылы және толық көлемде жүргізілді, бұл егін жинау жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді», — деді Қ. Ақсақалов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу