18 Наурыз 2026, 13:15
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.
Онда Премьер-министрдің орынбасарлары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сонымен қатар оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов және әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндама жасады.
Өз кезегінде экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жаңа Конституцияда негізгі экологиялық қағидаттардың қабылдануы Мемлекет басшысының бастамаларына деген қоғамдық сұраныстың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қағидаттар экологиялық дамудың ұзақ мерзімді негіздерін қалайды және бүгінгі әрі келешек ұрпақ үшін стратегиялық маңызы зор. Осылайша, іс жүзінде мемлекеттік басқарудың жаңа парадигмасы қалыптастырылды және ол экологиялық факторды әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық жоспарлаудың ажырамас элементіне айналдырды. Баяндамашы жаңа Конституция ережелерін ескере отырып, министрліктің қызметі жалғасатын негізгі міндеттерді тізіп өтті.
«Бірінші – экологиялық реттеу жүйесін дамыту. Жаңа ережелерді жүзеге асыру салалық заңнаманы жетілдіру және экологиялық саясаттың заманауи құралдарын енгізу арқылы жүзеге асырылады. Ең маңызды бағыттардың ішінен мыналарды бөліп көрсетуге болады. Олар – реттеудің превентивтік моделіне көшу, яғни, басымдық ластану салдарын жоюдан экологиялық залалдың алдын алуға ауысады және автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу, олар өнеркәсіптік кәсіпорындарды экологиялық жаңғыртуға бағыттап, нормативтерден асқаны үшін жауапкершілік белгілейді. Бұл ретте аталған жүйелердің қазірдің өзінде 87 нысанда орнатылғанын атап өту қажет», — деді ол.
Оның айтуынша, мониторинг енгізу жөніндегі жұмыс қарқынды түрде жалғасуда. Мәселен, кешенді экологиялық рұқсаттар жүйесін дамыту экологиялық талаптарды өнеркәсіптік жоспарлау және басқару процестеріне ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорындар қазірдің өзінде ең үздік қолжетімді технологиялар қағидаттарын қолдануға көшуде. Осы мақсатта министрлік 24 анықтамалықты бекітті және жаңаларын әзірлеуді жалғасуда.
Сондай-ақ, өңірлердегі қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру тетігін қолдануды инфрақұрылымдық проблемаларды шешу үшін жалғастыру жоспарлануда. Бұл бағыт 64 жобаны көздейді, олардың ішінде 26 жоба 90 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландырылды және жүзеге асуда.
Экономикалық құралдарды кеңейту, атап айтқанда офсеттік шешімдер мен экологиялық төлемдерді қолдану таза технологияларды енгізуді ынталандыруға мүмкіндік береді. Өткен жылдың соңында қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдама қабылданғанын атап өткен жөн, ол – бүкіл саланы жүйелейтін алғашқы бағдарламалық құжат.
«Екінші – қоршаған орта ресурстарын ұтымды басқару. Конституциялық нормалар табиғи ресурстарды қоғамның ұзақ мерзімді мүдделері ескеріле отырып пайдаланылуға тиіс ұлттық игілік ретінде айқындайды. Осыған байланысты министрлік 2035 жылға дейінгі биоәртүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасын қабылдады және соның арқасында стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу көзделген. Бұл ретте 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырманы орындау осы көлеммен шектелмейтінін және бұл жұмыстар аталған Тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында жалғасатының ерекше атап өтемін. Сонымен қатар, жердің тозуын болдырмау және шөлейттенуге қарсы күрес мақсатында орманның көміртек жобаларын жүзеге асыру және қаржы донорларын тарту есебінен қорғаныш орман белдеулері мен тосқауыл егістік жүйесін құру жөніндегі жұмыстар қолға алынуда. Аталған міндеттер климаттың өзгеруі және табиғи экожүйелерге антропогендік жүктеменің артуы жағдайында өте өзекті болып отыр», — деді министр.
Үшінші – экологиялық мәдениетті арттыру. Министрлік «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жалғастырады, оның аясында аумақтарды тазалаудан бастап экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған ауқымды ағартушылық жобаларға дейінгі экологиялық іс-шаралардың кең ауқымы өткізеді.
Төртінші – цифрлық мониторинг және басқару. Экология салаларын цифрлық трансформациялау шеңберінде мониторингтің көпфункционалды платформасы – «Қоршаған ортаның жай-күйі туралы деректердің ұлттық банкі» және «Табиғат» атты табиғи ресурстардың интерактивті картасы енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады және үздік цифрлық шешімдерді пайдалану, сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы жүзеге асырылады.
«Бесінші – халықаралық ынтымақтастық және климаттық саясат. Жаһандық ынтымақтастық шеңберінде халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл жалғасуда. Қабылданған міндеттемелерге сәйкес парниктік газдардың қалдықтарын азайту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Климаттың өзгеруіне жаһандық ден қою жөніндегі жаңартылған ұлттық үлес бекітілді, оның аясында 2035 жылға қарай 1990 жылғы деңгейден парниктік газдарды 17%-ға қысқарту көзделген. Орталық Азияның басым экологиялық және климаттық мәселелерін талқылау мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп Өңірлік экологиялық саммитті өткізу жоспарлануда және оның қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының экология саласындағы өңірлік ынтымақтастық туралы бірлескен декларациясы қабылданады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде жаңа экологиялық жобалар мен бастамалардың іске қосылуын қамтамасыз етеді», — деді ол.
Жоспарланған барлық шараларды дәйекті түрде жүзеге асыру жаңа Конституцияға сәйкес елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, табиғи ресурстарды сақтауға және бүгінгі әрі келешек ұрпақтың өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
#Президенттің тапсырмасы #Экология министрлігі #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу