Қазақстанда электр энергиясын өндіру артты

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде өткен жылыту маусымының қорытындысы мен алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды. Жиында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, сондай-ақ Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады. Нәби Айтжанов өткен күзгі-қысқы кезеңнің қорытындылары және алдағы 2026-2027 жылдарға дайындық туралы айтты.

«Өткен күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің тұтыну максимумы 2025 жылғы 18 желтоқсанда тіркеліп, 17 724 МВт-ты құрады. 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңмен салыстырғанда жүктеме максимумы 3%-ға өсіп, 521 МВт болды. 2025 жылы электр энергиясын тұтыну 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 млрд кВт/сағатқа немесе 3,8%-ға артып, 124,6 млрд кВт/сағатты құрады. 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясын тұтыну көлемі алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 1,6 млрд кВт/сағатқа, яғни 2,4%-ға өсіп, 66,9 млрд кВт/сағатқа жетті. 2025 жылы электр энергиясын өндіру 5,2 млрд кВт/сағатқа немесе 4,4%-ға артып, 123,1 млрд кВт/сағатты құрады. 2025-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,3 млрд кВт/сағатқа немесе 3,5-ға өсіп, 66,9 млрд кВт/сағат болды», — деді ол.

2026 жылғы 1 қаңтарда электр стансаларының жалпы белгіленген қуаты – 26,8 ГВт, оның ішінде: 51%-ы – көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансалары, 26%-ы – газбен және мазутпен жұмыс істейтін жылу электр стансалары, 9%-ы - гидроэлектр стансалары, 14%-ы – жаңартылатын энергия көздері, оның ішінде:

  • 8%-ы - жел электр стансалары,
  • 5%-ы – күн электр стансалары,
  • 1%-ы – шағын гидро электр стансалары.

2025 жылы Қазақстан Республикасында жаңа генерацияны іске қосу көлемі 1577,8 МВт-ты құрады. Оның ішінде:

  • жылу электр стансалары – 870,1 МВт,
  • жаңартылатын энергия көздері – 707,7 МВт.

2025 жылы электр энергиясын өндіруді негізінен жылу электр стансалары қамтамасыз етіп, ол 74% болды. Газтурбиналық электр стансалары 11%, дәстүрлі гидро электр стансалары – 8% және жаңартылатын энергия көздерінің электр стансалары – 7% көлемінде электр энергиясын өндірді.

Пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асқан генерациялайтын жабдықтардың үлесі - 45%. Жабдықтардың жаңарып келе жатқанын байқауға болады - өткен жылмен салыстырғанда ескірген жабдықтар 3%-ға азайды.

«Соңғы 5 жылдағы жаңартылатын энергия көздері объектілерінің өндіру құрылымы туралы айтсақ, 2021 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздерінің белгіленген қуаты 1700 МВт-тан 3700 МВт-қа дейін артты. Жыл басында энергия жүйесінде жаңартылатын энергия көздерінің 170 электр стансасы жұмыс істеді. 2025 жылы елімізде жалпы өндірілген электр энергиясындағы  жаңартылатын энергия көздерінің өндіру көлемі 8,7 млрд кВт/сағатты немесе 7%-ды құрады. 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде максималды тұтыну көлемінің деңгейі 18,2 ГВт болады деп күтілуде», — деді KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.

Оның айтуынша,алдағы күзгі-қысқы кезеңнен тиімді өту үшін блоктық стансалар келесі режимде жұмыс істеуі қажет. Олар: 

  • Екібастұз ГРЭС-1 - 8 блок; 
  • Екібастұз ГРЭС-2 - 2 блок; 
  • «ЕЭК» акционерлік қоғамы – 7 блок;
  • Жамбыл ГРЭС-і - 4 блок. 

 

Сонымен қатар: 

- жоспарланған қуатты іске қосуды қамтамасыз ету қажет;

- Жүйелік оператормен келісілген мерзімде негізгі генерациялайтын және электр желілік жабдықтарды жөндеуді жоспар бойынша орындау қажет; 

- жылу электр стансаларындағы көмірдің нормативтік қорларын қаматамасыз етіп, газ электр стансалары үшін газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету қажет; 

- Жамбыл ГРЭС-ін жеткілікті көлемде отынмен, салқындатқыш сумен қамтамасыз ету мәселелерін алдын ала шешу қажет.  

 

Жыл сайын электр желілік объектілерді күзгі-қысқы кезеңнен тиімді өтуге дайындау үшін біздің компания айтарлықтай көлемде жөндеу жұмыстарын жоспарлап, уақытылы орындауда. 2025 жылы 577 объектіде жөндеу жұмыстары жоспарланды. Жөндеу науқаны тиімді аяқталып, жұмыстар жоспардан 18%-ға артық жүргізілді. Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2025 жылғы 3 қазанда Компания күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық паспортын алды.

2026 жылы 589 объектіде жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары сәуірде басталды. Қазіргі уақытта 45 автокөлік және 5 электр жеткізу желісі жөндеуден өтті.

«KEGOC компаниясының инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2025 жылы инвестицияларды нақты игеру 99,5 млрд теңгені құрады, бұл жылдық жоспардан 0,5%-ға артық. 

2026 жылға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде 182,4 млрд теңге мөлшерінде инвестиция жоспарланған, оның ішінде:

- 152 млрд теңге өндірістік активтерді кеңейту мен дамытуға бағытталған. Бұл қаражат екі ірі инвестициялық жоба – «Қазақстан БЭЖ-інің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» және «Батыс Қазақстан энергия жүйесін Бірыңғай электр энергия жүйесімен біріктіру» жобаларына көзделді. Бүгінгі күні жұмыстар жоспар бойынша орындалуда.   

- Сонымен қатар, 30,1 млрд теңге өндірістің ағымдағы деңгейін ұстап тұруға арналған. 

Соңғы 3 жылда инвестициялық бағдарламалар көлемі 5 еседен көп артты», — деді ол.

Басқарма төрағасының айтуынша, «Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы бойынша барлық жұмыстар өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Барлық 3 қосалқы станса бойынша негізгі материалдар 100% жеткізілді, оның ішінде 95%-ы нақты орнатылды. Барлық қосалқы стансаларда негізгі және коммутациялық жабдықтар жеткізілді Қазіргі уақытта бұл жабдықтарды баптау жұмыстары жүзеге асуда. 

«Шу – Жамбыл» және «Жамбыл – Шымкент» әуе желілері бойынша құрылыс алаңдарына материалдар жеткізіліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Іргетастар мен тіректерді орнату, сымдарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 

Жоба жүзеге асқаннан кейін Алматы – Жамбыл учаскесінде желінің өткізу қабілеті 1100 МВт-тан 1500 МВт-қа дейін артады. «Қазақстанның Батыс аймағының энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру» жобасы бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. 

Негізгі және коммутациялық жабдық жеткізілді, қосалқы стансасы бойынша құрылыс жұмыстары белгіленген кестемен жүзеге асуда.

«Өлке – Қарабатан» әуе желісі бойынша қазіргі уақытта тіректерге арналған іргетастарды жеткізу және орнату, әуе желісі трассасы бойында аралық металл тіректер орнату жұмыстары жалғасуда. Жоба Батыс аймақты республика аумағы бойынша Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру есебінен энергия тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.

#Жылу беру маусымы #Президенттің тапсырмасы #Энергетика #Қаржы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу