Қазақстанда ғылым мен жоғары білім беру жүйесін дамытудың жаңа моделі енгізілуде

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент палаталарының қорытынды бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.

Отырыс барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.

Мемлекет басшысы еліміздің технологиялық егемендігін нығайту үшін ғылым саласы мен жоғары білім жүйесін дамытуға ерекше назар аударады. Осы мақсатта ғылым және жоғары білім жүйесінде стратегиялық бағыттар айқындалды. Олар: адами капиталды экономиканың басты ресурсы ретінде дамыту, заң үстемдігі, әділеттілік және жауапкершілік қағидаттарына негізделген конституциялық мәдениетті қалыптастыру, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және халықаралық стандарттарды енгізу арқылы жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, ғылым мен инновацияны еліміздің технологиялық бәсекеге қабілеттілігінің негізіне айналдыру, жаңа экономика үшін мамандар даярлаудың ажырамас құрамдас бөлігіне айналып отырған жасанды интеллект пен цифрлық трансформация.

«Конституциялық нормалар адамның үздіксіз даму жүйесін қалыптастыруды талап етеді. Осыған байланысты ҰБТ жаңғыртылуда, дарынды жастарды ерте анықтау тетіктері енгізілуде, Кәсіптерді трансформациялау ұлттық орталығы құрылуда, AI-SANA бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Конституциялық мәдениет – білім беру ортасының ажырамас бөлігі. Бүгінде 500 мыңнан астам студент республикалық жобаларға қатысуда. Студенттік омбудсмендер, дебаттық және зияткерлік клубтар жұмыс істейді, психологиялық қолдау институты мен «Күміс университеттер» жобасы дамып келеді, өзін-өзі басқару жүйесі жаңғыртылатын болады.

Біздің мақсатымыз – жәй ғана университет түлегін даярлап шығару емес, жауапты, заңға құрметпен қарайтын, еңбекқор, кәсіби және жаңа білім қалыптастыра алатын Қазақстан Республикасының азаматын қалыптастыру», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, жаңа Конституция кадрлар даярлау жүйесін экономиканың сұранысына бағдарлауды күшейтеді. Еңбек нарығын кешенді зерттеу нәтижелері негізінде 700-ден астам білім беру бағдарламасы қайта қаралды, өндіріс орындары базасында оқыту кеңейтілуде. Педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта форматтау басталды. Педагогикалық бағыттар бойынша біліктілік талаптары күшейтіледі. Келесі жылдан бастап педагогикалық бағыттарға түсушілерді екі кезең бойынша іріктеу пилоттық режимде енгізіледі. Олар: ҰБТ және ETS/AIT әдіснамасы негізіндегі емтихан.

Конституция әрбір азаматтың жоғары білім алу құқығына кепілдік береді. Қазақстан Республикасы азаматтарының жоғары білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған қаржыландыру көздерін әртараптандыру жөніндегі шаралар заңнамалық деңгейде бекітілген.

Олар:

– «Ұлттық қор – балаларға»;

– «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі;

– сараланған гранттар;

– эндаумент-қорлар.

Эндаумент қорлары кадрлар даярлауды ғана емес, ғылыми зерттеулерді де қолдауға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, біз отандық университеттерді жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын белсенді түрде ашып келеміз. Екі заңға өзгеріс енгізілді, оларды реттеу және дамыту жалғасуда. Ғылым және технологиялық саясат туралы заңға ғылыми қызметті қолдаудың жаңа тетіктерін, зерттеу нәтижелерін экономикаға енгізуді және елдің ғылыми әлеуетін нығайтуды көздейтін өзгерістер енгізілді.

Негізгі мақсат – идеядан бастап нарыққа дейінгі үздіксіз инновациялық циклге көшу. Осы мақсатта Инновациялар жөніндегі кеңес (Инновациялық штаб) құрылды. Өңірлік деңгейде ғылымды дамытудың негізгі буыны ретінде жергілікті атқарушы органдар мен жоғары оқу орындары айқындалды. 

Жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары докторантурадағы гранттар саны 2919 орынға дейін ұлғайтылды. «Индустриялық PhD» даярлау тетігі іске қосылды. Ғалымдарды қолдаудың жүйелі шаралары жүзеге асырылуда: бүгінгі таңда 760 жас ғалым тұрғын үймен қамтамасыз етілді», — деді ол.

Мемлекет басшысының цифрлық мемлекетке көшу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылы төрт кезеңнен тұратын AI-Sana бағдарламасы іске қосылған. Бірінші кезеңде студенттердің шамамен 100%-ы жасанды интеллектіні қолдану бойынша базалық курстардан өтті, нәтижесінде 697 мыңнан астам сертификат берілді. Таяуда ғана екінші кезең аяқталып, 100 мыңнан астам студент AI-кәсіпкерлікті дамыту және өздерінің технологиялық шешімдерін әзірлеу бойынша оқудан өтті. Қазіргі уақытта ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың қолданбалы міндеттерін шешуге бағытталған 442 AI-шешім сынақтан өткізіліп, енгізілуде.

«Негізгі мақсатымыз – Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті адами капиталды қалыптастыратын заманауи жоғары білім жүйесін құру», — деп сөзін түйіндеді министр.

#Білім беру #Президенттің тапсырмасы #Ғылым #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу