Қазақстанда халықты вакцинамен қамту 59%-ды құрады — А. Цой

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі COVID-19-бен ауыруға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндады.

Денсаулық сақтау министрі А. Цойдың айтуынша, әлемде COVID-19-бен ауыру мен өлім-жітім бойынша жағдай әлі де тұрақсыз болып тұр. Соңғы мәліметтер бойынша әлемде КВИ-дің 204 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 500 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 4,3 млн-нан астам адам қайтыс болды.

Жағдайлардың жоғары саны Америкада – 78 млн-нан астам (77 904 346), Еуропада – 60 млн-нан астам (60 771 066), Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде – 38 млн-нан астам (38 834 151), Шығыс Жерорта теңізі елдерінде – 12 млн-нан астам (12 887 451) тіркелген.

Сонымен қатар соңғы аптада аурудың ең көп өсуі Жапонияда байқалды, онда бір апта ішінде ауру 98%-ға, Израильде 75%-ға, Әзербайжанда 69%-ға өсті.

Қазақстанда бір апта ішінде өсім 10%-ды құрады.

«Қазақстанда дельта штаммының анықталуына байланысты шілде айында сырқаттанушылықтың өсуі тіркелді, бірақ тамыз айының басынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық өсімінің баяулауы және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалады», — деп атап өтті А. Цой.

Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап ҚР-да таралу индексі 1,11-ден 1,01-ге дейін 9%-ға төмендеді, Нұр-Сұлтан қаласында көрсеткіш бірліктен төмен, Алматы қаласында R саны 19%-ға төмендеді (1,19-дан 1,0-ге дейін).

Өңірлер бөлінісінде күнделікті төсек-орындардың жүктелуі мониторингіне сәйкес осы жылдың 11 тамызындағы жағдай бойынша 328 медициналық объектіде барлығы 55 658 инфекциялық төсек-орны бар, республика бойынша 54% толы.

Инфекциялық стационарлардағы реанимациялық төсек саны 4 969 құрайды, олар 45% толы.

Эпидемиологиялық жағдай қиындаған жағдайда 7 419 инфекциялық төсек резерві бар.

Министрдің айтуынша, инфекциялық төсектердің жоғары жүктемесі Атырау облысында, Нұр-Сұлтан қаласында – 69%-дан, Ақтөбе облысында – 65%-дан, Алматы қаласында және Жамбыл облысында – 63%-дан байқалады.

Вакциналауға келер болсақ, бүгінгі таңда 1-компонентті – 5,9 млн жуық адам, тиісті халықты қамту 59%-ды құрады, 2-компонентті 45,2% вакцина алуға тиісті халықты қамти отырып, шамамен 4,5 млн адам алды.

Бірінші дозамен вакциналаудың ең аз пайызы Маңғыстау облысында (33,1%) байқалады. Өңірлер вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Вакциналарды жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

«Вакциналау тиімділігін бағалау кезінде сырқаттанушылардың 99,9% вакцина алмағандар екені анықталды, бұл ретте вакцина алғаннан кейін сырқаттанғандардың үлесі небәрі 0,1%-ды құрады», — деп атап өтті А. Цой.

Оның айтуынша, вакцина алмағандар арасында CОVID-19-дан өлім-жітімнің үлес салмағы 97,7%-ды құрады, ал вакцина алғандар бойынша көрсеткіш 2,3% құрайды, оған қоса вакцина алғандардың ауыр созылмалы аурулары болған.

Бұл фактілер, министр атап өткендей, COVID-19 ауыр салдарының алдын алуда вакцинаның тиімділігі барын тағы да дәлелдейді.

«Эпидемиологиялық ахуалды, дельта штаммының таралуын және вакцинамен қамтуды ескере отырып, бағалау болжамдарына сәйкес біз оптимистік сценарий бойынша әрекет етіп келеміз», — деді А. Цой.

Министр атап өткендей, вакциналау еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға оң әсер етіп жатыр және өңірлердің әкімдіктері осы мәселе бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруы қажет.

Сонымен қатар Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі жағдай туралы баяндады. 

Бүгінгі күні Қызылорда облысында індет жұқтырған 12 580 адам тіркелсе, оның 77 пайызы жазылды. Пневмониямен ауырған 1867 науқастың 1580-і емделіп шықты. 

Осы жылдың маусым-шілде айларында инфекциялық төсек-орын саны 585-тен 2340-қа дейін, ал реанимациялық төсек орын-саны 90-нан 172-ге дейін көбейтіліп, қазіргі таңда жүктеме 55 пайызды құрап отыр. Резервтік төсек-орын санын қосқанда 3200 төсек-орны әзірленіп, оның 518 орны орталықтандырылған оттегімен жабдықталған.

«Құрылысы 2020 жылы басталған модульдік стационар жұмысы іске қосылып, ковидтік науқастарды қабылдау басталды. Режимді түрде 6 оттегі шығару станциясы жұмыс жасауда. Дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан. Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстарына қажетті медициналық кадрлар мен құрал жабдықтар жеткілікті», — деді әкім.

11 ПТР аппараты іске қосылған. Тәулігіне 1300-1500 аралығында сынама алынуда.

Облыста ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті 401 мың тұрғынның 61,4%-ы вакциналанды. 

Қыркүйек айында көрсеткіш 85%-ға орындалады деп жоспарлануда. Вакцинациялау жұмыстары облыс бойынша 106 егу кабинетінде жүргізілуде, оған 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған.

Облыста «Ashyq» жобасы арқылы 2749 нысан жұмыс жасауда. 

«Қазіргі таңда мониторингтік топ жұмыстары күшейтілді. Бүгінге дейін 167 мониторингтік топпен 12 441 нысанға рейдтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 459 карантин талаптарын бұзу жағдайлары анықталып, 33,4 млн теңге айыппұл салынды», — деді әкім. 

Тамыз айында 398 нысанға тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 56 карантин талаптарын бұзу жағдайлары анықталып, 3,1 млн теңге айыппұл салынды.

Барлық мектептер оқу жылына дайындалып жатыр. Мұғалімдердің вакцина алуы 96,6 пайызды құрайды

Жыл басынан бері коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытында бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы 19 816 мақала жарық көріп, жергілікті телеарналарда 63 бейнеролик көрсетілді. 

Тұрғындар арасында 24 161 үнпарақ таратылып, өңірлік коммуникациялар қызметі арқылы 89 брифинг өткізілді.

Жалпы аймақтағы эпидемиологиялық ахуал қатаң бақылауда.

Өз кезегінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өткен тәулікте өңірде COVID-19-дың 304 жағдайы, оның ішінде пневмонияның 22 жағдайы тіркелгенін баяндады.

«Пандемия басталғаннан бері облыста барлығы 20 199 жағдай тіркелген (пневмония – 2 611). Бүгінгі таңда 15 232 науқас сауығып шықты (75,4%)», — деді О. Оразалин.

Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 1 072 адам емделіп жатыр. Жан сақтау бөлімшесінде 93 науқас бар, оның ішінде өкпені желдету аппаратында – 57 адам. 

Төсек қоры мен дәрі-дәрмектерге қатысты әкім бүгінде барлық кереует саны 3 603 орынды құрайтынын, оның ішінде инфекциялық – 1 650 орын (реанимациялық – 192) екенін айтты. Инфекциялық төсек-орын жүктемесі – 65,5%, реанимациялық кереует жүктемесі – 46,8%. Резервтік кереует саны – 1 953, соның ішінде реанимациялық – 209. 

Сондай-ақ әкімнің айтуынша, облыстағы барлық медициналық ұйымдарда тиісті дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарының 2 айлық қоры жасақталған. 

Әкім вакциналау мәселесіне тоқтала отырып, осы жылдың ақпан айынан бастап облысқа барлығы 506 990 доза вакцина жеткізілгенін хабарлады.

Облыста 44 екпе алу бекеті жұмыс істейді.

Жалпы жоспар бойынша облыста 460 мың тұрғын вакцина алуы қажет. Бүгінгі таңда, бірінші компонентті 245 940 адам, екінші компонентті 179 497 адам алды. 

Яғни, бірінші компонентпен қамту 53,5% құрады, соның нәтижесінде вакцина алуға тиісті халықтың 39% толық иммунизациядан өтті.

«Жаз айының басында тәулігіне 1000-1500 адам екпе алатын болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш күніне орташа есеппен 3000 адамды құрап отыр», — деді О. Оразалин.

Облыс бойынша мониторингтік топтардың жұмысы жандандырылды. 

Әкімнің айтуынша, бүгінде 6500-ге жуық рейд жүргізілді, 34 мыңға жуық нысан тексерілді. Соның нәтижесінде 770 құқық бұзушылық анықталып, шамамен 64 млн теңгеге айыппұл салынды. 

«Эпидемиологиялық жағдай мен вакциналау мәселесі бақылауда тұр, осы бағыттағы жұмысты күшейтеміз», — деп сендірді О. Оразалин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу