Қазақстанда қалдықтарға бір реттік легализация жасалады

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысының елдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде әзірленді. Негізгі тәсілдер туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев баяндады. Сондай-ақ өңір әкімдері мен Ecojer салалық ұйымы өкілінің баяндамалары тыңдалды.

Өз кезегінде Жомарт Әлиев Тұжырымдама шеңберіндегі жоспарланып отырған шаралар туралы айтты. Оның сөзінше, негізгі үлес өнеркәсіптік қалдықтарға тиесілі: жыл сайын жүздеген миллион тонна жердің беткі жыныстары мен техногендік минералдар жиналады. Кәсіпорындарда қалдықтарды қайта өңдеуге ынталандыратын немесе міндеттейтін механизмдер жоқ, сол себепті қалдықтар жылдар бойы жиналып, экологиялық қауіп тудырып жатыр.

«Қалдықтарды дұрыс басқару – өңіріміздің экологиясы мен халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Экономиканың өсуі, құрылыс көлемінің артуы және тұтынудың өзгеруі барлық санаттағы қалдықтардың көбеюіне алып келді. Коммуналдық секторда жыл сайын шамамен төрт жарым млн тонна қалдық түзіледі, алайда оның тек 25–26%-ы ғана қайта өңделеді. Қалдықтың басым бөлігі экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейтін полигондарға жіберіледі. Тағам қалдықтары әр аймаққа байланысты тұрмыстық қалдық массасының 30-40%-ын құрайды, бірақ оларды өңдеуге арналған инфрақұрылым іс жүзінде жоқ. Құрылыс қалдықтары заң бойынша көмуге болмайтынына қарамастан, әлі де полигондарға түсіп немесе стихиялық қоқыс санын көбейтіп жатыр. Осылайша, қалдықтарды басқару саласы өзара байланысты экологиялық, экономикалық және институционалдық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы орайда барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, жинақталған проблемаларды жүйелі шешуге бағытталған Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірленді», — деді вице-министр.

Жалпы алғанда, қалдықтарды басқару жүйесі нақты есепке, заманауи инфрақұрылымға, ынталандыру механизмдеріне және мемлекеттік органдар, бизнес және халық арасында функцияларды нақты бөлуге негізделген фрагменттік тәсілден интеграцияланған модельге көшуді талап етеді. Вице-министр Тұжырымдама жобасына енгізілген мәселелердің негізгі блоктарына және оларды шешу бойынша ұсынылған шараларға тоқталды.

«Бірінші блок, ретсіз жүргізілген есеп және жарым-жартылай статистика туралы. Бүгінгі таңда қалдықтың пайда болуы мен қозғалысының толық көрінісі жоқ: қалдықтардың 30%-ы есептерде көрсетілмейді және бақылау жүйесінен тыс қалады, кәсіпорындардың тек 10%-ы ғана есепті электрондық форматта тапсырады, техногендік минералдық түзілімдер бойынша қалдықтардың мемлекеттік кадастры мен Геология комитеті ақпаратының арасында елеулі  айырмашылық бар. Мәселені шешудің негізгі шаралары мынадай:қалдықтың барлық түрлерін толық түгендеу және қалдықтарды мемлекеттік кадастрын жаңарту, барлық қалдық түзушілерді ақпараттық жүйеде міндетті тіркеу, жасанды интеллектті енгізу арқылы саланы цифрландыру. Тағы бір маңызды шара – қалдықты бір реттік заңдастыру, яғни легализациялау, бұл қалдық иелеріне есепте жазылмаған нақты жиналған көлемді айыппұлсыз есепке алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде барлық қалдықтардың нақты көрінісі анықталып, олардың пайдалы фракциялары айқындалып, қайталама айналымға тарту мүмкіндігі пайда болады», — деді ол.

Екінші блок, бірыңғай нормативтік-құқықтық құрылымның жоқтығы туралы. Қалдықты басқарудың қолданыстағы нормалары бірнеше кодекстерде, заңдарда және заңға тәуелді актілерде көрсетілуі  талаптардың сәйкес келмеуіне және функциялардың қайталануына әкелді. Бұл бақылау мен есепке алуды қиындатуда және қалдықты басқарудың бірыңғай тиімді жүйесін жасауға кедергі болуда. Мысалы, Жер қойнауы туралы кодексте техногенді минералдар қалдық болып табылады, ал Экологиялық кодексте осы мәселе реттелмеген. Бірыңғай нормативтік-құқықтық құрылымды қалыптастыру мақсатында Тұжырымдамада: қайшылықтар мен қайталауды болдырмайтын, қалдық түрлері бойынша заңнаманы бір жүйеге келтіру, өкілеттік пен жауапкершілікті нақты бекіту, оның ішінде қайта өңдемегені және рекультивация жасамағаны үшін қалдық иелерінің жауапкершілігін күшейту, өнеркәсіптік, коммуналдық, құрылыс, ауыл шаруашылығы және медициналық қалдықтарды басқару тәртібін жетілдіру көзделген. Бұл шаралар барлық қатысушы үшін талаптардың орындалуын жеңілдетеді және реттеуді ашық етеді.

«Үшінші блок, экономикалық ынталандырудың болмауы және қалдықты қайта өңдеу инфрақұрылымының тыс қалуы туралы. Сектордың экономикалық тартымсыз болуының себептері: қатты тұрмыстық қалдық тарифтері нақты шығындарды жаппайды, кәсіпорындар үшін өндірістік қалдықты қайта өңдеуге қарағанда айыппұл төлеу арзан, қалдықтардың түрі, көлемі және пайдалы фракциялары туралы нақты деректердің жоқтығы инвесторларды тартуды қиындатады, яғни жаңа өндіріс орындарын ашуды шектейді. Осы ретте Тұжырымдамада ұсынылатын негізгі шешімдер: утиль алым есебінен заманауи тұрмыстық қалдық полигондар құрылысын қаржыландыру, мұндай механимзді біз қайта өңдеу жобалары бойынша бастап кеттік; тарифтерді әр 3 жыл сайын қайта есептеу және экономикалық негізделген модельге көшу, салықтық преференциялар мен субсидиялар қарастыру; өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (РОП) жүйесін жетілдіру. Тұжырымдаманың тағы да бір жеке бағыты - қалдықты басқару саласында халық пен бизнестің экологиялық мәдениетін арттыру. Ашық есеп беру арқылы бизнестің жауапкершілігін ынталандыру Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының принципіне сәйкес келеді», — деді экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.

Оның айтуынша, қажетті инфрақұрылымды дамыту бойынша Министрлік қазірдің өзінде жұмыстар жүргізуде екен. Өткен жылы утиль алымдар, яғни «Жасыл даму» акционерлік қоғамының есебінен қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру механизмі іске қосылған. 60 жоба мақұлданып, оның ішінде 89,4 млрд теңгеге 22 жобаға қаржы жолданған. Ал көзделген қаражаттың жалпы көлемі - 185 млрд. теңге.

Мақұлданған 60 жобаның ішінде: 92 бірлік қоқыс таситын көлік сатып алуға бағытталған 8 жоба; Сұрыптау бойынша жылдық қуаты 2,3 млн тоннаны құрайтын 19 жоба; Қайта өңдеу бойынша жылдық қуаты 920 мың тоннаны құрайтын 33 жоба қарастырылған. Аталған жобаларды жүзеге асыру қалдықты қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – Жасыл даму қаражатының экологиялық саланы дамытуға үлес қосып жатқанын айқындайтын бағыттардың бірі. Сонымен қатар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында толықтай шетелдік инвестициялар есебінен 3 қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Биыл инвесторлармен тиісті келісімдерге қол қойдық. Инвестициялардың жалпы көлемі – 293 млрд. теңге. Құрылыс мерзімі – 2 жыл.

«Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін қалдықтарды басқару жүйесін институционалдық тұрғыдан нығайту қажет. Халықаралық тәжірибеге сәйкес Жасыл Дамуға қалдықтарды басқарудың Ұлттық орталығы мәртебесін беру көзделіп отыр. Ұлттық орталық – саланы цифрландыру, сенімді статистиканы қалыптастыру, қалдықтың қозғалысын бақылау және бизнес пен инвесторлар үшін ашықтықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасайтын болады. Бұл қалдықты басқарудың заманауи, стандартталған және тиімді жүйесіне көшу үшін қажет. Тұжырымдама жобасында қалдықты жүйелі басқаруға көшуді көрсететін мынадай нысаналы индикаторлар көзделген. Олар – радиоактивті қалдықты қоспағанда, қалдықтың барлық түрлерін 100%-ға түгендеу; өнеркәсіптік қалдықтарды қайта пайдалану үлесін 10%-ға арттыру; полигонға жіберілетін коммуналдық қалдық көлемін кемінде 10%-ға төмендету. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін тиісті іс-шаралар жоспары әзірленді. Оны орындау орталық және жергілікті атқарушы органдардың келісілген жұмысын талап етеді. Тұжырымдаманы қолдауды және жоспарланған шараларды іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруді сұраймын», — деді Жомарт Әлиев.

#ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу