Қазақстанда қуаты жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіруге жететін жаңа зауыт іске қосылады

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру және жоғары қайта бөлу кластерлерін құру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі Энергетика министрлігі мен «Kazakhstan Success Coking Energy» ЖШС арасындағы Қарағанды облысында металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу бойынша инвестициялық келісімді мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Жоба Қарағанды облысы Абай ауданы Дубовка кентінде қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін металлургиялық кокс өндіретін кәсіпорын салуды көздейді. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі – 63,5 млрд теңге. Кәсіпорында 500-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады, ал жерасты кенішінің құрылысы қосымша 500 жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Зауыт құрылысы көмір шикізатын терең өңдеуді дамытуға, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған. Көмір химиясы өнімдері энергетика, ауыл шаруашылығы, металлургия, фармацевтика және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Ішкі нарық толық қамтылған соң, артық өнім экспортқа шығарылады. 

Өндірісті іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Алғашқы кезеңде қуаты жылына 500 мың тоннаға дейін кокс өндіруге мүмкіндік береді. 2031 жылдың соңына қарай кәсіпорын толық жобалық қуатына шығып, жылына шамамен 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ инвестор құрылыс барысында отандық өндірушілердің тауарларын, жұмыс күшін және қызметтерін пайдалануға басымдық беруге міндеттеме алады. Бұл қазақстандық жеткізушілердің жүктемесін арттырып, жобаның аралас салаларға экономикалық ісерін күшейтуге мүмкіндік береді.

Жоба Қазақстанның индустриялық базасын дамыту үшін маңызды: ол жеке инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық жеткізушілерді қолдау және қосылған құны жоғары өнім өндіру міндеттерін біріктіреді.

#Инвестициялар #Президенттің тапсырмасы #Құрылыс #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу