Қазақстанда майлы дақылдардың 5 млн тоннадан астам рекордтық өнімі күтілуде

Осы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,8%-ға артып, 7,3 трлн теңгені құрады. Өсім өсімдік шаруашылығы өндірісінің 7,6%-ға, мал шаруашылығы өндірісінің 3,5%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады.

Баяндама барысында ол облыстар бөлінісінде республикалық көрсеткіштен жоғары өсім қарқыны 5 облыста қамтамасыз етілгенін атап өтті: Қостанай облысында – 111,4%, Солтүстік Қазақстан облысында – 110,6%, Ақмола облысында – 107,3%, Түркістан және Павлодар облыстарында – 106,8%.

Вице-министрдің сөзінше осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығы саласында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда 23 млн тонна астық бастырылды. Вегетация кезеңіндегі күрделі климаттық жағдайларға және бидай егісіНің алаңын 1,8 млн гектарға жоспарлы қысқартуға қарамастан, астықтың жалпы түсімі көпжылдық орташа деңгейден жоғары болады деп болжануда. Майлы дақылдарды жинау жұмыстарының қарқыны да артып келеді. Бүгінгі таңда 3,7 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. 

«Жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдар тұқымының рекордтық өнімі – 5 млн тоннадан асады деп күтілуде. Көкөніс дақылдары бойынша да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда 3,1 млн тонна көкөніс, 2,9 млн тонна картоп және шамамен 2,4 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Биыл дәнді және дәнді – бұршақ дақылдарының жалпы жинау алаңы 15,6 млн гектарды құрайды», — деді Азат Сұлтанов. 

Бүгінгі таңда егіс алқаптарының 96%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерден құрайды. Негізгі астық егетін өңірлердегі орташа өнімділік:

  • Солтүстік Қазақстан облысында гектарына 17 центнерді;

  • Ақмола облысында 14 центнерді; 

  • Қостанай облысында 14,2 центнерді құрайды.

Өндіріс көлемімен қатар алынған астықтың сапасына, оның сақталуын қамтамасыз етуге және уақтылы өткізуге ерекше мән беріледі.

Осы жылы астық сапасының жоғары екені байқалады: элеваторларға түскен бидайдың 72,4%-дан астамы үшінші сыныпқа жатады. Бұл ретте оның 47%дан астамында дән маңызының мөлшері 28%-дан асады. Жекелеген өңірлерде сапалық көрсеткіштер айтарлықтай жоғары. Мысалы, Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал Hi-Pro санатынДағы бидайдың үлесі 70%-ға жетеді.

Вице-министр жаңа өнім астығы экспортының оң динамикасын да да атап өтті. Осы жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,1 млн тонна құрады. Бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 13%-ға жоғары. Осыған байланысты астық қабылдау кәсіпорындарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, астықты уақтылы жөнелту және қолда бар логистикалық қуаттарды тиімді пайдалану маңызды. Биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 750 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар жеңілдетілген лизинг көлемі 350 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 6,5%-дан 8%-ға дейін ұлғайтылады, ал оның тозу деңгейі 80%-дан 65 %-ға дейін төмендетіледі. Шаруларға көрсетіліп отырған қолдау агротехнологиялардың сақталуынан және саланың өнімділігінің артуынан көрініс табуда. Мәселен, осы жылы енгізілетін тыңайтқыштар көлемі 1,8 млн тоннадан 2,1 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда жоспардың 90%-дан астамы орындалды, элиталық тұқымдардың үлесі 12,4%-ға жеткізілді.

Су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы да кеңейіп келеді. Осы жылы қосымша шамамен 160 мың гектар алқапта осындай технологиялар енгізілді. Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру жалғасуда. Оның шаралары өндіріс көлемін ұлғайтуға және малдың өнімділігін арттыруға экономикалық ынталандыруды қалыптастырады. «Игілік», «Береке» және «Жайлау» жеңілдетілген кредиттік өнімдер бойынша қаржыландыруға 150 млрд теңге көзделген, оның ішінде бүгінгі таңда 63,5 млрд теңге бөлінді. Жыл басынан бері 9 мың бастан астам асыл тұқымды ірі қара мал әкелінді. Тағы шамамен 16 мың бас ірі қара мал мен 7 мың бас ұсақ мал іріктеу және карантин кезеңінен өтуде. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен тарату бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда.

«Бағдарлама аясында жалпы қуаты шамамен 600 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін тауарлық-сүт фермаларын салу және кеңейту бойынша 99 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде бүгінгі таңда жалпы қуаты 460 мың тоннадан асатын 71 ферма пайдалануға берілді. Өндіріс көлемін ұлғайтудың қосымша резервтері жаңа тауарлық-сүт фермаларын іске қосумен және бордақылау алаңдарын дамытумен байланысты. Жыл соңына дейін пайдалануға берілген тауарлық-сүт фермаларының жүктемесін жобалық қуаттың 70%-на дейін жеткізу жоспарлануда», — деді Азат Сұлтанов. 

Ет өндірісін ұлғайту мақсатында бордақылау алаңдарын айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын жүзеге асырылуда. Осы жылы 52,2 млрд теңге сомасына 73 өтінім қаржыландырылды. Азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 13,8%-ға өсіп, 3,2 трлн теңгені құрады. Көрсетілген кезеңде ұн өндіру көлемі 13,9%-ға, өсімдік майын өндіру 25,2 %-ға, балмұздақ 51,7%-ға шоколад пен қанттан жасалған кондитерлік өнімдер өндіру 10,4%-ға, ірімшік пен сүзбе өндіру 9,3%-ға ұлғайды. Жыл басынан бері 200 астам кәсіпорынның айналым қаражатын толықтыруға 96 млрд теңге сомасында қаржы бөлінді. Осы жылдың қорытындысы бойынша саланың жалпы өнімінің 6%-ға, азық-түлік өнімдері өндірісінің 9,5%-ға, сусындар өндірісінің 10,5%-ға өсуі болжануда.

Ауыл шаруашылығы министрлігі саланың қол жеткізілген өсу қарқынын сақтау үшін қажетті шараларды қабылдауда.

#АӨК #Президенттің тапсырмасы #Үкімет отырысы #ӘЭД

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу