Қазақстанда мұнай өңдеу қуаты 39 млн тоннаға дейін артады, салаға жаңа білікті кадрлар қажет

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндама жасады. Жиында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралды.

Бүгінгі таңда еліміздің энергетика саласында 360-тан астам ұйым жұмыс істейді және аталған салада энергияны өндірудің, оны беру мен бөлудің толық циклін қамтамасыз ететін әртүрлі мамандықтар бойынша шамамен 100 мың қызметкер жұмыс істейді.

«Кадр даярлау жүйесін жаңғырту шеңберінде Министрлік саланың цифрлық трансформациясының міндеттеріне сәйкес келетін жаңа кәсіби құзыреттіліктерді қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Кадр дайындау жүйесін жетілдіру және білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына бейімдеу үшін Министрлікте электр энергетикасы жөніндегі кәсіби біліктіліктердің салалық кеңесі құрылды. Салалық кеңес кәсіби стандарттарды әзірлеу және оларды бекіту бойынша жұмыс жүргізуде», — деп атап өтті министр. 

2025 жылы энергетика саласында 27 кәсіби стандарт өзектілендірілді және 4 жаңа кәсіби стандарт бекітілді.

Биыл «Энергетикада цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану» кәсіби стандарты бекітілді.

Мұнай-газ саласында бұл жұмысты Кәсіби біліктілік жөніндегі салалық кеңес үйлестіреді.

Сала бойынша кадр дайындауды жетілдіру үшін үш негізгі бағыт – «Мұнай мен газды барлау және өндіру», «Мұнай мен газды тасымалдау және сақтау», «Мұнай мен газды қайта өңдеу және өткізу» бойынша кәсіби стандарттарды әзірлеу және жаңарту жұмыстары жүзеге асырылуда.

Жұмыс топтарының отырыстары шеіберінде 28 кәсіби стандарт қаралды, олардың 27-сі – өзектілендіру, 1 – әзірлеу бойынша.

Сондай-ақ 2026 жылы осы 3 бағыт бойынша Жұмыс тобының отырысы шеңберінде NCOC компаниясы әзірлеген қосымша 147 мамандық карточкасы жобасының презентациясы қаралды.

«Жұмыс істеп тұрған үш зауытты кеңейту шеңберінде қайта өңдеудің жиынтық қуаты жылына 18 млн тоннадан 29,2 млн тоннаға дейін артады. Жылына қуаты 10 млн тонна болатын жаңа зауыттың құрылысын ескере отырып, саладағы қайта өңдеу көлемі жылына шамамен 39 млн тонна болды. Қуаттың осылай өсуі білікті жұмысшылар санының бірнеше есе артуын талап етеді», — деп түсіндірді спикер. 

«Мұнай мен газды қайта өңдеу және өткізу» бағыты бойынша Кәсіби біліктілік жөніндегі салалық кеңес 8 кәсіби стандарт бойынша 29 кәсіби картаны өзектілендіруді қарастырды.

2025–2040 жылдарға арналған Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде кадр даярлаудың жаңа тәсілі ұсынылады:

Күрделі жобалар үшін Жақсартылған модельдік келісімшартты енгізу шеңберінде шетелдік кадрларды қазақстандық мамандармен алмастыру бағдарламасын әзірлеу және Энергетика министрлігімен келісу жөніндегі міндеттеме көзделген.

«Бағдарлама кадр резервін уақтылы қалыптастыруды, шетелдік кадрларды кейіннен алмастыру үшін оларды дайындауды және оқытуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының кандидатураларын басымдықпен қарастыруды көздейді. Сонымен қатар жер қойнауын пайдалану бойынша өндіруші компаниялардың келісімшарттық міндеттемелері шеңберінде қазақстандық кадрларды оқытуға өндіріс көлемінің 1%-ын қаржыландыру міндеттемелері қарастырылған. 2023–2025 жылдардағы қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 62,7 млрд теңге болды. Жоғарыда атап өтілген мәселелер министрліктің тұрақты бақылауында», — деп түйіндеді сөзін энергетика министрі Ерлан Ақкенженов. 

#Энергетика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу