Қазақстанда оңалту орталықтарының желісі мен қоршаған ортаның қолжетімділігі кеңейтілуде

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инклюзивті саясатты жүзеге асыру шаралары қаралды.

Жиында атқарылып жатқан жұмыстар туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, Астана қаласы мен Павлодар облысының әкімдері, сондай-ақ қоғамдық «Qamqor plus» мүгедектер бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндетәлиев баяндама жасады.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, сарапшылармен және қоғамдық  ұйымдармен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша жүйелі шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі күні инклюзивті саясат әлеуметтік және құқықтық модельге негізделген. Кедергілерді жоюға және тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге басымдық берілген. Заңдар мен нормативтік құқықтық база жүйеленіп келеді. Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Көру қабілеті бұзылған адамдардың баспа ақпаратына қолжеткізуін жеңілдету жөніндегі Марракеш шарты ратификацияланды. Жеке көмекші қызметін көрсету, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инватакси қызметін ұсыну мәселесі заңмен реттелді. Мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қолжеткізуін қамтамасыз ету нормалары күшейтілді. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша электрондық дүкендер мәліметін қолдана отырып, техникалық оңалту құралдарының құнын өтеудің кепілдік берілген сомасын айқындау әдістемесі бекітілді. Жыл аяғына дейін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты сапасын арттыру және инклюзивті жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту жоспарланған», — деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің хабарлауынша, бүгінгі күні елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл жалпы халық санының 3,7%-ы. Оның ішінде шамамен 56% еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 29%-ы зейнеткерлер, 15%-ы балалар.

Биыл мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жиынтық шығыстар 1,1 трлн теңгені құрайды.

Әлеуметтік қызметтер порталында:

- 1 017 техникалық оңалту құралдарын жеткізуші;

- 785 ымдау тілі бойынша қызмет көрсетуші;

- 132 санаторийлік-курорттық ұйым тіркелген.

 

2025 жылы:

- 413 мың техникалық оңалту құралы берілді;

- 28 мың жеке көмекші қызметі;

- 120 мың санаторийлік-курорттық емдеу қызметі;

- 9 мыңға жуық ымдау тілі қызметі көрсетілді.

«Маңызды бағыт — қолжетімді орта қалыптастыру. Бүгінгі күні қолжетімділіктің интерактивті картасында шамамен 43 мың нысан тіркелген. Оның ішінде 28 554-і немесе 67%-ы толық бейімделген. Бейімделу көрсеткішін орындау 2024 жылы 53%, 2025 жылы - 64% құрады. 2026 жылы бұл көрсеткішті 80%-ға жеткізу көзделіп, 34 мың әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік объектіні қолжетімді ету міндеті қойылған. Аймақтық деңгейде қолжетімділіктің жоғары көрсеткіштері Жетісу, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында байқалады. Кейбір аймақтардың қарқыны төмен. Олар – Маңғыстау және Ұлытау облыстары. Бұл бағытта әкімдіктер жұмысты күшейту қажет», — деп атап өтті министр.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіру  шеңберінде инфрақұрылымды дамытуға және қызметтердің қолжетімділігін арттыруға басымдық берілген. Ел бойынша мүгедектігі бар ересектер мен балаларға арналған жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған 33 оңалту орталығы жұмыс істейді. Соңғы 2 жылда Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында 4 жаңа орталық ашылды. Осы жылғы мамырда Атырау қаласында тағы 1 орталық ашылады. Енді 7 орталықты салу және жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ментальді ауытқушылықтары бар балаларға ерекше көңіл бөлінген. Аутистік спектр бұзылыстары бар балаларға арналған 1 825 адамды қамтитын 15 арнайы орталық жұмыс істейді. Бұл жоба «Samruk Kazyna Trust» және «Қамқорлық қоры» ұйымдарымен бірлесіп жасалды.

«Арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру келесі негізгі бағыт. Өткен жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілді. Бүгінгі күні лицензия негізінде 101 мың адамды қамтитын 622 ұйым жұмыс істейді. Осы бағыттағы әрі қарай трансформация: мемлекеттік ұйымдарды жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу және неғұрлым дәл жоспарлау үшін орталықтарды карталауды енгізу шараларымен байланысты болады.

Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға да ерекше  көңіл бөлінген. Бүгінгі күні салада шамамен 12 мың әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерді есепке алудың бірыңғай тізілімі құрылды. Біліктілікті тану жүйесі қосылды, одан 2 447 маман өтті. 8 кәсіптік стандарт бекітілді. Кадрдың біліктілігін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік беретін 6 арнайы оқыту модульдері әзірленді. Биыл аттестациядан өткен әлеуметтік қызметкерлер санын 5 мыңға дейін жеткіземіз. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп білім беру бағдарламалары жаңартылады. Әлеуметтік сала бағыты бойынша онлайн оқыту жүйесін енгізу жоспарлануда», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Оның айтуынша, инклюзивті жұмыспен қамтуды дамыту басты басымдық болады. Өткен жылы еңбекке қабілетті 413,7 мың мүгедектігі бар адамның 110,8 мыңы жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 25 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тартылды. Жұмыс орындарын квоталау шеңберінде 8 мыңнан аса адам жұмысқа орналасқан. Жұмыспен қамтылғанның басым бөлігі Ұлытау, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында байқалады. Жұмыспен қамтылғандар үлесінің төмен көрсеткішін Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарында көруге болады.

Министр мүгедектігі бар адамдар көп жұмыс істейтін кәсіпорындардан тұратын ТОП-10 үздік жұмыс берушіні тізіп өтті. Олар:

  1. «Самрук-Казына» АҚ
  2. KAZ Minerals
  3. Халықаралық қазақ-түрік университеті
  4. «Казцинк» ЖШС
  5. «Адал Еңбек» ЖШС
  6. «Kazakhmys» ЖШС
  7. «Азаматтарға арналған үкiмет» МК
  8. «ERG» ТКК
  9. «Qarmet» АҚ
  10. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС

Осындай кәсіпорындар – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі. Инклюзивті жұмыспен қамтуды қолдайтынын көрсетеді. Бұл тәжірибе – басқа жұмыс берушілерге мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа көбірек алу үшін үлгі.

«Жоспарланған шараларды атап өтуге рұқсат етіңіздер. Министрлік бірінші жартыжылдық біткенге дейін квоталарды орындау үшін ұйымдар тізбесін цифрлық есепке алу тәсілін әзірлейтін болады. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі енгізіледі. Бұл қызмет азаматтарды жұмыспен қамтығанға дейін проактивті сүйемелдейтін болады. Биылдан бастап 17 мыңға жуық мүгедектігі бар адамдарды квотамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2 есе көп», — деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік қорғау саласын трансформациялаудың кешенді жұмысы жалғасуда. Негізгі міндеті – фрагментті қызмет көрсетуден біртұтас модельге көшу. Көмек әр адамға жеке көрсетіліп, нақты қажеттілікке сай болады. Бірінші бағыт оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету механизмін жетілдіру. Қазіргі жүйе қайтарымсыз негізде құрылған. Құралдың нақты жай-күйін, оның тозуын және жөндеу мүмкіндігін толық ескермейді. Осыған байланысты жаңа механизм енгізілетін болады.

«Құралдарды жалға алу және қайтару шартымен қамтамасыз ету көзделген. Биылғы маусымнан бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында апробация басталады. Қайтарылған техникалық құралдар сараптамалық бағалаудан өтеді. Содан кейін, жөндеу, ауыстыру, қайта пайдалану, жалға беру не жою туралы шешім қабылданатын болады. Мысалы, мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралын ауыстыру мерзімі өткенде жүгінеді. Құрал пайдалануға жарамды деп танылған жағдайда құрылғы техникалық қызмет көрсетуден өтеді. Сосын қолдануға қайта беріледі. Ақаулар анықталған кезде - құрал қайта пайдалану үшін жөндеуге жіберіледі. Техникалық оңалту құралы жарамсыз деп танылғанда жойылуға жатады, ал өтініш берушіге жаңа құрал беріледі. Қолдануға қайта беру моделі қамтамасыз ету мерзімін қысқартады. Жергілікті жерде техникалық оңалту құралдарының қолжетімділігі артады. Осы жобаны екінші жартыжылдықтан бастап іске қосамыз», — деді ол.

Трансформацияның маңызды элементтерінің бірі – мүгедектікті сырттай-проактивті форматта белгілеуді дамыту. Бұл бағыт бойынша оң динамика байқалады: егер 2022 жылы сырттай-проактивті түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 22% болса, 2026 жылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 46% жетті.

Үшінші бағыт – мүгедектігі бар балаларды оңалтуды дамыту. «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, 4 аймақта – Абай, Павлодар, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жоба 508 баланы қамтыды. 361 баланың қозғалыс белсенділігі жақсарды. 23 бала өздігінен жүре бастады.

«Бар нәтижелерді ескере отырып бірінші жартыжылдықтың соңына дейін бұл жоба еліміздің тағы 4 аймағында кеңейтілетін болады Олар – Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе облыстары.

Төртінші бағыт шеңберінде ортез өндірісін іске қосу көзделген. Бұл деформацияларды түзетуге және тірек-қимыл аппаратының функцияларын қалпына келтіруге арналған техникалық құралдар. Сондай-ақ, цифрлық күнделік кеңейтіледі. Протездеудің заманауи технологиялары енгізіледі.

Инклюзивті саясатты тиімді жүзеге асыру адами капиталды дамытуға ықпал етеді. Өмір сүруді жақсартуға, мүгедектігі бар адамдар үшін тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Инклюзивті саясатты жүзеге асыру министрліктің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізіледі», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

#Жұмысқа орналастыру #Цифрландыру #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу