Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтау 35%-ға дейін өсті

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инклюзивті саясатты жүзеге асыру шаралары қаралды.

Жиында атқарылып жатқан жұмыстар туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, Астана қаласы мен Павлодар облысының әкімдері, сондай-ақ қоғамдық «Qamqor plus» мүгедектер бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндетәлиев баяндама жасады.

«Инклюзивті ортаны қалыптастыру мақсатында денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасында медициналық көмекке қолжетімділіктегі теңсіздікті азайту және сапасын арттыру, интеграцияланған тәсілді және цифрлық құралдарды енгізу жөніндегі шаралар қарастырылған. Қабылданып жатқан жүйелі шаралар мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, мүгедектік пен өлім-жітімді төмендетуге мүмкіндік береді.

Елімізде балалар арасындағы ақауларды ерте анықтау үшін скринингтің 6 түрі, оның ішінде 3-еуі перзентханаларда жүргізіледі. 2025 жылы қорытындысында балаларды сринингпен қамту 25%-ға артып 93%-ды құрады. Аудиологиялық скрининг нәтижесінде анықталған толық есту қабілеті жоқ барлық 523 балаға құны 6 жарым млн теңгені құрайтын есту импланттары орнатылды. Екі жыл бұрын мұндай операциялардың 80%-ы 3 жаста жасалса, қазір 2 жасқа дейін жасалады, бұл балардың ерте сөйлеу қабілетін қалыптастыруға және ерте  дамуына үлес қосады. Офтальмоскрининг нәтижесінде көздерінде ақау анықталып, операцияны қажет еткен барлық шала туған 721 нәрестелерге  уақытылы ем жүргізіліп, көру қабілеті сақталды», — деді Ақмарал Әлназарова.

Сондай-ақ, қабылданған шаралардың нәтижесінде жүкті әйелдерді скринингпен қамту 9%-ға, анықталу көрсеткіші 12%-ға өскен, ал туа біткен даму ақауларынан болатын мүгедектік деңгейі 7%-ға төмендеген.

Министрлік соңғы екі жылда педиатриялық қызметті күшейтуді ерекше назарда ұстап отыр. Өткен жылы емханаларда 372 даму және ерте араласу орталығы және 366 педиатриялық бөлімше ашылды, бұл бүгінгі таңдағы қажеттіліктің 80%-ын құрайды, жыл соңына дейін қалған облыстарда толық ашылмақ. Нәтижесінде педагогикалық түзетуге жіберілу 2 есеге өсіп, 85 мың бала қарқынды бақылауда.

Отбасы жағдайындағы медициналық-әлеуметтік тәуекелдерді анықтау үшін министрлікпен бірлесіп емхана деңгейінде көрсетілген прогрессивті патронаж моделі де өз тиімділігін көрсетуде. Дәлелі ретінде: өткен жылдың өзінде 95% 3 жасқа дейінгі балалар, яғни 1,3 млн бала патронажбен қамтылды. Нәтижесінде ведомствоаралық іс-қимыл 36%-ға күшейген, үйде болатын өлім-жітімнің 22%-ға және ауруханаға кеш жатқызылуы 5%-ға төмендеді.

«Балаларға медициналық оңалтудың қолжетімділігін арттыру бойынша да жұмыс жалғастырылуда. Облыстармен қатар аудандық жерлерде балаларға оңалту қызметтерін жақындату мақсатында соңғы екі жылда «Самұрық-Қазына» қоры арқылы 20 орталық,  оның ішінде 6-уы аудандарда ашылып, бүгінде 81 орталық жұмыс істеуде. Биыл тағы 11 аудандық орталықтың ашылу күтілуде. Бұл оңалтумен қамтуды 35%-ға арттыруға және 243 мың балаға оңалту көмегін көрсетуге мүмкіндік берді.

Халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған Заң аясында биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұған дейін МӘМС жүйесіне кірмеген 800 мыңна аса азамат сақтандыру мәртебесіне ие болды. Олардың 200 мыңға жуығы медициналық көмек алды», — деді денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ скринингтік бағдарламалар жаңғыртылуда: біріншіден жас шегі 70-тен 76 жасқа дейін ұлғайтылған; екіншіден онкологиялық скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлығына қолжетімді етілген; үшіншіден   инсультті ерте анықтау үшін жаңа скрининг енгізілген. Бұл қосымша 300 мың адамды қамтуға мүмкіндік берді. Скрининг қорытындысымен 320 мың адам динамикалық бақылауға алынды, бұл көрсеткіштің 10%-ға жақсарғанын көрсетеді.

Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау шамамен 35%-ға дейін өсті, тиімді зерттеулермен қамту 4%-дан 38%-ға дейін артты.

Қан айналымы жүйесінен болатын өлім-жітімді және мүгедектікті азайту үшін елімізде инсульт орталықтарының желісі қарқынды дамуда. Қазіргі уақытта заманауи жабдықталған 85 орталық қажеттілікті толық қамтиды.

Инфаркт кезінде уақыт жоғалтпай  «алтын сағат» қағидатын ұстануға мүмкіндік беретін 48 коронография орталықтары жұмыс жасауда. Осындай орталықтар Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық медицинаны жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында  32 ауданаралық аурухананың жанында да ашылуда. Жыл соңына дейін 11 инсульттік, 7 коронография орталық аудандарда ашылатын болады. 

«Еліміздегі ауруханалардағы 98 мың төсек орынның 12 мыңы тек оңалтуға арналған, бұл жалпы төсек қорының 13%-ын құрайды. Бүгінде оңалту төсектерінің қажеттілігі толығыменен жабылғанына қарамастан госпитализацияны күту мерзімдерін барынша азайтуға арналған жұмыстар жалғасуда. Осыған байланысты жыл басынан бері 421 төсек орыны қайта бейімделіп, жыл соңына дейін тағы 345 төсек орын ашылады. Оңарту қызметінің сапасын жақсарту мақсатында оңалту стандарттары жаңартылып, клиникаға қойылатын талаптар күшейтілді. Осы аталған шаралар мүгедектікке шалдығу жағдайларын азайтып, алдын алуға мүмкіндік береді. Аталған бағытта жұмыс жалғастырылатын болады», — деді ол.

#Денсаулық сақтау #Президенттің тапсырмасы #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу