Қазақстанда студенттер үшін бірегей академиялық орта құру мүмкін болды — Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Назарбаев Университеті» ДББҰ-да Шигео Катсудың оқу орнының президенті қызметінен кетуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. 

Әлихан Смайылов өз сөзінде осыдан 13 жыл бұрын қазақстандық студенттерді өз елінде әлемдік деңгейдегі сапалы біліммен қамтамасыз ету туралы Үкімет алдына қойылған міндеттің сәтті орындалғанын айтты. 

«Бүгінде Назарбаев Университеті Қазақстанның шын мәнінде мақтанышына айналды. Оның құрылымына бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша кадрлар дайындайтын 7 мектеп кіреді. Сонымен қатар 26 компанияны қамтитын инновациялық кластер құрылды. 270 ғылыми зертхана бар, оларда әлемдік стандартқа сай зерттеулер жүргізіліп, студенттердің жұмыстары үздік академиялық басылымдарда жарияланады», — деді Үкімет басшысы. 

Ол оқу орны 200-ден астам стартап-жобаны іске қосып, ғылыми өнертабысқа 125 патент алғанын айтты. Сонымен қатар оның базасында University Medical Center, Медицина мектебі мен Ұлттық зертхананы қамтитын озық медициналық кластер құрылды.  

«Университет Қазақстан үшін бірегей академиялық орта құра алды, онда студенттер өмірлік міндеттерді шығармашылықпен шеше отырып, сыни тұрғыдан ойлауға, алған білімдерін тиімді қолдануға үйренеді», — деді Әлихан Смайылов. 

 Сонымен қатар ол НУ-дың стратегиялық серіктестері шетелдік жетекші 10 университет пен ғылыми орталықтар екенін, олардың арасында Кембридж университеті, Дьюк университеті, Сингапур ұлттық университеті және басқалары бар екенін еске салды. Бұл ретте «Назарбаев Университеті» Азия университеттері альянсының негізін қалаушылардың бірі болып табылады.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Білім беру

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу