Қазақстанда су тасқыны кезеңіне дайындық қызу жүріп жатыр

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысын өткізді, онда орталық және жергілікті атқарушы органдардың су тасқыны кезеңіне дайындығы мәселелері қаралды.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов баяндама жасады.

«Қазгидрометтің» алдын ала берген ақпаратына сәйкес, наурыз айы қалыпты нормадан жылырақ болады деген болжам бар. Демек, қардың күрт еруінен бірқатар өңірлердегі жағдай күрделеніп кетуі мүмкін. 

«Әкімдіктер қар шығаруды, соның ішінде ауылдық елді мекендерді қардан тазарту, арықтарды, нөсер кәріздерін тазарту, уақытша бөгеттер салу жұмыстарының уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдайларға жергілікті бюджеттерде жеткілікті қаражат қарастыру қажет», — деді Ә. Смайылов.

Биыл су тасқынына қарсы атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде 340 елді мекенді су басу қаупі сейіліп, 385 елді мекенде тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда су тасуы ықтимал деп анықталған 1 010 елді мекеннің 285-інде қауіп сақталып отыр.

Елімізде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мәселелері әлі шешімін табар емес, сондай-ақ қараусыз қалған бөгеттер мен су қоймаларының иелерін анықтау жұмысы аяқталған жоқ.

Осыған байланысты Үкімет басшысы қараусыз қалған гидротехникалық құрылыстарды анықтау және оларды коммуналдық меншікке беру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарда шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Сонымен қатар қоймалардағы су қорының қауіпсіз көлемін белгілеп, оларды тұрақты бақылауға алу керек. Қажет болған жағдайда алдын ала қауіп болмайтындай етіп суды жіберіп отыру керек.

Қазақстанда республикалық желінің ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды, онда 1 313 көпір және 15 310 су өткізу құбыры бар. Олардың ішінде 278 қауіпті учаске, 84 көпір және 883 су өткізу құбыры су тасқыны қаупіне байланысты бақылауға алынды, оларға 700-ден астам жол-пайдалану техникасы бекітілген.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне жолдардың, көпірлердің, су өткізу құрылыстарының қажетті мөлшерде су өткізуге дайын болуына және инфрақұрылымның қауіпсіздігіне қатысты алдын алу шараларын уақытылы қабылдауды тапсырды.

Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды үйлестіруді және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. ҚР ЭГТРМ-мен бірлесіп, шекара маңындағы мемлекеттермен трансшекаралық өзендердегі жағдай және өзендердегі төтенше жағдай фактілері туралы тұрақты өзара ақпарат алмасуды ұйымдастыру қажет.

Сондай-ақ ТЖМ-ге өңірлердің әкімдерімен тиісті жедел штабтар құру, күштер мен құралдардың дайындығын, су тасқыны қаупі туындаған жағдайда халықты уақытылы хабардар етуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу