Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Омбудсмен институты енгізіледі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жаңа шаралар қаралды. Тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин баяндама жасап, ұсынылған түзетулер бойынша Қазақстанның Ұлттық тұтынушылар лигасының төрағасы Светлана Романовская түсініктеме берді.

«Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру аспектілерінің маңызын үнемі атап көрсетеді. Былтырғы қыркүйектегі Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында “Біз “азамат – бизнес – мемлекет” үштігі арасындағы қатынасты түбегейлі қайта құрамыз” делінді», — деді С. Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта осы үштіктегі тұтынушының жағдайы көп нәрсені қалайды, оған осы салада жүргізілген мониторинг қорытындылары көз жеткізіп отыр. 

Тұтынушылардың құқықтарын бұзушылықтар туралы өтініштердің саны жыл сайын 20%-ға өседі. 2022 жылы Сауда және интеграция министрлігінде 30,2 мыңнан астам өтініш қаралды. Осыған ұқсас жағдай өзге мемлекеттік органдарда да байқалуда. 2022 жылы 50 мыңға жуық өтініш келіп түсті.

Өтініштердің үлес салмағы бойынша көрсеткіштер мынадай: бөлшек сауда – 48%, тұрмыстық қызметтер – 19%, электронды сауда – 9%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 5,6%.

Қоғамдық тамақтану (288%), көлік қызметі (243%), медициналық қызмет (213%), медициналық қызмет (213%), байланыс қызметі (202%) салаларында өтініш саны әжептәуір өскен.

Бұл ретте тұтынушылар шағымдарының саны істердің нақты жай-күйін көрсетпейтінін түсіну қажет, өйткені құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған азаматтардың бәрі дерлік мемлекеттік органдарға жүгінбейді, бұл жүргізілген социологиялық зерттеулермен расталады.

Елімізде азаматтардың көбі медициналық қызмет (39,3%), байланыс қызметі (33,3%), қоғамдық көлік қызметі (30,7%) қоғамдық тамақтану (24,4%) салалары бойынша наразылық білдіреді.

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, өңірлерде тұтынушылардың құқықтары бұзылатын ең өзекті салалар анықталды. Осыған байланысты мемлекеттік органдар өздері реттейтін салалардағы азаматтардың наразылығының түпкі себептерін анықтауға талдау жүргізуі қажет.

Тұтынушылар өтініштерінің динамикасы құқық бұзушылықтың өсуі туралы ғана емес, сонымен қатар тұтыну мәдениетінің артуымен байланысты, оның ішінде нарық субъектілерінің сапасыз тауарлар мен қызметтерді ұсынатынын да көрсетеді.

Сауда және интеграция министрінің сөзінше, өткен жылы уәкілетті орган келіп түскен өтініштердің жалпы санынан 44,8%-ы бойынша консультациялық-құқықтық көмек көрсетті, 43,7%-ы бойынша оң шешімдер қабылданды, тұтынушыларға 786 млн теңге қайтарылды. Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік органдар өткен жылы бірқатар ұлттық стандартты әзірледі.

«Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жан-жақты және тиімді жүйесіне бағытталған заңнамаға түзетулер енгізу міндетін қойды. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі азаматтар мен бизнес мүдделері арасындағы теңгерімді табу міндетімен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін трансформациялауды бастады», — деді С. Жұманғарин. 

Әзірленген заң жобаларында келесі негізгі жаңалықтар қамтылған:

Біріншіден, осы саладағы Омбудсмен институтының енгізілуімен тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық институционалдық күшейту жүзеге асырылатын болады.

Екіншіден, тұтынушылардың шағымдарын қараудың бюрократиялық төрт сатылы алгоритмді екі сатылы алгоритмге жеңілдетілмек.

Үшіншіден, кәсіпкерлік субъектілерін тұтынушының заңды талаптарын ерікті түрде қанағаттандыруға ынталандыру мақсатында соттың шешімі бойынша тұтынушының пайдасына айыппұл түрінде азаматтық құқықтық жауапкершілікті енгізу.

Төртіншіден, коммуналдық, көлік, медициналық, туристік қызметтер, байланыс қызметтері және кәсіпкерлік субъектілері көрсететін өзге де қызметтер салаларына тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың базалық қағидаттарын тарату.

Бесіншіден, онлайн-сауда сегментіндегі заңнамалық олқылықтардың орнын толтыру және басқа новеллалар.

Министрдің сөзінше, айтылған түзетулердің нәтижесінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеуге азаматтардың қанағаттану деңгейі 2025 жылға қарай 80%-ға дейін жеткізілетін болады.

«Қорытындылай келе, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың заңнамалық базасын жетілдіру қоғамның өмір сүру сапасы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру мақсатын көздейтінін атап өтеміз», — деді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

#Сауда #Серік Жұманғарин #Үкімет отырысы #ӘМАТ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу