Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты жаңа заң жобаларын әзірлеу жоспарланған — М. Бекетаев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әділет министрі Марат Бекетаев Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының жобасы туралы баяндады.

Әділет министрлігі басшысының айтуынша, аталған жоспарға сәйкес 31 заң жобасын әзірлеу көзделген. Оның ішінде бірінші жартыжылдықта 11 заң жобасын, екінші жартыжылдықта 20 заң жобасын Парламентке енгізу қажет.

Жалпы алғанда, жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде қалыптастырылды.

«Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексін», «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобаларын әзірлеу Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайды. Бұдан өзге, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сәйкестікті бағалау және жылу энергетикасына қатысты жаңа заң жобаларын әзірлеу жоспарлануда», — деді М. Бекетаев.

«Құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес жоспар жобасы Мемлекет басшысымен келісуге жатады.

«Жоспар жобасын Президент Әкімшілігіне жіберу ұсынылады», — деп толықтырды әділет министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу