22 Қыркүйек 2026, 11:51
Республикалық жолдарда көлік оқиғалары осы жылы азайды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 10%-ға, қаза болғандар саны 14%-ға, зардап шеккендер 11%-ға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндады.
Министрдің мәліметінше апаттың негізгі себебі — жүргізушілердің ережені сақтамауы.
«Жол апатының негізгі факторларының 35%-ы – жылдамдықты асыру, 12%-ы – арақашықтықты сақтамау, 11%-ы – көлікті басқара алмау, 8%-ы – қарсы жолға шығу. Осы факторларды төмендету үшін жолдағы тәртіпті күшейту және жүргізушілердің дайындығын бақылауда ұстау керек», — деді Нұрлан Сауранбаев.
Көлік министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жол апатын болдырмау үшін бірқатар жұмыс жасауда.
Біріншіден. Жылдамдықты асыру – апаттың негізгі себебі. Орташа жылдамдыққа ерекше көңіл бөлінуде. Қазір бұл жоба 2,8 мың шақырым ақылы жолдарда жұмыс істеп тұр. Соның нәтижжесінде апат саны 10%-ға азайды. Бұл жобаны бүкіл республикалық және жергілікті жолдарға енгізуге кірістік.
Екіншіден. Техникалық байқау орталықтарының жауапкершілігі күшейді. Енді оларға жұмыс бастау үшін арнайы рұқсат алу керек. Айыппұл 30-дан 100 АЕК-ке дейін өсті. Техникалық байқауды тек қағаз жүзінде жасағандардың жұмысы 3 жылға дейін тоқтатылады. Осылайша, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін көліктерді пайдалануға жол берілмейді. Сонымен қатар жолаушылар тасымалы тәртіпке келтіріліп жатыр. Ішкі істер министрлігімен және Яндекс, inDrive-пен бірігіп, рөлі оң жақтағы 70 мыңға жуық көлік тасымалдау процесінен шығарылды.
Қауіпсіздікті одан әрі күшейту үшін келесі өзгерістер әзірленуде:
рөлі оң жақтан солға ауыстырылған көліктерді такси ретінде қолдануға тыйым салу;
тасымалға жауапты агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру.
Үшіншіден. Жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыру. Республикалық жолдардың 11 мың шақырымынан астамы I және II техникалық санатқа ауыстырылды. Нәтижесінде қарсы бағыттағы соқтығысу қаупі азайды.
«Транзиттік көліктер елді мекендерді айналып өтетін 65 жол салынды. Қарсы бағыттағы көлік ағындарын бөлу үшін 1,5 мың шақырым жолда реконструкция жұмыстары жүргізілуде», — деді министр.
Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – министрлік қызметінің басым міндеттерінің бірі және тұрақты бақылауда.
#Көлік #Логистика #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу