Қазақстанда ЖОО-ларды қаржыландырудың жаңа моделі мен эндаумент-қорлар жүйесі енгізілуде

Қазақстан мемлекеттік саясаттың өзегінде азаматтардың зияткерлік әлеуеті, олардың кәсіби құзыреттері, зерттеу мәдениеті және технологияларды қалыптастыру қабілеті айқындалатын даму моделіне көшуде. Бұл туралы Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Баяндама барысында министр жаңа Конституция елдің болашақ архитектурасында жастардың рөлін күшейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Референдумда қабылданған Ата заңымыз Қазақстанның жаңа даму моделіне көшуін бекітеді. Жаңа Конституция аясында мемлекеттік саясаттың өзегінде азаматтардың зияткерлік әлеуеті, олардың кәсіби құзыреттері, зерттеу мәдениеті және технологияларды қалыптастыру қабілеті айқындалады. Қазіргі таңда Қазақстан үшін бұл тарихи мүмкіндіктер терезесі.  Жаңа Конституция елдің болашақ архитектурасында жастардың рөлін күшейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Елдің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы: салыстырмалы талдау» атты әдістемелік құрал дайындады. Бұл құралды бүкіл республика бойынша Жалпыұлттық коалиция пайдаланды», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ведомство басшысының сөзінше жаңа Конституцияның нормалары ғылым мен білім беру мәселелері бойынша тиісті заңнамалық актілерге, сондай-ақ жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының мазмұнына енгізіледі. Жұмыс басталып, негіз ретінде аталған әдістемелік құрал алынды. Ұзақмерзімді перспективада бұл шара мемлекеттің дамуындағы және болашақ архитектурасын қалыптастырудағы өз рөлін сезінетін белсенді азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді.

Азаматтардың жоғары білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы жоғары білімді қаржыландырудың жаңа моделін кезең-кезеңімен енгізу туралы Заңға қол қойды. Мемлекеттік тапсырысты бөлу және орналастыру экономиканың қажеттіліктеріне шоғырландырылатын болады. Сондай-ақ келесі жылдан бастап жоғары оқу орындарын объективті индикаторлар мен көрсеткіштер негізінде бағалауды қарастыратын ЖОО-лардың ұлттық рейтингі енгізіледі.

Рейтинг нәтижелері кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жоғары оқу орындарын анықтау кезінде ескерілетін болады. 

Жоғары білімді қаржыландыруды әртараптандырудың тағы бір құралы – эндаумент-қорлар. 2025 жылғы 30 маусымда Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында Эндаумент-қорлар туралы заң қабылданды.

Заңды жүзеге асыру аясында 2026 жылғы 2 ақпанда жаңа заңнамалық модель бойынша Қазақстандағы алғашқы «Ғылым және білім эндаумент-қоры» мемлекеттік тіркеуден өтті. Ғылым саласында заңнаманы, ғылыми қызметті қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, ғылыми инфрақұрылымды дамыту және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 

Заң жобасы бірнеше негізгі бағытты қарастырады.

Бірінші – Ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіру. Ғылыми қызметті қаржыландыру тетіктері кеңейтіледі. Әңгіме халықаралық ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру, венчурлық қаржыландыруды дамыту, сондай-ақ тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау туралы болып отыр. Ғылым қорына тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге гранттар беру бойынша өкілеттіктер беріледі. Екінші – Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру. Ғылыми жобалардың құнын бағалау тетіктері енгізіледі және уәкілетті органның ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру, венчурлық қаржыландыру ережелерін әзірлеу бойынша өкілеттіктері бекітіледі. Үшінші – ғылымды қажет ететін аумақтарды дамыту. Ғылыми қалашықтардың құқықтық мәртебесі, осы мәртебені беру критерийлері, оларды дамыту стратегиясын әзірлеу тәртібі және басқарушы компаниялар арқылы басқару механизмі айқындалады. Төртінші – Ғалымдардың мәртебесін арттыру. Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәртебесі, олардың құқықтары мен академиялық еркіндік кепілдіктері бекітіледі. Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі туралы жеке тарау, сондай-ақ «жас ғалым» ұғымы енгізіледі. Бесінші – Ғылыми инфрақұрылымды дамыту және ғылымды цифрландыру. Алтыншы – Ұлттық ғылым академиясының рөлін күшейту. 

Ұлттық ғылым академиясы жоғары ғылыми ұйым ретінде бекітіледі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатарына енгізіледі.

«Өңірлік инновациялық жүйені дамыту. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инновациялық саясат Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына берілді. Бұл шешім инновациялар ғылым, университеттер мен зерттеу орталықтары негізінде қалыптасатын халықаралық тәжірибені көрсетеді. Үкіметтің келесі отырысында инновацияларды дамыту туралы пайымды егжей-тегжейлі таныстыратын боламын. Өңірлік инновациялық жүйелердің (ӨИЖ) жаңа моделі аясында жұмыстар жекелеген зерттеулерді қолдаудан технологиялық дамуды басқаруға көшуге бағытталатын болады. ӨИЖ-ді жүзеге асыру механизмі дәйекті циклді қамтиды. Нәтижесінде 2029 жылға қарай инновациялық қызметтің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 1%-ға дейін арттыруды қамтамасыз ететін басқарылатын инновациялық жүйе қалыптасады», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

#Президенттің тапсырмасы #ҒЖБМ #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу