Қазақстандағы барлық білім беру нысандары жаңа оқу жылына қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша тексерілді – ҚР ІІМ

Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім беру нысандары қауіпсіздік талаптары бойынша тексерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігі өз құзыреті аясында жаңа оқу жылына дайындық шараларын қабылдауда.

Министр білім беру нысандары қауіпсіздік талаптары бойынша толықтай тексерілгенін атап өтті. Жалпы, мекемелер тарапынан тиісті жұмыс жүргізілуде. Бүгінде ұйымдардың 100%-ы бейнебақылау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған. 

«Мектептің 93%-ының бейнекамералары Жедел басқару орталықтарына шығарылған. Бұл ретте, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыстары жеткіліксіз. Бұл өңірлерде мектептердің тек 70%-ы полицияға қосылған. Тексеру барысында 500-ге жуық кемшілктер анықталды. 174 басшы жауапкершілікке тартылды. Оқу-ағарту министрлігіне және әкімдіктерге – аталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою қажет», — деді Ержан Сәденов.

Білім беру нысандарының маңындағы жол инфрақұрылымы тексерілді. Мекемелердің 90%-ы талаптарға сәйкес келеді. Бірақ, мына өңірлерде бұл жұмысты қолға алу қажет: Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл облыстары. 

«Жалпы, ел бойынша 180-нен астам бағдаршам, 1 мыңға жуық жасанды жол кедергісі, 4 мыңнан астам жол белгісі, 13 мың метр жаяу жүргіншілер қоршауы және 1 150 сыртқы жарықтандыру құрылғысы орнатылу қажет. Әкімдіктерге бұл жұмысты тезірек аяқтау керек», — деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар ішкі істер министрі балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 15-ші тамыздан бастап «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіліп келе жатқанын баяндады. Оның аясында қиын өмірлік жағдайдағы балалармен жұмыс жүргізу, балалардың жарақаттанудан алдын алу, балаларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайын тексеру және басқа да шаралар қамтылады.

Жаңа «Профилактика туралы» заңмен білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктері көзделді. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері, оның ішінде буллингті және басқа да заңсыз әрекеттерді ерте анықтау тәсілдері бекітілді. Осы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін мектептерде тәлімгерлерді енгізу ұсынылады. Оның тиімділігі Жетісу облысында және шетелдік тәжірибемен де дәлелденді. Оқу-ағарту министрлігіне оларды енгізу жұмысын тездету ұсынылады. Өз кезегінде ІІМ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

#Балалардың құқығын қорғау #Білім беру #ҚР ІІМ

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу