Қазақстандық кәсіпорындар өңделген тауарлар экспортының көлемін арттыруда

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық өндірушілердің дайын тауар айналымы $39,4 млрд құрады, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға жоғары. Оның үштен бірін жалпы құны $12,1 млрд отандық шикізаттық емес тауарлардың экспорты құрады.

Негізінен экспортталатын өнімдер металлургия және химия өнеркәсібі, атап айтқанда, мыс және мыс катодтары, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш пен алюминий, ыстықтай прокатталған жалпақ бұйымдар, табиғи газ. Сонымен қатар шетелдік тұтынушылар да Қазақстанда өндірілген бидай ұнын, күнбағыс майын, минералды тыңайтқыштарды белсенді түрде сатып алуда. Оның ішінде 155,9 мың тонна күнбағыс майы экспортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,4%-ға артық. Жалпы былтырдан бері күнбағыс майын сыртқы нарыққа жеткізуді арттыру үрдісі байқалуда. 2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майының экспорты 3 есе өсіп, $346,4 млн құрады. Сонымен қатар өткен жылы отандық өндірушілер маргарин жеткізу көлемін 2,7 есеге арттырып, $88,8 млн-ға жеткізді. 

Экспорттық жеткізілімдердің ең көп көлемі Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға, Түркияға, алыс шет елдерден – Нидерланды, Ұлыбритания, Жапонияға жөнелтіледі. Биылғы жылдың алты айында қазақстандық дайын өнімді импорттаушы елдердің географиясы 114-тен 125-ке дейін кеңейді.

Отандық тауар өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуде. Бұл – сауда миссияларын ұйымдастыру, халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға, оқыту жобалары мен бағдарламаларына қатысу.

Осылайша, акселерация бағдарламасы қазақстандық компанияларға жаңа нарықтарды тиімді игеруге көмектеседі. Биыл бағдарламаға қатысу үшін тамақ, химия, тоқыма және қызмет көрсету салаларын экспорттайтын 111 кәсіпорын таңдалды. Сонымен қатар 2023 жылы IT-қызметтерді шетелге экспорттауға дайын қазақстандық компаниялардың саны едәуір өсті.

Тауарларды ілгерілетудің тағы бір өзекті құралы – халықаралық Alibaba.com электрондық сауда платформасы. Мемлекет отандық тауар өндірушілер мен сауда компанияларына өз өнімдерін осы алаңда сатуға мүмкіндік береді. 2023 жылы Қытайдың ең ірі В2В маркетплейсіне «Алтын жеткізуші» премиум мәртебесі бар 70 жеткізуші қол жеткізді. Alibaba платформасы арқылы сату көлемі бүгінде $300 млн-нан асады. 

Электрондық коммерцияның қарқынды дамуын ескере отырып, экспортқа бағытталған компанияларға арнайы мамыр айында В2С алаңы – JD.com ашылды. Оның негізінде қазақстандық тауарлардың Ұлттық павильоны құрылды. Отандық азық-түліктің бірінші партиясының бір апта ішінде сатылып кеткендігі сапалы азық-түлік тауарларына деген жоғары сұранысты және қазақстандық тамақ өнімдерінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Қазір жаңа жеткізушілерді іздеу және таңдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар кешені шикізаттық емес тауарлардың экспортын ұлғайтуға бағытталған.

Қолдау құралы ретінде экспорттаушы компанияларға сауда-экономикалық миссияларға қатысу мүмкіндіктері ұйымдастырылады. Мамыр айында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен қазақстандық бизнесмендердің Сиань қаласына (ҚХР) сауда миссиясы аясында Қазақстанның Сианьдағы Бас консулдығында отандық өнімдердің пилоттық шоурумын іске қосты. 

17-21 тамыз аралығында ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласында өткен «Қытай–Еуразия»: тауарлар және сауда» халықаралық көрмесіне 40-тан астам қазақстандық тауар өндіруші қатысты. Олар EXPO келушілеріне кондитерлік өнімдер мен макарон өнімдерін, джемдер мен мармеладтар, бал, балмұздақ, сусындар, тоқыма бұйымдарын, зергерлік бұйымдарды және басқа да өнімдерді ұсынды. Бұл ретте Қазақстанның ұлттық стенді өз тауарларын ұсынған 40 ел мен өңірдің арасында көрмедегі үздіктердің бірі атанды.

Қазақстандық делегация құрамындағы кәсіпкерлер шет елдердің мемлекеттік мекемелерін, сауда желілерін, қоймаларын, ұлттық компанияларын аралап, сатып алу қабілетін зерттеу үшін әлеуетті серіктестермен кездесті. 2023 жылдың 6 айында Вьетнам (Ханой қ.), Әзербайжан (Баку қ.), Иран (Тегеран қ.), Қытай (Сиань қ.), Өзбекстан (Ташкент қ.), Қырғызстан (Бішкек қ.) сияқты елдерге 6 бизнес-сапар ұйымдастырылып, өткізілді. Жыл соңына дейін жаңа өткізу нарықтарын іздеу және іскерлік байланыстар орнату үшін тауар өндірушілердің тағы 4 шетелдік сапары күтілуде.

10-12 қыркүйекте қазақстандық кәсіпкерлер Душанбедегі әлеуетті серіктестермен кезекті іскерлік келіссөздер жүргізді. Сауда-экономикалық миссияға машина жасау, тамақ, химия, өңдеу өнеркәсібінің 22 қазақстандық кәсіпорны қатысты. Бұл – Қазақстан мен Тәжікстанның іскер топтарының бір алаңдағы екінші кездесуі. Мамыр айында Астанада ірі Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумы өтті, онда жалпы құны $2,6 млрд-тан астам сомаға ынтымақтастық туралы 40 құжатқа қол қойылды.

Қазақстан мен Тәжікстан арасында экономиканың түрлі секторлары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықтың көптеген бағыттары бар. Еліміз Тәжікстанның ең ірі 3 сауда серіктестерінің қатарында. Соңғы уақытта Қазақстан автомобиль өнімдерін Тәжікстан нарығына сәтті экспорттап келеді. Атап айтқанда, Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында құрастырылатын JAC маркалы автомобильдер Душанбе таксопаркін құрайды. Тәжікстан Қазақстанда құрастырылған жалпы саны 200-ден астам автокөлікті импорттады.

Тамыз айының басында Астанада алғаш рет Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы өтті. Өзара ынтымақтастық орнату мақсатында Ауғанстаннан 200-ге жуық делегат келді. Елдер арасындағы сауда 2023 жылдың бес айында $233,3 млн құрады, оның 225,1 млн-ы қазақстандық экспортқа тиесілі. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы $1 млрд-қа ($987,9 млн) жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштерден екі есеге артты. Тауар айналымының 90%-ы қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі. 

Қазақстан үшін Ауғанстан ұн өткізудің негізгі нарығы: ұн экспортының жалпы көлемі 70% құрайды. Еліміздің Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, көлік жасау, жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша $500 млн-ға тауар жеткізуге экспорттық әлеуеті бар. 

Мемлекет шағын және орта бизнесті қолдау және отандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында жұмыстарды жалғастыруда.

#Халықаралық ынтымақтастық #Экспорт #ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу