Қазақстандық мамандар Аустралияның мал шаруашылығын дамытудағы озық әдістерін зерттеді

Аустралияның мал шаруашылығын жүргізудегі озық әдістерін зерттеу үшін қазақстандық делегация аталған елге сапар шекті. Оның құрамына аграрлық бизнес, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Түркістан, Қостанай, Алматы және Жетісу әкімдіктерінің басшылығы кірді. Делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарды.

Аустралия – жаһандық экспорттаушы: қой еті экспортының үлесі бойынша – бірінші орында, ал сиыр етінің экспорты бойынша – екінші орында. Оның 100-ге жуық өнім жеткізу нарығы бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Қазақстандық мамандар аустралиялық фермерлер мал шаруашылығы саласында осындай экономикалық табысқа қалай қол жеткізгенін анықтады.

Бірінші кездесу «Оңтүстік Аустралияның мал шаруашылығы» ірі салалық ұйымымен, MLA (Meat and Livestock Australia) тең құрылтайшысымен өтті, соңғысы Оңтүстік Аустралиядағы 3,5 мыңнан астам сиыр және қой етін өндіруші, сондай-ақ 6 мың қызыл ет пен жүн өндірушінің мүдделерін қорғайды. Ұйым ет және жүн өнеркәсібінің тұрақтылығы мен өнімділігін арттыру мақсатында жұмыс істейді, өндірушілердің мүдделерін қорғайды, оларды оқытумен айналысады, арнайы қорды басқарады. Қауымдастық өкілдері ұлттық және өңірлік деңгейдегі фермерлерді қолдау шаралары мен міндеттелген алымдар, жұмыс істеу әдістері туралы айтып берді. Биоқауіпсіздік пен малды бақылау – бірінші орындағы мәселе.

Қазақстандық мамандарды ауыл шаруашылығын жүргізудің озық әдістерімен таныстыру халықаралық оқу орталығында, Аделаида университетінің Roseworthy кампусында жалғасын тапты. Университет құрғақ климатта ауыл шаруашылығын жүргізуге маманданған. Roseworthy кампусы – Оңтүстік Аустралиядағы жануарлар мен ветеринарияны зерттеудің негізгі орталығы. 1,6 мың га аумақты алып жатыр. Онда студенттерге бірден практикалық тәжірибе алауға мүмкіндік беретін арнайы ферма бар.

Профессор Вейн Питчфорд қазақстандық фермерлер мен делегация мүшелеріне Аустралияда куыл шаруашылығын жүргізуге ғылыми көзқарас туралы айтып берді. Оның айтуынша, жауын-шашын картасы – қай штатта қандай дақыл мен мал түрін өсіру қажеттігін анықтайтын бірден-бір фактор. Ірі қара мал теңіз жағалауына жақын жерде өсіріліп, бордақыланады, ал қойлар құрғақ жерлерде, астық дақылдары су қажеттілігін қанағаттандыра алатын жерлерде өсіріледі.

Қазақстандық мамандарды мал өсіру және күтіп-бағу тәсілдері, жем-шөп рационы және т.б. көптеген мәселе қызықтырды. Атап айтқанда, эскпорты жақсы дамыған ел бола тұра, олар мал басын өсіруге асықпайды, себебі климаттың нашарлауын ескере отырып, жерді құнарынан айырғысы келмейді.

#Ауыл шаруашылығы #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу