Қазақстандық ЖЭО-лардың қоймаларында 4 млн тонна көмір және 85 мың тонна мазут жиналған

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа жылу беру маусымына дайындық мәселелері қаралды. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов пен индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов баяндама жасады.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов энергетикалық кәсіпорындардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, министрлік 79 электр станциясының 55-і бойынша техникалық аудит жүргізді. Келесі негізгі көрсеткіштер бойынша рейтинг қалыптастырылды: тозу, негізгі жабдықтың жарамдылық мерзімі, отын шығынының үлестік көрсеткіштері, персоналдың жинақталуы, пайдалы әсер коэффициенті, технологиялық бұзушылықтар және жөндеу бағдарламаларын орындау.

Көрсетілген критерийлерге сәйкес электр станциялары рейтинг бойынша бөлінген. Барлық ЖЭО бойынша Энергетика министрлігі күнделікті бақылап отыратын алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралар әзірленді. Барлық ЖЭО бойынша министрліктің басшылығы, оның ішінде министр, оның орынбасарлары, энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы және оның орынбасары жылу электр орталықтарының жылыту маусымына дайындық барысын, оның ішінде орынға жеке бару және проблемалық мәселелермен сол жерде танысу, содан кейін шешімді табу арқылы тұрақты негізде бақылауда ұстайды.

Жүйелік оператор бекіткен электр станцияларында жөндеу кестесіне сәйкес 2023 жылы 10 энергетикалық блокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 4 энергетикалық блокта, 24 қазандықта және 15 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізілуде. 3 энергетикалық блокта, 13 қазандықта және 11 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.

Электр желілерінде 2023 жылы жалпы ұзындығы шамамен 25,3 мың км электр желілерін, 567 қосалқы станцияны, 3,5 мың тарату пункті және трансформаторлық қосалқы станцияны күрделі жөндеу жоспарланған. 13 мың км электр желілері мен 364 қосалқы станция, 2070 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.

«ЭПК – Форфайт» ЖШС, Қостанай облысындағы «Межрегионэнерготранзит» ЖШС Солтүстік Қазақстан облысының «Солтүстік Қазақстан АЭК» АҚ-та жөндеу жұмыстары артта қалып жүргізілуде. 

Энергетика вице-министрінің айтуыша, қазіргі уақытта «Риддер жылу электр орталығы» АҚ-да мердігер ұйымдар барлық 6 қазандық бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың артта қалуына байланысты меншік иелері тарапынан әкімдік пен «Риддер жылу электр орталығы» АҚ арасында станцияда жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылды.

«6 қазандықты күрделі жөндеуге Үкімет резервінен 7,2 млрд теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстарын жеделдету қажет деп санаймыз. Екібастұз жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта 6 қазандықта жұмыс жүргізілуде. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді», — деді Жандос Нұрмағанбетов.

Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ есебінен жөнделеді. Сонымен қатар Ақсу қаласында жаңа қазандықты іске қосу мәселесін шешу қажет. Жезқазған жылу электр орталығында №4 қазандықты жөндеуді жеделдету, сондай-ақ энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмысының орындалуын қамтамасыз ету қажет.

Батыс аймақта резервтің болмауына байланысты «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС электр станциясында авариялық жөндеуге байланысты «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС 2 жылу электр орталығының №6 турбинасын жөндеуді басталған жоқ. Резервті қамтамасыз ету үшін жылу электр станциясының №2,3 энергия блогын авариялық жөндеуді жеделдету маңызды. Шахтинск жылу электр орталығында №3 қазандықты күрделі жөндеу артта қалып жүргізілуде. 10 жылдан астам уақыт бойы қазандықтар мен турбиналарға толық күрделі жөндеу жүргізілмеген.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның Петропавл 2 жылу электр орталығының жұмысын қалыпқа келтіру бойынша жол картасы асында №2 түтін құбырын жөндеу жұмыстары орындалды. №2 және 3 түтін құбырларын тексеру аяқталды, №1 түтін құбырларын бөлшектеу, бас ғимараттың ғимаратын қалпына келтіру, уақытша газ құбырларын салу жүргізілді. 10 қазандық агрегат және 7 турбоагрегат бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ 2023-2024 жж. жылыту кезеңін дайындау шеңберінде қазіргі уақытта станцияда 3 қазандық агрегатта жұмыс жүргізілуде, №1 түтін құбырының құрылысы жүргізілуде.

Степногорск жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында №3, 5, 6 үш қазандықтарды жөндеу көзделген. Энергетикалық кәсіпорынның меншік иесі күрделі жөндеуге 2 млрд теңге бөлді. Кентау жылу электр орталығының қазандықтарын кеңейтілген-ағымдағы жөндеу 2015 жылы, ал күрделі жөндеу тек 2012 жылы жүргізілген. Биыл екі қазандықты қайта жаңарту және төрт қазандықты ағымдағы жөндеу жоспарланған. Облыстық бюджеттен шамамен 3 млрд теңге бөлінді. Әкімдік барлық жоспарланған жөндеу жұмысының орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның 2 жылу электр орталығының №4 қазандығын жөндеуді аяқтау мерзімі қазан айының соңына дейін ұзартылады. №7 қазандық басым міндет болғандықтан, энергетика, вице-министрінің айтуынша, оны пайдалануға беруді жеделдету қажет.

2023-2024 жылдардағы жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет резервінен қаражат бөлінді:

Ақмола облысы бойынша Көкшетау қаласының 1 аудандық қазандығына, 2 аудандық қазандығына жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,0 млрд теңге бөлінді. 

Павлодар облысы бойынша Екібастұз қаласының жылу электр орталығының №11-15 ст. су жылыту қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізуге 7,4 млрд теңге бөлінді.

Маңғыстау облысы облысы бойынша «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС көздері үшін жабдықтар сатып алуға 4,9 млрд теңге бөлінді.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Риддер жылу электр орталығы» АҚ-ның негізгі ғимаратын, күл үйіндісі бөгетін, отын беру галереясын, аспирация жүйесін, 6 қазандық агрегатын күрделі жөндеуге 7,2 млрд теңге бөлінді.

«Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблемалық мәселе болып отыр. Энергия өндіруші ұйымдардың “ҚазТрансГаз-Аймақ” АҚ алдындағы берешегі 12 млрд 972 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың “Богатырь-Көмір” ЖШС алдында 6 млрд 923 млн теңге сомасында берешегі бар. Энергетикалық кәсіпорындар берешекті өтеуді жеделдетуі керек», — деді энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов. 

Оның айтуынша, жылыту маусымының сәтті өтуі үшін Энергетика министрлігі жылыту маусымына дайындықты, жылу көздерінде жөндеу жұмыстарын аяқтауды, отынның нормативтік қорын құруды, қызметкерлермен аварияға қарсы жаттығулар өткізуді бақылауды жалғастыратын болады.

«Энергетика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі жылу маусымына дайындық барысын бақылау жөніндегі жұмысты жалғастырады», — деді Ж. Нұрмағанбетов. 

Әрі қарай индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов тақырып бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, барлық өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Халықты және бюджеттік ұйымдарды көмірмен қамтамасыз ету мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі нақты орындау мерзімдерін көрсете отырып, қажеттілікті қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға жолдады», — деді І. Оспанов.

Индикаторлар барлық өңірге жеткізілді. Ағымдағы жылыту кезеңінің жоспарына сәйкес көмір өнімдерінің қажеттілігі шамамен 9 млн 100 мың тоннаны құрайды. Биылғы 7 ай ішінде 61 млн 700 мың тонна көмір өндірілді, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 3 млн 900 мыңға жуық тонна жөнелтілді.

Әлеуметтік көмірдің шетке кетуін болдырмау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан көмірді автомобиль көлігімен тасымалдауды шектеуге бағытталған алдын алу шараларын қабылдады. Бұдан бөлек көмір өндіруге келісім-шарттары бар көмір өндіруші кәсіпорындар мен олардың үлестес сауда компанияларына тасымалдау құқығын бере отырып, көмір экспортына айрықша құқықты белгілеу мәселесі пысықталуда.

«Жергілікті атқарушы органдар бақылаушы органдармен бірлесіп, жылыту маусымына дайындықты күшейтуге мүмкіндік беретін бірқатар іс-шараны пысықтауы қажет», — деді І. Оспанов.

Сонымен қатар бүгінгі таңда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылыту кезеңіне дайындау жұмыстары жүргізілуде. Білім беру нысандарының дайындығы 88%-ды құрайды. Дайындықтың төмен қарқыны Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында байқалады. Оқу жылының басталуына бір аптадан аз уақыт қалғанын ескерсек, осы өңірлерде жедел шаралар қабылдануы қажет, деді ол.

Денсаулық сақтау нысандары бойынша жағдай ұқсас, дайындық 88,6%-ды құрайды, яғни бүгінгі күні 5 661 нысанның 5 015-і дайын. Алматы, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында көрсеткіштер төмен.

Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары 37 555 үйде аяқталды, бұл жоспардың 75,1%-ы (барлығы – 50 021 үй). Маңғыстау, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында тұрғын үй дайындығының қарқыны төмен. Өңірлерде инженерлік инфрақұрылым бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Жалпы республика бойынша 593 шақырым жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жоспарланып, 382 шақырымы немесе жоспардың 64,4%-ы жөнделді. 4 өңір бойынша желілердің жөнделуі 50%-дан төмен орындалды. 10 өңірде жұмыстардың орындалуы – 50-75% аралығында. 6 өңірде жөндеу жұмыстары 75%-дан жоғары деңгейде орындалды», — деді Ілияс Оспанов.

Сонымен қатар автономды қазандықтар да алдағы жылыту маусымына дайындық кезеңінен өтеді. Биыл 13 мыңнан астам автономды қазандықтарды қысқа дайындау қажет. Жұмыстың 80,7%-ы орындалды, 11 мыңға жуық қазандық дайындалды. Басқа өңірлермен салыстырғанда жұмыстың төмен қарқыны Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында байқалады. Бұл ретте автономды қазандықтарды норматив талаптарын бұзып орналастыруының 120 фактісі тіркелгенін атап өту қажет: Қарағанды облысында – 72, Алматы облысында – 21, Ақмола облысында – 12, Қызылорда облысында – 11, Павлодар облысында – 2, Жамбыл облысында – 1 және Ұлытау облысында – 1. Құрылыс нормативтеріне сәйкес автономды қазандықтар ғимараттан қауіпсіз қашықтықта орнатылуы қажет.

«Биыл 133 шақырым жылу желілерін жаңартуға республикалық бюджеттен 109 млрд 500 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жұмыстар 55%-ға орындалды немесе 73 шақырым жылу желілері салынды. Бірқатар өңірде жөндеу жұмыстарының төмен қарқыны байқалатын проблемалық учаскелер бар», — деді Ілияс Оспанов. 

Маңғыстау облысы бойынша 2 жобаны іске асыруға 3,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда бір жоба бойынша 100 метр желі тартылды, екінші жоба бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Абай облысы бойынша жылу желілерін қайта жаңарту үшін 9 жобаны іске асыруға 19,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 40%-ы салынды. Бұл ретте төрт жоба бойынша жұмыстар тек 30%-ға ғана орындалды. Бұдан басқа Қызылорда облысында және Шымкент қаласында 2 жобаны іске асыру уәкілетті органдардың шешімімен тоқтатылды. Қазіргі уақытта жұмыс басталған жоқ.

Сондай-ақ сумен жабдықтау желілері бойынша 1,5 мың шақырымға жөндеу жоспарланған, оның ішінде 921 шақырым немесе 60,5%-ы жөнделді. Басқа аймақтармен салыстырғанда төмен орындау Маңғыстау облысында, Алматы қаласында және Қызылорда облысында байқалады.

Су бұру желілері бойынша 236 шақырымда жөндеу жоспарланған, оның ішінде 127 шақырымы немесе 53,8%-ы жөнделді. Түркістан және Жетісу облыстарында жөндеу жұмыстары мүлдем жоспарланбаған. Жұмыстың төмен қарқыны Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында сақталуда.

Алдағы жылыту маусымына уақытылы дайындалу мақсатында әкімдіктер келесідей шараларды қабылдауы қажет:

  • қыркүйек айының соңына дейін жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын аяқтауы керек;

  • 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етуі, 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры нысандарының дайындығын қамтамасыз етуі қажет;

  • тиісті талаптарды сақталмай орнатылған автономды қазандықтарды шығару бойынша жедел шаралар қабылдауы керек;

  • өңірлік операторларды олардың көмір разрездерінен көмірдің қажетті келісім-шарттық көлемдерінің болуы тұрғысына бақылауға алуы;

  • өңірлік операторлардың бизнес субъектілеріне әлеуметтік көмірді сатуына жол бермеуі;

  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Қазақстан темір жолы компаниясымен бірлесіп, шекара маңындағы елдерге әлеуметтік көмір экспортына жол бермеуді бақылауға алуы қажет.

«Сонымен қатар 7 тамыздан бастап Президент Әкімшілігімен бірлесіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін алдағы жылыту маусымына дайындау бойынша кешенді тексеру жүргізілуде. Жалпы осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тұрақты бақылауында болады», — деді Ілияс Оспанов.

Әрі қарай Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі бойынша баяндама жасады.

«Жылыту маусымын штаттық режимде өткізу үшін облыста барлық жөндеу науқанын уақытылы аяқтау бойынша кешенді шаралар атқарылуда. Жұмыстар басты екі бағыт бойынша жүргізілуде: жылу көздерін дайындау және жылу желілерін жөндеу», — деді өңір басшысы. 

Бірінші бағыт бойынша жоспарланған 40 жабдықтың 12-сінде жұмыстар толықтай аяқталды. 22 нысанда жұмысты 15 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген. Аталған барлық жөндеу жұмысы апатсыз және тұрақты жылыту маусымын қамтамасыз етуі тиіс.

Екінші бағыт бойынша қалаларда магистральдық және орамішілік желілерге гидравликалық сынақтар жүргізілді, анықталған барлық зақымның 84%-ы жойылды. Қалғаны 10 қыркүйекке дейін жөнделеді. Жылумен жабдықтау желілерінде жоспарланған 65 шақырымнан 55 шақырым немесе 85%-ы жөндеуден өтті. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.

«Облыстағы әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындық жұмыстары ауқымды жүргізілуде. Барлық әлеуметтік объекті осы айдың соңына дейін толығымен дайын болады. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды атқарылуда, күнделікті менің бақылауымда», — деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Одан кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев баяндама жасады. Оның айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» екінші ЖЭО-сында №1 қазандықты кеңейтілген ағымдағы жөндеу және №1 турбинаны ағымдағы жөндеу аяқталды. 2 қазандық пен 1 турбина жөндеуде. Өңір басшысының сөзінше, №4 қазандықты күрделі жөндеу бойынша кестеден артта қалудың себебі қосымша жұмыс көлеміне байланысты болып отыр.

«Осыған орай “АрселорМиттал Теміртау” тарапынан №4 қазандықты 30 қарашада бітіру жоспарланған, бұл тиімсіз болғандықтан, АМТ-мен қазандықты жөндеу мерзімін қысқарту бойынша жұмыс жасаудамыз. №5 қазандықты кеңейтілген ағымдағы жөндеу бойынша да қосымша жұмыс көлемі, атап айтқанда, коллекторларды тазарту және оларды номиналдық параметрге шығару қажеттігі қалыптасып отыр, жұмыстар 1 қазанда аяқталады. Мердігер тарапынан қосымша жұмыс күшін жұмылдыру бойынша міндеттеме алынып отыр», — деді Қарағанды облысының басшысы.

Жалпы екінші ЖЭО жылыту маусымына 4 қаөһхжэзандықпен және 3 турбинамен кіреді. Бұл сыртқы температура минус 10-15 градусты құрағанда, жылу параметрлерін 83-85 градус деңгейінде ұстауға мүмкіндік береді. Станциядағы жөндеу жұмыстары тұрақты бақылауда.

№7 қазандық құрылысы бойынша бүгінде күнде жұмыстар 85%-ға аяқталды. Жалпы бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Келесі жылдың бірінші тоқсанында іске қосылмақ. Артта қалудың негізгі себебі – «АрселорМиттал Теміртау» тарапынан материалдардың уақытында жеткізілмеуі.

Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, Шахтинск ЖЭО-сында бүгінде 3 қазандық пен 2 турбинада жөндеу жүргізілуде. №3 қазандықты жөндеу бойынша кестеден артта қалушылық қондырғыларды ұзақ мерзім жеткізуге байланысты орын алып отыр. Тамыз айының соңына дейін жеткізіледі. Жұмыстар кестеге сәйкес 10 қазанға дейін аяқталады. №1 және №4 қазандықтар бойынша тәуекел байқалмайды. Бүгінде станцияның дайындығы 60%-ды құрайды. Станция жылыту маусымына 2 қазандық және 2турбинамен кіреді. 

Әрі қарай Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады. Оның айтуынша, «МАЭК» ЖШС-нің негізгі энергетикалық жабдықтары 1960-1990 жылдары іске қосылған. Осыған байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін билыға 9,4 млрд теңге, оның ішінде МАЭК-тің инвестициялық бағдарламасы аясында 6,8 млрд теңге және Маңғыстау облысы әкімдігі резервінің қаражатынан 2,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Үкімет резервінен қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 4,9 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда негізгі қондырғыларды жеткізушілермен келісім-шарт жасақталды.

Өңір басшысының айтуынша, «МАЭК» ЖШС-де 28 306 тонна көлемінде мазуттың апаттық қоры бар. 2023 жылғы 19 тамыздағы жағдай бойынша №1 энергетикалық блок іске қосылды, сондай-ақ №3 энергетикалық блокты жөндеу жұмыстары аяқталды. № 1,2,3 энергетикалық блоктың әрқайсысының қуаты 150 МВт электр энергиясын өндіреді.

«Жылу желілеріне жөндеу жұмыстары бойынша облыс орталығының жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейінің жоғары болуы – өңірді жылумен жабдықтаудағы негізгі мәселелердің бірі», — деді Нұрлан Ноғаев.

Алдағы жылыту кезеңінің сапалы өтуін қамтамасыз ету үшін бірқатар бірінші кезектегі шара іске асырылуда. Атап айтқанда, Ақтау қаласының үш шағын ауданында 10,2 км жылумен жабдықтау желілерін қайта құрылымдау жұмыстары басталды. Республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді, игерілгені – 984 млн теңге. Нысан келесі жылға өтеді. Биыл орталық жылу бекетінің құрылысы және 4,3 км құбыр жүргізіледі. Бүгінгі таңда биылға құбыр өнімдерінің қажетті саны толығымен сатып алынды. Жоғарыда аталған іс-шаралар алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту кезеңіне әсер етпейді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Ақтау қ. 31а шағын ауданында ұзындығы 0,7 км құрайтын жылу желісін реконструкциялау жұмыстары басталды, республикалық бюджеттен 198,8 млн теңге бөлінді, игерілгені – 63,0 млн теңге. Қажетті құбыр сатып алуға тапсырыс беріліп, осы жылдың 25 тамызына дейін жеткізіледі. Бүгінгі таңда құбырға 150 метр траншей қазылды. Нысанды биылғы қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

#Жылумен жабдықтау #Энергетика #ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі #ҚР ЭМ #Үкімет отырысы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу