Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр Ресей Үкіметі Төрағасының орынбасары – өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары – өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен кездесу өткізді.

Кездесуде «Байқоңыр» кешенінің негізгі мәселелері талқыланды. «Бәйтерек» бірлескен ғарыш зымыраны кешенін құру жөніндегі жобаны іске асыру барысына ерекше назар аударылды. Тараптар жобаның бұрын қол жеткізілген уағдаластықтар мен жасалған келісімшарттарға сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. 

Кездесуде жобаны іске асыруды жалғастыру бойынша одан әрі бірлескен іс-қимылдар тәртібі келісілді. Онда қазақстандық тараптың «Бәйтерек» бірлескен ғарыш зымыраны кешенінің жерүсті инфрақұрылымын құруға және жаңғыртуға жауапты екені көрсетілген.

Сонымен қатар тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және Байқоңыр қаласын дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, ҚР азаматтарына Байқоңыр қаласына кіріп-шығуға рұқсат беру құжаттарын электронды түрде рәсімдеу мәселесі талқыланды. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «Байқоңыр» кешені инфрақұрылымының әлеуметтік-мәдени әлеуетін тиімді пайдалану және оны дамыту үшін өзара іс-қимыл жасауға келісті.

#Роман Скляр #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу