Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке барды

Шымкент қаласында Елбасы «Казмедприбор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысты. Бұл туралы Тұңғыш Президент - Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті медициналық құрал-жабдықтар, медициналық жиһаздар мен көліктер шығаратын кәсіпорында болды.

2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Казмедприбор» ЖШС 15 мыңнан астам медициналық құрал-жабдық, 120 мыңнан астам медициналық жиһаз бен 742 жедел жәрдем көлігін жасап шығарды. Кәсіпорын 2005 жылы құрылған.

Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов Елбасыға жеке инвестордың қаражатына салынатын 1000 орындық көпсалалы университеттік аурухана құрылысы туралы ақпарат берді. Жаңа медициналық мекемеде ана мен бала орталығы, хирургиялық, терапевтік орталықтар, сонымен қатар бір ауысымда 700 адамға қызмет көрсететін клиникалық-диагностикалық орталық жұмыс істейтін болады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы А. Есімов пандемия кезінде ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан денсаулық сақтау жүйесі мен отандық өндірушілерді қолдау үшін қабылданған шаралар туралы айтты. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа елорда мен Алматыда медициналық орталықтар салу жөніндегі тапсырманың орындалу барысы баяндалды.

А. Есімов Елбасына 3000 дана көлемінде «Авифавир» дәрісін сатып алу және коронавирусқа қарсы вакцина жеткізу бойынша жасалған келісім туралы мәлімет берді.

Анықтама:
Шығарылатын негізгі өнім түрлері: медициналық машиналар; өкпені жасанды жолмен тыныстандыратын аппараттар (турбиналық, неонаталдық, портативтік); пациенттерге арналған мониторлар; электрокардиография аппараты; зертханалық шкаф; функционалды кереуеттер және т.б.
Өндірістік қуат көлемі: медициналық құрал-жабдық – жылына 50 мың дана; медициналық жиһаз – жылына 150 мың дана; медициналық көлік – жылына 1000 дана. Сонымен қатар өнімнің жаңа түрлері – өкпені жасанды жолмен тыныстандыратын турбиналық аппарат, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатор, жаңа туған нәрестелерге арналған өкпені жасанды жолмен тыныстандыратын аппараттар шығарады. Қазақстандық қамту үлесі 51,2 пайыздан 98 пайызға дейін.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көне тарихи орындарының бірі болып табылатын «Шымкент ескі қалашығы» тарихи-мәдени мұра ескерткішіне барды.

Көне қалашықты аралап көру кезінде Елбасы археологиялық жұмыстардың нәтижелерімен және мәдени кешенді одан әрі дамыту жоспарларымен танысты.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, 2021 жылы кешен аумағында үш деңгейлі ортағасырлық мұражай мен 500 орындық амфитеатрдың құрылысы басталады.

Сондай-ақ шара аясында қала әкімі М.Әйтенов Шымкенттің туристік әлеуеті мен оның даму перспективалары туралы айтып берді.

Анықтама:
«Шымкент ескі қалашығы» – бұл Қазақстан Республикасының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген археологиялық нысан.
Жалпы қалашықта үш стратиграфиялық қазба жасалған. Қалашықтың мәдени қабаттары 14 метрді құрайды. Қалашықтың ең төменгі қабатында б.з.д. ІІІ ғ. соңы - б.з.д. ІІ ғ. басына тән керамика кешені бар. Ол Соғдының урбанизацияланған қоныстарына сәйкес келеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу