Қазақстанда инновацияларды дамытуда ғылым мен ЖОО-лардың рөлі артуда

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституцияда еліміздің даму болашағын айқындайтын аса маңызды стратегиялық бағдар ретінде бектілген инновацияларды дамыту мәселесі қаралды.

Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев институционалдық базаны қамтамасыз ету, ғылымға инвестиция тарту және отандық әзірлемелерді өндіріске енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» компанияларының басшылары, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері баяндама жасады. Өз кезегінде Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инновациялық қызмет Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берілгенін атап өтті.

«Осы тапсырманы орындау аясында министрлікке Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің 30 жекелеген міндеттері мен функцияларды орындау үшін 4 штат бірлігі мен «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі берілді. Бұл шешім инновациялар ғылым, университеттер және зерттеу орталықтары базасында қалыптасатын халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Алайда, инновациялар тек бір ведомство шеңберінде ғана емес, бүкіл мемлекеттік жүйе деңгейінде үйлестіруді талап ететін күрделі салааралық міндет екенін түсіну маңызды. Қазақстан Global Innovation Index рейтингінде 81-орында, ал Экономикалық күрделілік индексінде 55-орында тұр. Айта кету қажет, GII (Global Innovation Index) – 78 индикаторды қамтитын кешенді халықаралық индекс. Аталған рейтингтегі елдің орны – бір ғана ведомствоның қызметінің нәтижесі емес, инновациялық дамудың негізгі бағыттары бойынша 10-нан астам мемлекеттік органның үйлесімді жұмысының нәтижесі. Осыған байланысты бірыңғай үйлестіруші тетік ретінде Инновациялық штаб құру ұсынылады», — деді ол.

Министр өз баяндамасында бірқатар жүйелік мәселеге тоқталды, солардың бірі – инновациялық циклдің үзілуі. Мәселен, TRL 1–3 кезеңдерінде зерттеулер мемлекет тарапынан қолдау табады, ал TRL 7–9 кезеңдерінде бизнес жұмыс істейді, алайда аралық TRL 4–6 кезеңінде жобалардың едәуір бөлігі тоқтап, коммерцияландыруға жетпей қалып жатады. Осы мәселені шешу үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ТКЖ) грант беру атты жаңа құрал ұсынылып отыр. Тиісті түзетулер қазіргі уақытта Мәжілістің қарауында.

Сонымен қатар қосымша тежегіш фактор ретінде ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындардың төмен деңгейінің сақталып отырғаны айтылды. Іс жүзінде ол ЖІӨ-нің 0,16%-ын ғана, ал технологиялық дамыған елдерде бұл көрсеткіш бірнеше пайызды құрайды. Министрлік осы аталған жүйелік шектеулермен қатар, ғылым, технологиялар және инновациялар бойынша базалық экожүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізуде.

«Экожүйенің бірінші элементі – адами капитал. Біз индустриялық PhD бағдарламаларын, инженерлік білім берудің жаңа моделін және халықаралық ғылыми тағылымдамаларды дамытып жатырмыз. Сонымен қатар институционалдық орта күшейтілуде. Мәселен, Ғылым және технологиялық саясат туралы заң қабылданды, Ғылым академиясының рөлі күшейтілуде, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

Келесі маңызды элементтер – инфрақұрылым және қаржыландыру. Инфрақұрылым шеңберінде қазір 303 ғылыми зертхана, 62 коммерцияландыру орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар қаржылық мүмкіндіктер кеңейтілуде. Ғылымды қаржыландыруға өндірісті тарту үшін салықтық ынталандырулар енгізілді, арнайы жаңа заң қабылданып, жаңа модельмен эндаумент-қор құрылды, оған қазіргі таңда 2 млрд теңге тартылды, әрі қарай бір ғана компания Alageum Electric өз капиталынан кезең-кезеңімен 10 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл экожүйенің оқшау емес, Astana Hub және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен тығыз өзара іс-қимылда қалыптасып жатқаны ерекше маңызды.

Біз ғылымды, стартаптарды, технологиялық командаларды және даму инфрақұрылымын біріктіретін бірыңғай контурды қалыптастырып жатырмыз. Ішкі инфрақұрылымды қалыптастырумен қатар сыртқы әріптестіктерді де кеңейту маңызды. Осыған байланысты халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа жеке тоқталғым келеді», — деді министр.

Өз сөзінде ол бүгінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда екенін айтты. Олардың қатарында жаңа материалдарды жасап шығару, қоршаған ортаны мониторингтеу технологиялары, медициналық цифрлық шешімдер және басқа да бағыттар бар. Мысалы, Петропавл қаласында Аризона университетімен бірлескен 3 ғылыми жоба жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық ел ішіндегі қолданбалы міндеттерді шешумен толықтырылуы тиіс. Осы мақсатта бүгінде ғылыми-технологиялық сессиялар тетігі жүзеге асырылуда, оның аясында кәсіпорындар ғалымдар үшін нақты технологиялық міндеттерді қалыптастырады. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға бұл мәселелер кіргізіліп, қазіргі таңда бұл жұмысқа 500-ден астам ғалым қатысып, 200-ден астам технологиялық міндет қалыптастырылды. Бұл ретте бизнестің кемінде 30% көлемінде бірлесіп қаржыландыруы – міндетті шарт. Яғни, ірі өндірістік компаниялар енді екі жылдай ғылыми жобаларды қаржыландырады. Дәл осындай форматта ғылым мен өндіріс арасындағы нақты байланыс қалыптасады.

«Бұл тетіктің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін қосылған құн тізбегінің нақты мысалы – рафинадталған селен өндірісі арқылы көруге болады. Егер шикізаттың, яғни лас селеннің бағасы келісіне $5-7 болса, технологиялық өңдеуден кейін оның құны $300-ге және одан жоғары деңгейге дейін артуы мүмкін. Қазіргі таңда тазаланған селеннің келісі $180-ге жетті. Ал оны электроникада, медицинада және күн энергетикасында қолдану қосылған құнды бірнеше есе арттырады. Осындай қосылған құн тізбектерінің жүйелі түрде қалыптасуы үшін бір аумақта ғылым, технологиялар, өндіріс және бизнес тоғысатын орта қажет.

Біз DeepTech, яғни іргелі ғылымға негізделген стартаптарды, технологиялық бастамаларды  және күрделі өндірістерді дамытудың жүйелі моделіне көшеміз. Бұл механизм өңірлік форсайттарды жүргізуді, кәсіпорындардың проблемаларын анықтауды, перспективалы бағыттарды іздеуді, технологиялық міндеттерді қоюды, өнеркәсіптік үлгілерді жасауды және өндірістерді іске қосуды қамтиды. Негізгі қағидат – технологиялық тізбектерді тереңдету», — деді Саясат Нұрбек.

Келесі қадам – ғылымды қажет ететін аумақтарды қалыптастыру. Тиісті заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымынан өтті. Министрлік бұл міндетті ғылым қалашықтарын және ғылыми-технологиялық парктерді дамыту арқылы қарастырып отыр. Бұл модельдің мәні – жекелеген нысандарды емес, ғылыми идеяның технологияға, өндіріске және нарыққа дейінгі жолын жедел өтетін тұтас инновациялық аумақты қалыптастыру.

Өңірлік инновациялық жүйелер қалыптастырылатын болады. Министрдің айтуынша, халықаралық тәжірибеде мұндай тәсіл smart specialization арқылы, яғни ақылды мамандандыру арқылы жүзеге асырылады екен. Мысалы, Еуропа Одағында әрбір өңір өзінің тарихы, бәсекелік артықшылықтарына шоғырланады. Осы логиканы олар Қазақстанда өңірлік инновациялық мамандану арқылы қолдануды ұсынып отыр. Яғни әрбір өңірдің өз экономикасына, ғылыми базасына және экспорттық әлеуетіне негізделген нақты бағыты болуы тиіс. Мысалы: Солтүстік Қазақстан облысы – агробиотехнологиялар, Ақтөбе облысы – мұнай-химия және тағы да басқалар.

Жоғары деңгейде Ғылым және жоғары білім министрлігі мен салалық мемлекеттік органдар саясатты, басымдықтарды және қолдау құралдарын қалыптастырады. Ал өңірлік деңгейде жұмыс ұсыныстан емес, экономиканың сұранысынан құрылады. Бұл дегеніміз, ең алдымен кәсіпорындар мен өңірлер технологиялық сұраныстарды жасақтау. Одан кейін өңірлік ғылыми-техникалық кеңестер арқылы бұл сұраныстар ғылым үшін нақты міндеттерге айналдырылады. Бұдан соң жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар шешімдер әзірлейді, ал инновациялық инфрақұрылым аясында бұл шешімдер пысықталып, пилоттық жүзеге асырудан өтеді. Дәл осындай модель экономиканың қажеттілігінен бастап жаңа технологиялар мен өндірістерді құруға дейінгі толық тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта жұмыс қазірдің өзінде жоғары оқу орындарында қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Практикалық мысалдардың бірі – Қарағанды облысындағы Saginov Technical University. Университеттің мықты ғылыми-техникалық базасы бар. Қазіргі уақытта технологиялық полигон мен Дәнекерлеу институтын құру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа заң бойынша қосымша түрде жергілікті бюджеттен қаржыландыру тетігі пайда болды, соған сәйкес ҒЗТКЖ-ға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда. Бұл университет, өңір және бизнес бірлесіп жаңа технологиялық экожүйені қалай қалыптастыра алатынын көрсететін нақты мысал.

Тағы бір мысал – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Мұнда негізгі назар тау-кен металлургия кластеріне аударылған. «Казцинк» компаниясымен бірлесіп тау-кен жұмыстарын автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілуде, оның нәтижесінде тиімділік 15%-ға дейін артады деп күтілуде. Қазіргі уақытта анағұрлым тұтас, қолданбалы және экономикалық нәтижеге бағдарланған жаңа модель қалыптасуда. Оның негізінде TRL 4 те 6 кезеңіндегі тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау, бірыңғай инновациялық экожүйе, бизнес үшін салықтық ынталандырулар және өңірлердің белсенді рөлі жатыр. Негізінен, бұл идея мен ғылыми әзірлемеден бастап технологияға, өндіріске және нарыққа дейінгі жолды біртұтас жүйе ретінде құруды көздейтін үздіксіз инновациялық циклге көшу туралы болып отыр», — деді ол.

Осыған байланысты Қазақстанда инновацияларды одан әрі дамыту үшін қажет деп санайтын бірқатар практикалық шараларға көшуде. Олар:

Біріншіден, бірыңғай үйлестіруші тетік ретінде Инновациялық штаб қалыптастыру.

Екіншіден, инновацияларды дамыту Тұжырымдамасын әзірлеу, ол осы саладағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық көзқарасын айқындап, ұзақ мерзімді басымдықтарын бекітеді.

Үшіншіден, инновацияларды дамыту бойынша жауапкершілікті орталық және өңірлік мемлекеттік органдарға бекіту. 

Төртіншіден, 2026–2030 жылдарға арналған инновацияларды дамыту бойынша салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың KPI көрсеткіштерін ұлттық және өңірлік деңгейлерде нақты индикаторлар жүйесімен бекіту.

Бесіншіден, инновациялық қызметті қолдау құралдарын қаржыландыруды ұлғайту мәселесін пысықтау.

Осы салада қазіргі таңда қалыптасып жатқан негізгі инфрақұрылымдық, адами капитал ресурстары, жаңа заңнамалық база, ғылым және технологиялық саясат, эндаумент-қорлар туралы қабылданған заңдар нақты экожүйені қалыптастыру іргетасын бекітеді. Аталған шараларды жүзеге асыру министрліктің тұрақты бақылауында тұр.

#Инновациялар #ҒЖБМ #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу