Қ.Бишімбаев нағыз ұлттық чемпиондар атағына лайық жеті қазақстандық компанияны атап өтті
Қазақстандық жеті компания ұлттық чемпиондар атағына үміткер, деп мәлімдеді «Бәйтерек» холдингі басқармасының төрағасы Қуандық Бишімбаев тілшілерге берген сұхбатында.
«Бізде ұлттық чемпиондар тізімінде 28 компания бар, олардың арасынан жетеуін қазірдің өзінде чемпиондар деп атауға болады. Олардың сатулары ауқымды, экспорттарының көлемі зор, қаржылық және маркетингтік менеджменті дұрыс. Оларды дайын ұлттық чемпиондар деп есептейміз», - деді Қ.Бишімбаев басқарушы комитеттің «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – ұлттық чемпиондар» бағдарламасын талдау бойынша отырысы өткен соң.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда осы 28 компания аясында 170 млрд теңге сомаға жобалар бөлінген, олар келесі екі жыл бойы жүзеге асырылады.
«Бүгінгі таңда «Бәйтерек» холдингі осы компанияларға экспорттық несиелер, айналым капиталына несиелер түрінде 16 млрд. теңгеге қолдау көрсетті, бүгін өзіміз де естігендей, компаниялар бағдарламаның жұмыс жасай бастағанын сезді. Біз айтып өткен бастамаларды жүзеге асыру нәтижесінде өнеркәсіптің өңдеуші секторында қосымша 5 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Жобаларды іске асыру Қазақстанның шикізаттық емес нарығында экспорттың артуына ықпал етеді деп отырмыз», - деп толықтырды Қ.Бишімбаев.
Іріктелген 28 компанияның қатарына «RG Brands», «Eurasian Foods Corporation», «Агроөнім», «Баян Сұлу», «Масло-Дел», және басқа да компаниялар кіргенін айтып өткіміз келеді.
«Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – ұлттық чемпиондар» бағдарламасы ҚР Президентінің «Ұлттық чемпиондар» жобасын құру бойынша бастамасын жүзеге асыру аясында әзірленген.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз