KEGOC Үкіметке Ұлттық электр желісінің қызметінің негізгі қорытындылары мен даму жоспарларын таныстырды

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтің төрағалығымен «KEGOC» АҚ қызметі мәселелері бойынша кеңес өтті.

Оның барысында Мемлекет басшысының Ұлттық электр желісін дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық, сондай-ақ энергия жүйесін басқаруда цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындаудың ағымдағы қорытындылары қарастырылды.

2025 жылы KEGOC жөндеу науқанын жоспардан 18%-ға артығымен орындап аяқтады. Инвестициялық бағдарлама нақты 99,5 млрд теңгеге игерілді. 2026 жылы жалпы инвестиция көлемі 181,9 млрд теңге деңгейінде жоспарланған.

Қазіргі кезеңде KEGOC «Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» және «Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесімен біріктіру» жобаларын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша оларды іске асыру мерзімдері қысқартылды. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.

Жиында Ұлттық электр желісін 2035 жылға дейін дамыту бойынша перспективалы жобалар жеке қарастырылды, ол шамамен 7 мың шақырым жаңа электр беру желілерін салуды көздейді.

KEGOC цифрландыру және ЖИ қолдану аясында энергия жүйесінің жұмыс режимдерін және жаңартылатын энергия көздері өндірісін онлайн бақылау, болжау, деректерді талдау және өндірістік процестерді автоматтандыру жобаларын жүзеге асырып жатыр. Іске асырылған цифрлық және интеллектуалды шешімдердің жиынтық әсері 16,6 млрд теңгеден асты.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары алдағы күзгі-қысқы кезеңге сапалы дайындықты қамтамасыз ету, негізгі энергетикалық жобаларды іске асыру барысы мен мерзімдеріне бақылауды күшейту, сондай-ақ еліміздің энергетикалық кешенін жаңғыртуда нақты нәтижелерге қол жеткізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

#Президенттің тапсырмасы #Цифрландыру #Энергетика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу