Келесі жылы жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 400 жобаны іске асыру жоспарланған — Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг аясында Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар тарту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары туралы айтты.

Үкімет басшысы атап өткендей, республикада инвестиция тарту мәселелеріне басымдық беріліп отыр, өйткені бұл тікелей экономикалық дамуды ынталандырады.

«Өткен жылы біз $28 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартып, соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Аталған инвестициялар бірінші кезекте тау-кен металлургия кешеніне, өңдеу өнеркәсібіне, саудаға, көлік және қаржы секторына бағытталды», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қазірдің өзінде $13,5 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылғанын атап өтті.

«Қалай болғанда да, $27-28 млрд деңгейі – Қазақстан үшін соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Біз инвестициялар тартудың осындай жоғары серпінін сақтап қалуға ниеттіміз. Мемлекет басшысы алдымызға 2029 жылға дейін $150 млрд тікелей шетелдік инвестиция тарту міндетін қойып отыр», – деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, бұл үшін Үкімет деңгейінде де, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде де ауқымды кешенді жұмыстар жүргізілетін болады.

«Біз шикізаттық емес секторлардағы инвестициялық жобалар пулын қалыптастырдық. Қазір онда құны 32 трлн теңгені құрайтын 970 жоба бар. Келесі жылы құны 4,6 трлн теңге болатын 400 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз», — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #БАҚ #Брифинг #Инвестициялар #Экономика

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу