К.Мәсімов Астанада өткен ХВҚ Өңірлік конференциясына қатысты

Бүгін Астанада Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) Өңірлік конференциясы өтті. Оған Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ХВҚ басқарушы директоры Кристин Лагард, Орталық Азия елдері, Кавказ, Ресей және Белорустың экономикалық блоктарының басшылары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар өңірдегі ағымдағы экономикалық ахуал туралы пікір алмасып, қысқа мерзімді шоктарды еңсеру және орта мерзімді перспективадағы өсімге жәрдемдесу бойынша шараларды талқылады. Сондай-ақ ХВҚ тарапынан өңірге жәрдемдесудің мүмкін тәсілдері қозғалды.

Конференция жұмысын ашқан Кәрім Мәсімов ХВҚ Қазақстан үшін жай ғана институционалды серіктес қана емес екенін және солай болып қалатынын айтып өтті. «Бірнеше жылда біз ХВҚ сарапшыларымен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Біз олардың қолдауын жоғары бағалаймыз және құрметтейміз», - деді Премьер-Министр Қордың миссиясына қарата сөйлеген сөзінде.

Өз сөзін жалғастырған К.Мәсімов жаһандық қаржы дағдарысы басталғалы бері шамамен 10 жыл өткенін, бірақ әлемде әлі де ахуалдың нашарлау тәуекелдері мен жаһандық тұрақтылық қауіп-қатерлері сақталғанын еске салды.

«Дағдарыс көптеген елдерде бар. Нарығы қалыптасып келе жатқан елдер капиталдың жылыстауына тап болып, шикізат тауарларына бағалар қысқаруда. Қазақстанды қоса алғанда көптеген елдер көбіне шикізат тауарлары нарықтарындағы ахуалға тәуелді», - деп баса айтты К.Мәсімов.                             


Оның пікірінше, қаржы және экономикалық тұрақтылықты арттыру үшін құрылымдық және макроэкономикалық сипаттағы шұғыл шаралар қабылдау, сондай-ақ өңірдегі елдер арасындағы тығыз ынтымақтастық талап етіледі, бұл табысты іс-қимылдың маңызды шарты болып табылады. Экономикалық сын-қатерлерді жеңудің тиімді шаралары ретінде К.Мәсімов инфляциялық таргеттеу мен икемді айырбас бағамы негізінде жаңа бағам және ақша-несие саясатын жүзеге асыру бойынша Қазақстанның мысалын келтірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша К.Мәсімов пен К.Лагард БАҚ өкілдері үшін бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.

ХВҚ басшысы Қазақстанның ақша-несие саясатын қалыптастыруда пайдаланатын әдісін қолдайтынын айтты.

«Бұл расымен күрделі жағдай. Ел ақша-несие саясатындағы сапалы шаралар кешенін пайдалануға бел буды. Бұл шаралар дұрыс болды. Жалпы біз Қазақстанның ресми органдары пайдаланатын ақша-несие саясатын жүргізуге және өңірдегі барлық елдерге және әсіресе Қазақстанға қатысты елді өзгерген парадигмаға дайындайтын құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған тәсілді қолдаймыз», - деп баса айтты Кристин Лагард.

«Табиғи ресурстарды, табиғи байлықтарды қоғам игілігі үшін жұмсай білгені, сондай-ақ əртүрлі факторлар экономикалық өсімге ықпал ете алмайтын қолайсыз кезеңдерде резервтердің қалыптастырылғаны маған қатты əсер етті», - деді ХВҚ басқарушы директоры.

Өз кезегінде К.Мәсімов келіссөздер барысында Қазақстан Үкіметі мен ХВҚ миссиясы Мемлекет басшысы белгілеген бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша нақты қадамдарды талқылағанын айтып өтті.

«Қазақстан үшін бүгінде әлем экономикасының, атап айтқанда Қазақстанның алдында тұрған барлық сын-қатерлерден өтудің жалғыз мүмкіндігі – экономикалық реформаларды жалғастыру деп есептеймін. Оған қоса, біздің Мемлекет басшысы жақында реформаларды іске қосып, жүзеге асырмас бұрын оны халыққа түсіндіру қажет екенін айтқан болатын. Сондықтан, Үкіметтің алдында тұрған негізгі сын-қатер – ол реформаларды жүргізу және қатысушылармен, осы реформалар қатысты болатын компаниялармен, адамдармен нақты талқылау», - деп түйіндеді К.Мәсімов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу